13 шілде – ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері күні. Осы салада талмай еңбек етіп, кезінде ҚР ҰҚК төрағасы болған, ҚР ҰҚК-нің Алматы облыстық департаментін басқарған генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовтің қауіпсіздік қызметіне сіңірген еңбегі зор. Осы айтулы мерекеге орай Жамбыл ауданының Саурық батыр ауылында дүниеге келген қазақтың дара перзенті жайында сөз қозғамақпыз. Оның еңбек жолы, адами биік қасиеті кейінгі жастарға үлгі болатыны сөзсіз.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген екен. Қазақ – әу бастан елі мен жерін көз алартқан дұшпандардан қызғыштай қорғаған жауынгер халық. Жауынгер халықтан баһадүр, дарабоз азаматтар шығып жатса, бұл – біз үшін қуаныш. Сол бабаларының батырлық жолын жалғаған Әділ – өз саласын, кәсібін қырағылықпен таңдаған азамат. Оның әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері, мал дәрігері Шаяхмет Ғайнанов болса, анасы Сонымбүбі Құданалиева «Алтын алқа» иегері, он бір баланы өмірге әкелген жан еді.
Ұлы Абайдың «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңінде: «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деген жолдар бар. Әділ де дәл осылай ауылдағы ата-анасының мейірімге толы, жылы, жұмсақ құшағынан ұзап, Алматыдағы қазіргі Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына (бұрынғы №2 эксперименттік мектеп-интернаты) қабылданады. Баласын сол кездегі еліміздің астанасына үміт арта жібергеніне қарағанда әкесі қайсар, білімге құштар ұлының кейін еліне қызмет ететін, тұтқа ұстар азамат болатынына сенімді болған-ау. «Әке – балаға сыншы» деген сөз бекер айтылмаған. Кейін Әділдің тұлға болып қалыптасуына негіз қалаған тәрбиеші Шәрбану Әнәпиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, тарихшы Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Сара Масина, Самат Әбдіразақов, Жәдігер Аманжолов, тағы басқа да адам жанының инженері атанған жандардың өлшеусіз еңбек сіңіргені анық.
«Ұстаз – ұлы тұлға» деп қадір тұтатынымыз жайдан-жай емес. Ал енді Әділдің шәкірт ретінде өзі оқыған білім шаңырағын, ондағы мұғалімдерді қалай құрметтейтініне куә болғанда таңғалдым әрі риза болдым. Мектепте кім оқымады? Барлық адам ұстаз алдынан өтті. Бірақ оларды еске алып, туған күндерінде кім құттықтап жатыр? Оны айтпағанның өзінде Әділдің ұстаздарын үйіне шақырып, дастарқан жайып, сый-құрмет көрсетуінің өзі қандай ғанибет! Олардың Сонымбүбі ананың қолынан дәм татып, Әділдей бала тәрбиелеген шаңыраққа ықыластарын білдіруі – бір әңгімеге арқау боларлық дүние.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Шаяхметов еңбек жолын тау-кен инженері болып бастады. Бойындағы батылдық, қайсарлық оны күш құрылымы саласына алып келеді. Осы жолда ол қатардағы лейтенанттан генерал-лейтенант шеніне дейін көтерілді. Сондай-ақ Әділ Шаяхметов 2002-2007 жылдары ҚР ҰҚК Павлодар, Алматы облыстарында департаменттің бастығы болды. Өңірлердегі заңға қайшы келетін іс-әрекеттердің жолын кесті. 2007 жылы ҚР Президентінің шешімімен Әділ Шаяхметов ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Осы лауазымына байланысты республикалық терроризмге қарсы орталығының басшысы болып бекітілді. Қоғам тыныштығын қамтамасыз етудегі қызметтің жүгі де батпандай екені белгілі.
Әділдің еңбекте ғана емес, өмірде жақсы қарым-қатынаста болған азаматтарды ерекше құрметтейтін қасиетін байқадым. Мерейлі сәттерінде ондай жандар әрдайым қасында. Тоқсаннан асқан, алғаш бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазы Шарбану апайдың ыстық лебізін тындадық. Ол қаншама істердің тиянағын келтірген. Мәселен, өзі демеуші болып, ҚР Генералдар кеңесінің басшылығының өтінішімен Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің қоладан құйылған мүсінін жасатып, Мәскеудегі «Тағзым тауындағы» мұражайға орнатуда азаматтық танытқан. Тағы ҚССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бірнеше генералдарының, офицерлерінің мерейтойларын ұйымдастыруға басшылық жасағаны үшін олардың айтқан ыстық лебізіне де куә болған сәттерім бар. Мұндай құрметті ұстаздары мен тәрбиешілеріне де көрсеткенін олар ұмытпайды. Бұл естеліктер Әділдің адамгершілік бейнесін айқындай түседі.
Не деген кең жүрек! Туған жеріне ту тіккен азаматтың елі үшін төккен терін айта берсең, бір мақалаға сыймайды. Саурық батыр ауылына Әділ жиі атбасын бұрады. Сондай сәттің бірінде: «Әпке ауылға келдім. Ауыл – алтын бесік. Ауасы қандай жұпар! Әкем мен анамның отырған орнын, аяғын басқан жерлеріне тәу етіп, күш жинаймын. Қимас жандардың көзін көрген қарияларға, аналарға сәлем бердім. Жыл өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Жиі келетінім сондықтан», – дегені бар.
Әрдайым баласының жолын тосып жүретін анасы бірде: «Әділжан, ауылға келетініңді ешкімге айтпашы. Тіпті өзіңмен сөйлесуге уақыт таппайтын болдық қой», – деген екен. Өйткені ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымындағы азаматтың жолын тосып, өтініш-тілектерін айтатын жандар аз емес еді. Ел қамын ойлайтын Әділ осылайша анасымен шүйіркелесіп отыруға уақыт таппайтын еді-ау.
Аптал азаматтың батыр бабаларға деген құрметі де ерекше. Ел басына күн туған Жоңғар шапқыншылығы кезінде, Абылай ханның тұсында даңқты батыр Құдайберді бидің басына Оңтүстік Қазақстан облысында құлпытас койып, кітап шығарды. Жазушылар үйінде кітаптың тұсаукесерін өткізіп, 300 жылдық мерейтойына ғылыми-тәжірибелік конференция өткізсе, Қоқан хандығына қарсы ұрыста ерлік көрсеткен Медетбек батырға Тау-Түргенде кесене, Қаракөтермеде ескерткіш орнатты, көпір салды. Сол жиындарға қатыстым. Жиналған дүйім жұрт азаматқа алғысын жаудырды.
Ақындар мен батырлар елі атанған ауданымызда Қарасай батыр, Сұраншы, Саурық, Қараш, Сәмен батырлардың еңселі ескерткіштері жастарға рух береді. Қарақыстаққа барар жолдың оң жағында Медетбек батырға тұрғызылған ескерткіш, тарихи тағылымды кітап – халқымыздың өткеніне деген құрмет екені даусыз.
«Ұстаз сөзі – шәкірт жүрегіне жол табуда теңдесі жоқ құрал» деп Сухомлинский айтпақшы, мектептегі, өмірдегі, қызметтегі ұстаздарының адамгершілік жайлы әр сөзін Әділ жүрегіне жаза берген-ау шамасы. Демек, айтқан ақылдарын құлағына құя білген. Оған ақынның өзіне арнаған мына шумағы дәл келіпті:
– Бойына қасиетті жиыпты бар,
Жанына жақсылардың құйыпты нәр.
Генерал боп жасаған қызметіңнен,
Ел деп соққан жүрегің биік тұрар.
Дұрыс берілген баға. Әділдің әлі күнге ұлы ұстазы саналатын ағасы бар. Ол – мемлекет және қоғам қайраткері, запастағы генерал-полковник, қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері Сәт Тоқпақбаев.
– Сонау алғашқы білісе бастаған кезімізде азаматтыққа тән албырттық пен адамгершілікті, білімдарлық пен парасатты, жігерлілік пен жасампаздықты жанына айнымас серік етіп келе жатқан Әділ Шаяхметұлы болмысындағы бағалы қасиеттерін күнделікті қайнаған тіршілікпен жалғастырып, мол тәжірибесімен ұлықтап, бүгінде есімі ел аузында жүретін қазақстандық танымал тұлға дәрежесіне жетті. Ойыма өткен шақтың естен кетпес көріністері оралды. Бұл 1999 жыл болатын. Өрлеу баспалдақтарынан тұратын еліміздегі әртүрлі қуатты құрылымдардағы басшылық қызметтерді атқарып жүрген мен ҚР Қорғаныс министрі лауазымында едім. Ол кезде армиядағы кадрлар жетіспеушілігі айқын сезілетін. Құрылымдағы мамандардың жеке қызметтік іс-қағаздарын арнайы сұраумен алдыртып, әрқайсысымен мұқият таныстым. Барлық ықыласыммен саралағанда таңдауым ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел техника департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіндегі полковник Әділ Шаяхметұлына түсті. Ол кезде Әділді танымайтынмын. Тек қызметін адал әрі тыңғылықты атқаратынын ғана білетінмін. Осылайша бұрынғы қызметінен ауысып, ҚР Қарулы күштерінің кадрлар және әскери жоғары білім беру департаментінің бастығы болып тағайындалды. Біздің тура сол кезден басталған тығыз қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін жалғастығын тауып келеді, – дейді ардагер ағамыз. Генерал-полковник ағамыздың пікірінше, Әділдің табиғаты – айналасындағыларды баурап әкететін құнды қасиеттерге бай. Бұл – көпті көрген, өз саласының «майын ішкен» ардақты ардагердің шын пейілінен шыққан сөз.
Шәкірттің бойындағы жақсы қасиеттері мен кемшіліктерін ұстаздан артық кім біледі? Сонау 1968 жылы Әділге білім берген Қаскелең ауданы Айдарлы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қанымкүл Жапарова былай деген еді. «Мен Әділдің бойынан биязылықты байқадым. Ол ерте есейгендей, өте ұстамды болды. Оның бұл қасиетке ие болуы өмірге деген берік көзқарасы мен дүниетанымының кеңдігінен деп білемін. Әділ мектепте өте жақсы оқыды. Үсті-басына ерекше қарайтын. Оның бұл ерекшелігі кейін әскери сала қызметкері болғанда да анық аңғарылды».
Жалпы, адамгершілік жайлы айтылған даналардың ұлағатты ұғымдары жеткілікті. Шәкәрім бабамыздың:
– Киім жолдас болмайды,
Жыртылады, тозады.
Көркің жолдас болмайды,
Қартаясың, солады.
Байлық жолдас болмайды,
Қол кірі ғой ол-дағы.
Сары алтындай салмақты,
Ақыл жолдас болады, – деген сөзі қиындыққа қайыспаған қайсар азамат Әділ Шаяхметұлына қаратып айтылғандай.
«Бір күнгі танысқа қырық күндік сәлем» дегенді үлкендерден естіп өстік. Сол кездің адамдарының пәлсапалары айна қатесіз келді. Әділді білген кезден байқағаным – көпшілдігі, адамдарға жақсылық жасауға асығып тұратыны, пенденің бетін қайтармауға тырысатыны. Бұл ретте мына бір жайды айтайын.
Әдеттегі күздің күрең бір күні болатын. Алатаудың етегіндегі әсем ғимарат «Хама Парк» мейрамханасында басқосу өтті. Онда өмірден өткен, ел құрметтеп, қадірлеген азаматты еске алып, оның ағайын-туыс, айналасына жасаған қамқорлығы мен еңбегі туралы айтылды. Бұл шараға ұйытқы болған да Әділ еді. Жоғарыда тоқталғанымдай, жүрегі кең, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеумен ерекшеленген Әділ жас кезінде өзіне ақылшы болған азаматтың рухына тағзым етуді мақсат тұтты.
Жиында қазақ деген ұлы халықтың бір азаматы, марқұм Хамит Рақышевтың өмірі мен еңбек жолы жайлы әңгіме өрбіді. Көп жыл онымен қызметтес болған, ағалық қамқорлығына бөленген, бірауыз жылы сөзін, ақыл-кеңесін естігендер де осы ортадан табылды. Жалпы, өткенге аса зор ілтипатпен, ізгілікпен көз жүгіртіп, асыл азамат жайлы пікір білдіру – тірілерге парыз. Оны түсіну мен түйсіну жақсы азаматтарға тән болғандықтан, Әділ Хамит Қошанұлының жары Балжан анамен ақылдасып, жақсы істі осылай қолға алды.
Өмірден мол тәжірибе жинап, тағдырдың сан тарау жолында адаспаған, адалдықтың туын көтере білген, тек еңбекпен есейген жан туралы жиналған қауым жақсы лебіздер айтты. Осы басқосуда Әділдің бастамасымен марқұм Хамит Рақышев жайлы «Хама-ғибрат» естелік кітабын шығару жайы сөз болды.
Әсем Алматының батысындағы аядай ғана Абай ауылы – атына заты сай елдімекен. Осы жерден түлеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, генералдар Аманкелді ІІІабдарбаев, Алик Шпекбаев және марқұмның көзін көрген Болатбек Бұлғақбаев, әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаев, басқа да азаматтардың айтуларынша Хамит Қошанұлы – елінің өркендеуіне саналы өмірін арнаған білікті азамат, іскер басшы, үлкен ұйымдастырушы. Есімі республика жұртшылығына жақсы таныс азаматтың адамгершілігі мен парасаттылығын, халқына, ұрпағына, ауылдастарына деген құрмет-қошеметін көрген жандар әсте ұмытпайды.
Хамит Қошанұлы көптеген ізгілікті, қайырымды істің басы-қасында болған. Соның бірі – Ботбай атадан тараған Сәмен батырдың рухын асқақтатып, жақсы істердің тиянағын келтіргені. Нәтижесінде Жамбыл ауданының Самсы ауылында батырға арнап еңселі ескерткіш орнатылды. Ботбай ұрпақтарының басын қосып, дүйім жұртқа ас беруге ықпал етті. Өзі бастап демеушілік жасап, батырдың туған жерінде, қоқандармен болған ұрыста ерлік көрсеткен жерлерде басқосулар өткізді. Ботбай бабаның басына ескерткіш белгі орнатуды да өзі ұйымдастырды.
Халқының қалаулысы, елінің елеулісіне айналған азаматқа риза болғанда көпшілік «Жақсының жақсылығын айт…» деген. «Тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, текті жердің өрені» деп таңдай қаққан. Осы күні Әділ ініміздің бастамасымен кітаптың алғашқы сызбасы, нұсқасы қолға алынатын болып түйінделген-ді. Міне, сол бастама нәтижесінде сиясы кеппеген «Хама-ғибрат» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Отандық озық нейрохирург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Серік Ақшолақовтың мына бір сөзі де қайран қалдырды.
– Адам баласы жанындағы жақсы азаматтарды көріп марқаяды емес пе?! Расында, жаныңда жүрген достарыңның ізгілікті ісін көргенде ерекше бір қуанышқа бөленеді екенсің. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары мемлекетке, халқымызға жасалып жатқан ортақ мүдде жолында жанқиярлық таныта білген жандардың жаныңда жүргені – мақтаныш! Мен сондай абзал жанның бірі туралы айтсам, ол – мемлекетке жоғары дәрежедегі атқарған мінсіз қызметі үшін қырыққа тарта орден-медальмен, жиырмаға жуық төсбелгімен, көптеген Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталып, елінің ақ батасын иеленген тұлғалы азамат, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлы.
Бірде біздің емдеу орталығына қатты ауырып, бір жас жігіт түсті. Мен онда Алматы қаласында жұмыс істеп жүргенмін. Оған күрделі ота жасау керек болды. Оның жанында ағасы науқастың асты-үстіне түсіп, жанын шүберекке түйіп, жүгіріп жүрді. Әрине, інісі үшін кім қысылтаяң сәтте бәйек болмайды дейсіз. Бірақ кез келген науқас біздерге, яғни дәрігерлерге ол сенің туысың, танысың болсын бәрібір, ең алдымен емделуші ретінде қабылданады. Десек те, бауырға деген асқан жанашырлықты мен сонда ерекше байқадым. Ол дәрігерлерден оза қимыл танытып, інісіне деген мейірімі арқылы айналасындағы бізді де баурап алды. Сол кезден біздің Әдекеңмен таныстығымыз басталды. Оның тағы бір айрықша қасиеті – ұйымдастырушылығы. Бізді спортпен тұрақты шұғылдануға жетеледі, өзі де теннисті жақсы ойнайды. Әйтеуір, Әділ өзінің кішіпейілдігімен, адамгершілігімен, ешкімді алаламайтындығымен, досқа деген шексіз адалдығымен бізді тәнті етті.
Кейде күйбең тіршілікпен жүріп, туған-туыстарымыздың қуанышын ұмыт қалдырып жатамыз. Ал Әділ достарының да мерейлі күнін атаусыз қалдырмауға тырысады. Әрқайсымыздың үйімізде той, басқосулар болатыны сөзсіз. Сол тойдың сәні де, мәні де жақын достарыңның көптеп келуімен артады. Мұны Әділ өте жақсы біледі. Тіпті жай туған күннің өзінде сол адамның қасынан табылғанды жақсы көреді. Жалғыз өзі емес, бәріміздің жақсылықты атап өтуге жиналуымызға мұрындық болады.
Бүгінде біз – отбасылық достармыз. Әдекеңнің қызы Әселдің ұзатылуында, одан кейін Петропавлдағы тойында да тума-туыстарымен, достарымен бірге болдық. Абай атамыз: «Адамның баласы бауырың… Досы көппен сыйлас» деп бекер айтпаған ғой. Өзінің осындай жақсы да жағымды қасиеттерінің арқасында Әділдің достары көп. Бір ғажабы, ол солардың бәрімен араласуға, әңгімелесуге, жай-күйін сұрауға уақыт табады.
Әділ досымның адамгершілігі, айналасындағыларға деген сый-құрметі, досқа деген адалдығы тамырын тереңге жайған отбасылық тәрбиеден бастау алады. Әділдіктің жаршысына айналған менің досымның бойынан Абай атамыз айтқандай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ерекше айқындалып тұрады», – деп шешіле сыр ақтарды досы.
Әділ қазақ тілін тереңдете оқытатын Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың түлегі екенін әрдайым дәлелдеп жүреді. Бұрынғы шәкірт, қазіргі генералдың демеушілігімен өзі білім алған мектеп-интернатқа ұлы Абайдың ескерткішін орнатып, оның ашылу салтанатына жан-жақтан мектеп түлектері келген сәт әсте ұмытылмайды.
Жастардың бойына елжандылық қасиетті қалыптастыру қашанда маңызды. Мектепте әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән беріліп, әр сабақ шынайылығымен ерекшеленуі тиіс. Содан да шығар, ұстаздар ұжымының ұйғарымымен мектептегі алғашқы әскери дайындық кабинеті мектеп түлегі, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметұлының есімімен аталған. Осы орайда шәкірттер батыр аталарымен жиі кездесу өткізіп, елжандылық рух, патриоттық тәрбие негіздерін бойларына сіңіруде.
Мектеп ұстаздары мен оқушылары Әділ Шаяхметовке арнап «Ұлы дала қыраны» атты кітап жазып, шығарды. Оны оқи отырып, білім алған мектебін, университетін, өмір жолында кездескен жандарды әсте ұмытпайтын және солардың мерейлерінің ортасында жүретін Әділдің ерекше қасиетіне тәнті боласың.
1963-66 жылдары Әділ Саурық батыр ауылындағы мектептің бастауыш сыныбында білім алған. Алғаш қалам ұстатқан бұл алтын ұяны да әсте естен шығарған емес. ҚР ҰҚК-нің Алматы облысы бойынша департаменті бастығы болып тұрған кезде оның ұсынысымен және қадағалауымен 2008 жылы ауыл мектебінің жаңа ғимараты бой көтерді. Ауылға жиналған зиялы қауым, сыйлы қонақтардың, мұғалімдер мен оқушылардың, ауыл, аудан азаматтарының қуаныштарын көріп, таңғалдым. Сол жылдары ол ауылының жолын жаңадан жасатты, газ құбырын тартуға ықпал етті, жаңа тұрғыдағы электр шамдарын орнатты. Тіпті жаңа мешіт салуды да ұйымдастырды. Осындай көрікті ауылды байқаған «Қазақстан» телеарнасының қызметкерлері 2022 жылы онда «Ынтымақ ауылы» атты көпсериялы кино түсірді. Оның да басы-қасында Әділ інім тыным таппай жүрді.
Әрине төккен тер, еселі еңбек ешқашан зая кетпеген. Әділ Шаяхметұлының мемлекеттен алған наградаларын тізсем, оның өзі бірнеше бетті алады. Генерал-лейтенант 6 орденмен, оның ішінде І, ІІ дәрежелі Даңқ, Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің «Алтын» орденімен, Ресейдің Ю.В.Андропов атындағы орденімен, елуден асқан медальдармен марапатталыпты. Бұдан басқа да төсбелгілері қаншама?! Көптеген жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры, бірнеше облыс, аудандардың Құрметті азаматы атанды. Айналасындағы адамдардан, туған-туысынан алған алғыс – мұның бәрінен де биік екені сөзсіз.
Бұл күнде ардақты азамат отбасындағы ұл-қыздарына қамқор әке, немерелерінің сүйікті атасы. Зайыбы Айсұлу екеуі – шаңырақтарын бақыт бағына айналдырған жандар.
Күмісжан Байжан,
жазушы, журналист,
ҚР Мәдениет қайраткері