Биыл Қонаев қаласында 12 түлек шетелдік грант ұтып алды. Ал білім сапасы 65,7 пайызды құраған, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Биыл түлектердің саны 443-ті құрап отыр, оның ішінде «Алтын белгі» иеленгендері – 44, ҰБТ тапсырғандар – 398.
Білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаеваның сөзінше, шетелге оқуға түскен түлектердің саны – 12. Бірақ, бұл – соңғы көрсеткіш емес. Шекара сыртындағы университеттерден жауап күтіп отырған оқушылар жетерлік.
Тіпті, екі шетелдік оқу орнының грантын ұтып алған да бар. Ол – №3 орта мектептің оқушысы Ақнұр Бақыт.
«Бала кезімнен Қазақстаннан сырт жатқан елдерді көргім келді. Соған талпындым. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея мен Түркия елдеріндегі ЖОО-ға менеджмент мамандығына грант ұтып алдым. Дайындықты 9-сыныптан бастадым, түрлі курстарға бардым, мұғалімдерім қолдау көрсетті, кейіннен IELTS тапсырдым. Университеттердің қажетті талаптарын орындадым, шетелдік оқытушылармен сұхбат құрдым. Солай өтіп кеттім», – дейді Ақнұр.
Оқушы Қазақстанда менеджмент саласын дамытуға үлес қосқысы келетінін де атап өтті. Ол үшін өзінің бойындағы лидерлік қасиеттерді дамытқан.
Екінші кейіпкер – Анель Асқарова. Ол бауырлас ел – Түркияда журналистика мамандығын меңгергісі келеді. Оған Анкарадағы ЖОО-дан грант иеленгені жайлы жауап келген.
«Менің әпкем шет мемлекетте білім алып келді. Түркиядағы оқу ошақтарына құжат тапсыруыма сол себепші болды. Бұл елді таңдаған себебім – менталитеті бізге ұқсас. Тез үйренісіп кетемін деген ойдамын. Полиглотпын, үш тілді жетік меңгергенмін. Қазақстанның түлектері сырт жақта оқи алуға мүмкіндіктер өте көп. Оны қалт жіберуге болмайды. Мектепте алған білімді жетілдіріп, даму – өз қолымызда», – деді орта мектеп-гимназияның түлегі.
Аталғандардан басқа, Қонаевтың түлектері Чехия, Малайзия, Грекия, Ресей секілді елдерге грант ұтып алған.