Қонаев қалалық Мәдениет үйінде неміс халқының мәдени күндері өтті. Салтанатты шарада еліміздегі неміс мәдениетінің орны айқындалып, өңіріміздегі аталмыш этнос өкілдерінің атқарып жатқан жұмысы таныстырылды. Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гамзе Гейдаров неміс ұлтының құнды мұраларын тілге тиек етіп, озық мәдениеті туралы сөз қозғады.
Мерекелік шара кеш қонақтарын неміс халқының бай мәдени мұрасына саяхаттатып, әдебиеті мен дәстүрін кеңінен танытты. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған неміс халқының қолданбалы өнерін көрсететін шағын көрме де жиынның мәнін арттырып, танымдық стендтер сахна сәнін келтірді. Салтанатты шараға «Ренессанс» неміс этномәдени орталығы ұйытқы болды. 2008 жылы құрылып, содан бері аймақтағы неміс диаспорасы үшін маңызды мәдени және білім беру мекемесіне айналған орталық бүгінде биік межелерді бағындырған. Неміс тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау, сондай-ақ жастардың ана тілі мен тарихын үйренуіне ұйытқы болып келеді. Орталық жайлы оңды пікірін білдірген Гамзе Гейдаров олардың өзге этностардың этномәдени бірлестіктеріне жиі көмек көрсететінін де мақтанышпен жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Біз әртүрлі этностардың өкілі болуымыз мүмкін, бірақ бәріміздің Отанымыз – Қазақстан. Бүгінде неміс қоғамдастығы еліміздің мәдени-қоғамдық өміріне белсене атсалысып, этностар арасындағы бірлік пен татулықты насихаттауға үлес қосып келеді, – деп «Ренессанс» этномәдени орталығына Алғыс хат табыс етті.
Шара барысында ұйымдастырушылар қазақ жеріне алғашқы немістер 18 ғасырдың аяғында шығыс пен оңтүстікке Ресейдің ішкі көші-қон қозғалысына белсенді түрде қатысқан кезден бастап келгенін жеткізді. Ұлы Отан соғысы жылдарында олардың көпшілігі Кеңес Одағының әр өңірінен осында жер аударылған. Қазіргі таңда өңірімізде 14 мыңнан астам неміс ұлтының өкілі бар. «Ренессанс» облыстық этномәдени орталығының төрайымы Людмила Набокова немістердің Қазақстанда атамекенін тапқанын, тамырын үзбегенін, салт-дәстүрі мен тілін ұмытпайтынын баса айтып, орталық жұмысын таныстырды.
– «Ренессанс» неміс мәдениетін танымал етуге бағытталған көптеген іс-шараларды өткізеді. Олардың қатарында тіл курстары, мәдени кештер, түрлі байқаулар мен фестивальдар бар. Жастардың өз тамырын тереңірек танып, тарихи Отанымен байланысын сезінуге көмектесетін жастар жобаларына ерекше көңіл бөлінеді. Біз жыл сайын үйлері өртке оранғандарға көмек көрсетіп, мұқтаж жандарға жеміс-жидек себетін таратып, оларға қаражат жинау сияқты қайырымдылық шараларын өткіземіз. Осы орайдағы соңғы ауқымды жұмысымыз су тасқынынан зардап шеккен солтүстік аймақтарды қолдауға бағытталғанда көрініс тапты, – деп атап өтті.
Орталық неміс ұйымдарымен және мекемелерімен белсенді ынтымақтасады, бұл мәдени-ағартушылық көкжиектерді кеңейтуге және Қазақстан мен Германия арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Шара соңында ұйымдастырушылар флешмоб билеп, қатысушыларға дәстүрлі Берлин полькасының негізгі қадамдарын үйретті. Сондай-ақ кеш қонақтарына «Ренессанс» немістер қоғамдық бірлестігінің атынан естелік тақта табысталып, ауқымды ақпаратты қамтитын кітапшалар мен газеттер сыйға тартылды.
Құралбек Сәбитов