ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев пен Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан жұмыс сапарымен Райымбек ауданына барды. Қос палата өкілдерін аспантаулар өңіріне Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев бастап келді.
Халық қалаулылары әуелі Қарасаздағы «QARASAZ – FOOD» ЖШС сүт зауытына атбасын бұрды. Депутаттарға кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан іргелі істер жайлы зауыттың атқарушы директоры Ерсін Ержан баяндап берді.
Ауылдың кіре берісінен ірге көтеріп, жұмысын бастағанына екі жылдың жүзі болған сүт зауытының бүгінгі уақыт талабын қанағаттандыруға мүмкіндігі зор. Қайнар, Қақпақ, Тұзкөл, Қарасаз ауылдары мен 5 шаруа қожалығынан сүт сатып алуды алғаш 2000 литрден бастаған кәсіпорын өнім көлемін бүгінде 10 000 литрге жеткізген. Зауыт ішіндегі заманауи қондырғылар арқылы әр күнгі жиналған сүттен тәулігіне 14 түрлі өнім дайындалады. Қаймақ, маңыз, сары май, құрт, айран, ірімшік, сүзбе, басқа да майлылығы жоғары табиғи сүт өнімдері зауыттың Алматы, Қонаев қалаларынан, ауданның әр ауылдарынан ашылған дүкендеріне шығарылып, шекті бір бағамен ғана халыққа ұсынылады. Мәселен, пастерленген сүттің 1 литрі сауда орындарында майлылығына қарай 500 теңгенің айналасында болса, зауыт дүкендерінде 280 теңгенің көлемінде. Күнделікті сұранысқа ие сүт өнімінің басқа түрлері де көңілге қонымды бағамен, тұтынушы талабына лайықты жауап беріп отырған жайы бар. Мұның өзі халықтың әл-ауқатын көтеруге айтарлықтай септігін тигізетіні анық. Тағы бір айтарлығы, зауыттың жұмысына осы ауылдың өзінен ер-әйелі болып, 15 адам жұмысқа тартылған. Айлық табыстары да бір отбасының күнкөрісін жақсарта алатын деңгейде. Жұмыс барысымен танысқан халық қалаулылары мен облыстық мәслихат төрағасы зауытта атқарылып, жүйесін тауып жатқан игі істерге қанықты. Кәсіпорын жұмысын алдағы уақытта бұдан да жоғары дәрежеде дамыту жөніндегі ұсыныс, пікірлерін айтып, сәттілік тіледі.
Қарасаз ауылында «СП-Нефть» компаниясы қолға алған өнер мектебінің құрылысы басталғанына көп бола қойған жоқ. Қазірге дейін жұмыстың 70 пайыздан астамы атқарылды деуге толық негіз бар. Сәтін салса, өнерге бейім жас буын алдағы жаңа оқу жылында заманауи үлгідегі өнер мектебінде сапалы білім нәрімен сусындайтын болады. Депутаттар аталған нысанның да жұмысына назар аударды. Жетістіктеріне қанағаттанып, көзге ұрып тұрған кемшіліктеріне қатысты құрылыс басшыларына ұсыныстарын айтты. Ескертулер жасап, бағыт-бағдар ұсынды.
Халық қалаулылары түстен кейін аудан орталығындағы «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жиын залында орманшылармен кездесті. Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашып, көпшілікті депутаттармен, ауданға келген сапарларының мақсат-міндеттерімен таныстырды. Алғашқы болып сөз алған сенатор Жанболат Жөргенбаев жоғары палатада қаралған республикадағы орман шаруашылығына қатысты қордаланған мәселелер мен қабылданған заңдар жайлы хабарлама жасады.
Орман – Отан байлығы. Осынау байлықты қорғауда орманшыларға артылатын жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Орманның ең қауіпті жауы – өрт. Бұл апаттың соңғы кездері еліміздің орманды алқаптарында жиі орын алғандығы, қазына байлығының ортаюымен ғана шектелмей, адамдарға да қасірет шектіргені жасырын емес. Оның басты себебі, орман шаруашылығындағы материалдық базаның жеткіліксіздігі мен табиғат байлығын уақытпен санаспай күзететін орманшылардың еңбекақыларының төмендігі екені анық. Бұл мәселе Сенат отырысында арнайы қаралып, кемшіліктерді жоюдың жолдары іздестірілген. Нәтижесінде орман шаруашылығына қатысты мәселелердің көпшілігінің оңтайлы шешілуіне жол ашылған. Нақты айтқанда, материалдық базасын нығайтуға, қуатты техникалармен, қаржымен толыққанды қамтамасыз етуге басымдық беру Заңның арнайы баптарымен бекітілген. Сөйтіп, биыл жыл басынан түрлі санаттағы орман қызметкерлерінің еңбекақылары 100 пайызға өсті. Сонымен қатар жұмыс істейтін аймақтарының жер жағдайына байланысты 25 пайыз үстеме ақы төлеу де лайықты шешімін тауып отыр.
Дегенмен, бұл істер әлі де жеткіліксіз. Өйткені, 25 пайыз үстемақы алуға келісімшартпен жұмыс істейтіндер жете алған жоқ. Сол сияқты орман шаруашылығындағы кеңсе қызметкерлерінің еңбекақылары да көтерілмей, бұрынғы күйінде қалғаны әділдік емес. Осынау өзекті мәселелер қазір Сенаттың қарауына қайта жіберіліп, талқылануда. Орман шаруашылығына қатысты мәселелерді осылайша тізбектеген сенатор жоғары палатаның қазанында қайнап жатқан мәселелердің көпшілігі аспантау өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсартуға тікелей қатысты екендігін де тілге тиек етті.
Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғап жатқан көлік жолының жайы да Жанболат Әкебайұлының сөзіне арқау болды. Ондаған жылға созылған жолдың жырына нүкте қойылу үшін биыл республикалық бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп отыр. Соның айқын көрінісіндей, орташа жөндеу жұмысы тікелей Нарынқолдың өзінен басталып кеткеніне жұртшылық куә.
Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан төменгі палатаның жұмысына байланысты мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Қол қойылған 100 Заңның халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты жақтарын тілге тиек етті. Орман шаруашылығы облыстық инспекциясының бастығы Нұркен Қонысбаев, «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбол Әлиев жайылым мәселесі, су жүйесі, туризм, патенттік төлемдер, қызметтердің уақытын ұзарту туралы нормативтік актілерге түзетулер енгізу, орман шаруашылығына қатысты бұдан басқа да қордаланған мәселелерді қос палата өкілдерінің назарына ұсынды.
Парламент палаталарының депутаттары бұдан кейін Нарынқолдан Текеске қарай бағыт алған 15 шақырымдық күре жолдың орташа жөндеу жұмысының жүргізілу барысымен танысты. Басталған күннен бүгінге дейін жасалған жолдың сапасына, техникалардың қуаттылығына назар аударды. Жол құрылысы басшыларының әңгімелеріне ден қойды. Жолға бөлінген қаражаттың ысырапсыз жұмсалуын, орынсыз шығынға жол бермеуді, күре жолдың жөндеу жұмыстары аудан тұрғындарының да, Республика Парламенті мен Үкіметтің де тұрақты назарында болатынын қатаң ескертті. Ел игілігі жолындағы істеріне сәттілік, еңбектеріне абыройлы жетістік тіледі.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы