Су шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай, Қонаев қаласында салтанатты жиын өтті. Кездесуге өңірдегі су шаруашылығы саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Аталған шарада облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізіп, сала үздіктерін марапаттады.
Салтанатты жиында сөз алған Алмас Сұлтанұлы су шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Өңірімізде жыл санап суармалы егіс алқабының көлемі ұлғайып келеді. Тиісінше, егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың да қатары артуда. Мемлекет басшысы суармалы жерлердің көлемін 2030 жылға дейін 3 млн гектарға ұлғайту міндетін қойды. Осы орайда, облысымызда «АлматыОблСуШар» мекемесі құрылған болатын. Сондай-ақ алдағы уақытта су ресурстарын және ирригациялық желілерді дамыту басқармасын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл саладағы біздің міндетіміз – аумағы 270 мың гектардан астам суармалы жерлерді тиімді басқару мен ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын суару желілерін одан әрі дамыту, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.
Шарада аталған саланың ардагерлері мен су шаруашылығы қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, ҚР Су ресурстары және ирригациялар министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Владимир Ким, Жеңісбек Бейсембаев, Қуатжан Әбдіқалықұлы сынды ардагерлерге ҚР су ресурстары және ирригациялар министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Ерзат Аcыл,
Қонаев қаласы