«Соңғы хабарларды оқыған диктор – Бақытжан Атагелдиев!». Жетпісінші жылдардың басында «Қазақ радиосынан» күн сайын саңқылдап шығатын, таудың таза ауасындай осы бір тұнық дауыс аға буынның әлі есінде. Сол кезде оның жасы небәрі он тоғызда екен. Күллі тыңдарманның жүрегін жаулаған диктор бүгінде жетпістің төрінде. Саналы ғұмырын өнерге, сахнаға арнады. Алыптардың алдын көрді. Кеудесі шежіре-сырға толған қазыналы қарияны әңгімеге тартқан едік.
– Бақытжан аға, Нарынқол өңіріндегі Жамбыл ауылынан атақты үш актер шыққанын білеміз. Оның бірі – өзіңіз. Балалық шаққа саяхат жасай отырып, сол кезеңнің сағынышқа толы суреттерін еске түсіргенде ойыңызға қандай оқиғалар оралады?
– Менің туған жерім – Қарасаз. Аспантаулар өлкесіндегі аядай ғана елдімекен Мұқағали Мақатаевтың арқасында күллі Алаш жұртына танылғанын жақсы білесіздер. Бірінші сыныпты сол ауылда бітірдім. Одан кейін Қаратоғанда нағашыларымның қолында өстім. Елімізге белгілі актер Бауыржан Қаптағай екеуміз Жамбыл орта мектебінде бірге оқыдық. Бүгінгі таңда ол театр және кино өнерінің майталманына айналды. Әлі күнге дейін актерлықтан қол үзген жоқ. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Осының бәрі ерен еңбегінің нәтижесі. Дархан Дайырбек ініміз де аса талантты еді. Әттең, кемеліне келген шақта өмірден ерте озды.
Біз бала кезден өнер мен әдебиетке құштар болдық. Ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесіне айналдық. Өнер көгіндегі алдыңғы буын ағаларға еліктедік. Спектакльдерді шама-шарқымызша сахналадық. Жалындап өлең оқыдық. Музыкалық аспаптарда ойнадық. Сол сүйіспеншілік мені әдебиет әлеміне қарай жетеледі. Ақын, жазушы боламын деп қиялдадым. Кітаптарды жата-жастана оқыдым.
Қаратоғанда Сейсенбай Әлдібаев деген қария кітапхана ұстады. Атамыздың денсаулығы сыр беріп, жиі ауруханаға түсіп қалатын. Сондай кезде «Әй, Бақытжан, мен жоқта кітап іздеген адам болса өзің реттерсің», – деп маған сенім білдіріп, бір кілтін тастап кететін. Содан бастап, күні бүгінге дейін кітаптан қол үзіп көрген емеспін.
1971 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін, ару қала, арман қала Алматыға алып-ұшып жеттім. ҚазМУ-дың филология факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Алдыңғы үш емтиханнан ойдағыдай өтіп тұрып, шет тілге келгенде сүріндім. Олай болатын жөні де бар. Өйткені мен үш мектеп ауыстырғанмын. Соның әсерінен ағылшын, француз, неміс тілдерін там-тұмдап оқып, әліппесін толық меңгере алмадым. Келесі жылы ҚазМУ-ге барып, бағымды қайта сынадым. Тағы да жолым болмады. Көңіл-күйім түсіп кетті. Ауылға баруға зауқым жоқ. Не істерімді білмей, абдырап тұрғанда, академик Тұрсынбек Кәкішев ағамды кездестірдім. Ол кісінің емтиханынан бестік баға алғанмын. Мұңайған жүзімді көріп, ақыл-кеңесін айтты. «Сен бала, актерлыққа барсаң қайтеді? Дауысың ғажап екен», – деді. Ағаның бірауыз сөзі мені театр студиясына қарай жетеледі. Онсыз да өнерден құралақан емеспін. Ауылда жүріп сахна шеберлігіне біраз машықтанғанымыз рас. Соның бәрі емтиханнан ойдағыдай өтуіме себеп болды.
Ол кезде М.Әуезов театры қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратында орналасқан. Студияда Лакшин деген мықты педагогтің класына түстім. Атақты актер Сәбит Оразбаев сабақ берді. Сол жерде жүріп небір өнер майталмандарының көзін көрдік, ақылын тыңдадық, тәлімін алдық. Қазақтан шыққан тұңғыш Халық әртісі, киноактер Елубай Өмірзақов, кеудесіне Социалистік Еңбек Ерінің алтын медалі жарқыраған Серке Қожамқұлов, КСРО халық әртісі Сәбира Майқанова сияқты марқасқаларға жүгіріп жүріп қызмет көрсеттік. Ғажайып актер Әнуар Молдабеков туған ағамдай еді. Сол кісілердің күнделікті репетициясын көреміз. Шеберліктеріне тәнті боламыз. Кешкісін міндетті түрде спектакльге қатысамыз. Сабаққа таңғы сағат сегізде шығып, түнгі сағат ондарға таман жатақханаға бір-ақ оралатынбыз. Сөйтіп жүріп көп нәрсені көңілге түйдік.
Театр студиясының түлектері биыл маусым айында оқу бітіргендеріне 50 жыл толған кездесу кешін өткізді. Сахна қимылы, ритмика деген пәннен сабақ берген Веньямин Ким деген ұстазымыз Мәскеуден арнайы келді. Бәріміз өткен шақтың қызыққа толы сәттерін еске алып, мәре-сәре болдық. Студияда оқыған жылдар – өмірімнің ең бақытты кезеңі.
– Сіздің әкеңіз Жұмәділ Мұқағалимен құрдас әрі туыс екенін білеміз. Ақиық ақынның ақылын тыңдап, ғибратына бөленген сәттер аз болмаған шығар? Сол туралы кеңінен айтып берсеңіз. Өйткені ұлы ақынның ұлағаты оқырмандарды да қызықтырады деп ойлаймыз.
– Әкемнің жеті кластық білімі ғана болды. Ары қарай оқуға тұрмыс тауқыметі мұрсат бермеді. Туған ағасы «халық жауы» атанды. Артынан зар жылап, өрімдей балалары қалды. Сондықтан әкем оларға қолғабыс болу үшін еңбекке ерте араласты. Мұқағали, Әбдіке Асанов, Сыдық Ахметов, Тоқберген – бәрі құрдас. Сол кезеңдегі ұрпақтың бастан кешкен қиындықтарын Мұқағали аға өлеңдеріне арқау етті. Соғыс салған қасіретті айнытпай бейнелеген.
Ақын ағаны анық көргенім – 1969 жыл. Мен қатты ауырып, әкем қалаға ауруханаға алып келді. Алматыдағы Интернациональная мен Абай көшелерінің қиылысында тұратын Мұқағали ағаның үйіне келіп түстік. Лашын жеңгеміз балаларды алып жайлауға кетіпті. Тоқаш Бердияров екеуі бір табақ етті ортаға қойып, әңгімені соғып отыр екен.
Ертесі ауруханаға жаттым. Әкем ұжымшардағы жұмысынан үш күнге сұранып келген. «Алаңдамай үйіңе қайт, мен бармын ғой», – деді Мұқағали аға. Сол кезде ол кісі «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі екен. Жұмысының арасында маған келіп, халімді сұрап тұрды. Ауруханадан айығып шыққан соң таксиге отырғызып, ауылға аттандырды. Мені «Волганың» алдыңғы орнына жайғастырып: «Мына бала ауруханадан жаңа ғана шықты. Жайлы орнынан қозғамаңдар», – деп жүргізушіге нықтап тапсырғаны әлі есімде.
1971 жылы театр студиясына оқуға түскенде қуанышым қойныма сыймай, Мұқағали ағаның үйіне қоңырау шалдым. «Аға, театр студиясына қабылдандым. Сіздің өлеңіңіз сүйреп түсірді», – дедім шаттанып. Иә, шынымен де солай болды. Комиссия мүшелерінің алдында Мұқағали Мақатаевтың «Мен соғысты көргенім жоқ» деп басталатын өлеңін мәнерлеп оқып бергенім рас. Сол кезде ақын ағаның өлеңі жүректерді шымырлатты. Бәрі толқып отырып тыңдады.
«Сен одаққа кел. Мен сонда боламын», – деді ақын аға. Сол күні Мұқағали Мақатаев, Әбдірахман Асылбек, тағы бір жігіт бар, төртеуміз саябақта суретке түстік.
Сол фотоны кейін «Ұлан» газетінде қызмет істеген журналист інім Дүйсен Мүсірәліге бердім. Бір күні балдызым қоңырау шалады. «Аға, сіз «Қазақ әдебиетінде» жүрсіз ғой», – дейді. Тағы бірі «Парасат» журналынан көрдім деді. Содан бастап бұл сурет танымал болып, бүгінде тарихи жәдігерге айналды.
– Қарасаздан шыққан ағалардың жолы жастарды еліктірмей қоймады. Сіз де біраз уақыт ақындық мұраттың көкжиегіне көз тігіпсіз. Алайда Мұқағали ағаңыздың жанашырлық бір пікірі бұл ойыңызды өзгертіпті. Сол жайында не айтасыз?
– Мұқағали аға – менің жолымды айқындап берген ұстазым. Бала кезден ақын боламыз деп армандадық. Жазған ұйқастарымды таныс-тұныстарым мақтайды келіп. Жақсы сөзді кім жек көрсін?! Мақтаған сайын желпінесің. Енді менің жырларыма Мұқағали ағам қандай баға берер екен деп ақынның алдына барып, өлеңімді оқыдым. Ол кісі тыңдап болған соң: «Поэзия – аппақ дастарқан. Ақ дастарқанды былғамау керек қой», – деді. Бір сөзбен айтқанда, сенен ақын шықпайды, босқа тыраштанба дегенге келтірді. Содан бастап мен қолыма қалам алған емеспін. Есесіне сахнада ақындардың өлеңін шабыттана оқыдым.
– 70-ші жылдардың ортасында «қазақтың Левитаны» атанған даңқты диктор Әнуарбек Байжанбаевпен «Қазақ радиосында» әріптес болып, бірге қызмет істедіңіз. Әнуарбек ағаның болмысын қалай суреттейсіз? Сол жылдардағы қызықты сәттерді еске түсіріп көріңізші?
– Өкінішке қарай, мен театр студиясын денсаулығыма бола аяқтай алмадым. Ауылда жүргенде Мұқағали ағам «Советтік шекара» газетінің редакциясына қоңырау шалыпты. «Бақытжан Алматыға тез келсін. Радиода конкурс жүріп жатыр», – депті. Бұл 1973 жыл болатын. Ол кезде радионың дәурені жүріп тұрған кез. Әнуарбек Байжанбаевтың аты аңызға айналған. Бұл есімді білмейтін қазақ жоқ. Мұқағали ағаға хабарластым. «Ой, аға, Байжанбаев кім, мен кіммін? «Қазақ радиосына айта көрмеңіз», – деп ат тонымды ала қаштым. «Сөзді қой да, тез жет», – деді ақын аға. Қысқасы, келмесең сабаймын дегендей қалжыңға сүйеп айтты. Амал жоқ, айтқанын орындадым. Ақын аға маған бекер сенім артпапты. Жолым болып, Аманжан Еңсебаев екеуміз байқаудан сүрінбей өтіп, радионың қызметкеріне айналдық. Сол кезде алғаш рет Әнуарбек Байжанбаевпен таныстым. Қарапайым ғана, жалпақ сары кісі екен. «Мақатаев пен Ібітановтың ауылдасы екенсің. Екеуінің артынан ілескен сен де жаман бола қоймассың», – деді даңқты диктор жылы жымиып.
Радиода істегенде Әнуарбек ағаның жақсылығын көп көрдім. Лермонтов театрының түбінде қызының бір бөлмелі үйі бар екен. Қызы Жамбыл жаққа тұрмысқа шығып, баспанасы босап қалған екен. Сол пәтерде бір жарым жыл мен тұрдым. Ол кісі жақсылық жасауға асығып тұратын аңқылдаған ақкөңіл, аңғал азамат еді. Нағыз талант иесі.
Бір жылдан кейін Еркін Сапарбеков деген Қарасаздың тағы бір жігіті радиоға диктор болып орналасты. Сонда ғой Мұқағали аға: «Алақандай Қарасаздан үш диктор шықтық» деп балаша мәз болғаны.
Радиода Қатира Әзімбаевамен бірге хабар жүргіземін. Ол кісі – Құнанбайдың ұрпағы. Абайдың ағасы – Тәкежан. Қатира – Тәкежанның баласы Әзімбайдың немересі. Мінезі тік болатын. Екеуміз кешкі эфирге шығатын болдық. Ол кісінің түшкіре алмай қиналып отырғанын көрдім. «Мынаны иіскеп көріңізші», – деп ұнтақталған темекі жапырағын алдына тостым. Әлгіні иіскегені сол еді, апайым түшкіре жөнелді. Тіпті тоқтайтын түрі жоқ. Ақыр аяғы соңғы хабарға да шыға алмай қалды. Ертесі күні екеумізді басшылық шақырып, «Неге жалғыз дауыста оқыдыңдар» деп аяғымызды бір етікке тықты. «Мына иттің баласы темекі иіскесең жақсы боласың деп мені құртты», – деді ана кісі көзін алайтып. Сөйтіп, Қатира апамды түшкіртемін деп әбден ұрыс естігенім бар. Ол кезде жасым он тоғызда. Сол оқиға ұмытылмастай есімде қалыпты.
– Сіздің Нарынқол халық театрындағы өміріңіз өзінше бір төбе. Театрдың тарихынан сыр шерткенде, сахна саңлақтарына айналған аға-әпкелеріңіздің шеберліктері хақында толғамдарыңыз қандай? Халық театрында режиссер болу жауапкершілігі сізді қалай ширатты?
– Нарынқол театрын алғаш ұйымдастырып, оның тұңғыш режиссері болған – Мақай Нұрқасов. Ол кісі Алматыдағы театр институтында Асанәлі Әшімовтермен бірге оқыған. Асқар Тоқпановтың дәрісін тыңдаған. Мақай аға туралы Асанәлі Әшімов мемуарлық кітабында арнайы тоқталған екен. «Мақайдың арқасында біз Алматыда алаңсыз жүруші едік. Ол небір ұлттардың тентектерін тезге салды. Сол төбелесі үшін оқудан да шығып кетті. Нарынқолдың өнеріне үлкен еңбек сіңірген азамат еді», – деп курстасын сағынышпен еске алады. Қазір сол Мақай ағаның да есімі ұмытыла бастады. Ауданда бірде-бір өнер ордасы ол кісінің есімімен аталмайтыны жанға батады.
Театрдың концерт бөлімін Мәкен Әлиасқаров басқарды. Екі көзі көрмесе де, өнер ұжымымен гастрольде жүретін. Қайсарлықтың нағыз үлгісін көрсеткен жан. Нарынқолдағы музыка мектебінің ашылуына себепкер болды. Өнер ұжымының алғашқы музыканты – Ертіс Мұсақұлов. Еркін Ібітанов пен Алтынкүл жеңгем – театрдың тұңғыш әртістері. Файзолла Тоқтарбаев, Алдаберген Нұрбеков, Жанұзақ Құрманшиев, Әбдіғалым Наймантаев, Әбіш Мейірмановтар режиссерлік қызметтерді атқарды. Содан кейін ағалардың орнын мен бастым.
Өмірлік жарым Айшагүл Рысбековамен сонда таныстым. Ол да басты рөлдерде ойнады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Баянды, Аманжол Шәмкеновтің «Адасқан қаз» пьесасында Шәрбанды сомдады. Төлеген Мұратбеков деген талантты актер болды. Ережеп Әбділдаев домбыраның құлағында ойнайтын. Сұлушаш Нұрмағанбетованың әндері көрерменді тәнті етті. Ерлан Біләл да екі жыл біздің театрда жұмыс істеді. Айта берсек, Нарынқол халық театрының өнегесі жетіп артылады.
– Сіздер тұңғыш рет Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасын сахналаған екенсіздер. Бұл оқиға қалай болды? Соны өзіңіздің аузыңыздан тағы бір естісек дегіміз келеді.
– 1977 жылы Баққожа Мұқай «Иірім» атты алғашқы пьесасын біздің театрға алып келді. «Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейдісінен» инсценировка жасадым», – деді жазушы ағамыз. Пьесаның авторы ретінде бірінші Бердібек Соқпақбаевтың аты жазылған. Сол шығарманы сахналадық. Құлыбекті – Мелс Серғалиев, Майраны – Несіпхан Бектемірова, Еркінді – Кенжехан, Еркіннің жеңгесі Мақпалды – Айшагүл Рысбекова сомдады. Мен ол кезде 24 жастамын. Қыбырай деген шалды ойнадым.
Спектакльді Қаскелеңдегі сахнада қойып, Бердібек ағаны арнайы шақырдық. Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов үшеуі келді. Классик жазушы қойылымды көріп риза болды. «Бұл – менің емес, Баққожаның еңбегі. Менің Қыбырайым оңып тұрған емес еді. Сенің Қыбырайың нағыз сұмырай болды» деп күлгені әлі есімнен кетпейді.
– Дарынды ініңіз Асқар Наймантайдың арқасында тарап кеткен Нарынқол халық театры шаңырағын қайтадан көтерді. Оған қандай баға бересіз? Жерлестеріңізбен шығармашылық байланысыңыз бар ма?
– Асқар – қырқынан шықпай жатып сахнаға шыққан бала. Әке-шешесі – Әбдіғалым Наймантаев пен Рәпия Райжанова Нарынқол халық театрының белді әртістері еді. Өнер десе ішкен астарын жерге қоятын. Асқар да сол жолды таңдады. Бүкіл саналы ғұмырын театрға арнады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Ол тек Нарынқол халық театрын ғана жаңғыртқан жоқ, Қаракемер балалар театрын, Ұйғыр ауданынан «Қарадала» театрын ашты. Өшкенді жандырып, өлгенді тірілтті. Әттең, ол да арамыздан ерте кетті. Қолға алатын істері әлі де көп еді.
Қазір облыста оннан аса театр бар екен. Асыл азаматтың рухына тағзым ретінде жыл сайын өтетін өнер фестивалінде Асқар Наймантаев атындағы арнайы сыйлық тағайындалса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Бұл ұсынысымды мәдениет басқармасындағы азаматтарға да айттым.
Ал енді бүгінгі Нарынқол халық театрында талантты жастар аз емес. Өнер академиясын бітіріп келген мамандар қызмет етіп жүр. Ұрпақ тәрбиесінде халық театрының атқаратын міндеті зор. Баяғыда бұл өнер ұжымдары Мәдениет министрлігіне қарайтын. Солар қаржы бөлетін. Жалақы тағайындайтын. Жоспар бойынша жылына екі рет облысқа гас-
трольдік сапарға шығатынбыз. Сондықтан бүгінгі таңда да халық театрларын мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау керек.
– Қазір өзіңіз тұрып жатқан Шеңгелдінің мәдени мәселесі сізді қалай толғандырады? Бұрнағы жылы бата берудің республикалық байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болыпсыз. Сұхбаттың түйіні ретінде сондағы батаны тағы қайталасаңыз қалай болады?
– Мен Шеңгелдіге келгелі бері 30 жылға жуықтапты. Бұл ауылдан да небір мықты өнерпаздар шыққан. Үлкен Мәдениет үйі бар. Өтпелі кезеңде де жұмысын тоқтатпаған. Сол шақтарда талай Мәдениет үйінің тоз-тозы шығып, ат қораға айналғанын көзіміз көрді. Сол үшін өнер ордасын сақтап қалған азаматтарға мың алғыс.
Бүгінде жасымыз жетпіске келсе де, үйде құралақан отыра алмаймын. Кітапхана жағалаймын. Ауылдың мәдени өміріне араласамын. Ақсақалдар алқасының мүшесімін. Шараларда баяғыдай өлең оқимын. Зайыбым Айшагүл де – әжелер ансамблінің мүшесі. Биыл республика бойынша батагөйлер жарысында бірінші орын алдым. Мен бақытты адаммын. Алыптар өнегесі арманыма жол ашты. Тұлғалар тәлімі – үлкен мектеп. Сол өнегені жастардың бойына дарыту – біздің міндетіміз. Ал енді әңгімемді батамен түйіндейін.
Ырысымыз ортаймасын,
Берекеміз қашпасын,
Қасиетті жерімізді жау табаны
баспасын.
Ел басқарған азаматтар аспасын,
таспасын,
Халықтың байлығын оңды-солды
шашпасын.
Дастарқанымыз дәмге, қамбамыз
дәнге толсын,
Өрісіміз малға, құшағымыз жанға
толсын,
Ұлымыз миятты, қызымыз ұятты
болсын.
Келінімізді кесірден сақтап,
Алтын құрсақты ана болсын.
Уатсап, ютуб қуып жүрген енелер,
Бесік жырын айтып, немере-шөбере
бақсын.
Пейіліміз тарылмасын,
Есігіміз жабылмасын.
Қырықтың бірі – қызыр,
Төрімізден қонақ арылмасын!
– Әумин! Айтқаныңыз келсін, аға. Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан – Болат Мәжит