Аймаққа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен жүздесіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау, кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру және тағы басқа да мәселелерді талқылады. Содан кейін облыс активімен кездесу өткізді. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, облыстық мәслихат депутаттары, қала мен аудан әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Светлана Қабыкенқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жайын баяндады. Еңбек тәуекелдері, еңбек қатынастары мен қауіпсіздігі салаларында мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кәсіпорындардың цифрлық картасымен таныстырды. Сонымен бірге базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшерінің көбеюі, отбасының цифрлық картасын енгізу және жұмыспен қамту бағытында қолға алынған шаралар жайлы хабардар етті. Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі, көші-қон саясаты, еңбек нарығын дамыту, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы, ұзақ уақыт зиянды орында жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қорғау, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде сөз қозғады. Өңірдегі бірқатар өзекті мәселелердің түйінін тарқату жолын ұсынып, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға толымды жауап қайтарды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі журналистермен өткен баспасөз мәслихатында сапарының басты мақсаты – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалуы мен министрлік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайлы ақпарат беріп, жаңа цифрлық шешімдерді облыс әкімі мен сол жүйені іске асыратын қызметкерлерге көрсету және өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен танысу екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыста жұмыспен қамту, әлеуметтік саланы дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға өз бағасын берді. Дипломды жастардың меңгерген мамандығы бойынша жұмысқа орналаспай, өзге салаға кетіп қалуын азайту бағытында қолға алынып жатқан істер жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Келесі кезекте министр «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету» орталығының тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлермен дидарласты. Облыс әкімінің 2022 жылғы №383 қаулысының негізінде жұмыс істеп жатқан жабық мекемеде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге уақытты тиімді өткізулеріне барлық жағдай жасалған. 50 орынға есептелген бұл орталық ашылғаннан бері қиын өмірлік жағдайға тап болған 56 әйел, 256 бала қызмет алған. Орталық директоры Раушан Алпысбаева ғимаратты аралатып, көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырып шықты. Содан соң С.Жақыпова Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан «Қонаев қаласындағы күндізгі болу орталығы» мекемесіне аялдады. Мұнда 1,5-18 жас аралығындағы тірек-қимылы бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар балаларға жартылай стационар үлгісіндегі әлеуметтік бейімдеу, оңалту және түзету қызметтері көрсетіледі. Одан кейін мүгедектігі бар балаларға арналған «All Ability Camp» спорттық лагеріне барып, тынығушылардың жағдайын көрді. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен ашылған сауықтыру лагерінде еліміздің әр өңірінен келген психикалық және физикалық дамуында кедергісі бар 200-дей бала демалуда. Асан мен Зәуре Итеновалар «All Ability Camp» жазғы лагері жайлы мағлұмат берді.
Министрдің Қонаев қаласындағы кезекті атбасын бұрған нысаны – Маревен Фуд Тянь-Шань кәсіпорны. Бұл фабрикада негізінен еңбек қауіпсіздігі сөз болды. Еңбек және техника қауіпсіздігі инженері Мәдина Жолжанова қызметкерлер мен серіктестердің өмірі мен денсаулығын сақтау кәсіпорынның басты мақсаты екенін айтты. Сонымен қатар еңбек және техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Ибрагим Бақшанов өндіріс орнының тарихын, шығарылатын өнім түрлерін бейнеролик арқылы меймандардың назарына ұсынды. Сонымен бірге, жұмыс кезінде қауіпсіздік ережесі бұзылуы салдарынан еңбекке жарамсыз болып қалған қызметкерлер жайлы статистикалық деректерді алға тартты.
Өз кезегінде Светлана Жақыпова Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырғанын, осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын бекіткенін тілге тиек етті. Тұжырымдаманың жұмысшылардың жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы құқықбұзушылықтарды, зиянды әрі қауіпті жұмыс орындарының санын азайтуға септігін тигізетінін айта келе, онда көрсетілген талаптарға кеңінен тоқталды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы