Талай жылдан бері он шақты ауыл халқын сергелдеңге түсірген кәріз суының салдарынан ауаға жайылған жағымсыз иіске қатысты мәселесінің түйіні әлі де шешімін табар емес. Осы орайда ашынған ауыл тұрғындарының сұрауымен, «Respublica» партиясының ұйымдастыруымен Іле ауданына қарасты Н.Тілендиев ауылында ауқымды жиын өтті. Мәселені жан-жақты талқылауға жауапты министрлік өкілдері, Мәжіліс депутаттары, облыс әкімдігі мен сала мамандары жиналды.
1974 жылы салынған кәріз су жиналатын құбыр осы Н.Тілендиев ауылында орналасқан. Оған Алматы, Қаскелең, Талғар және тағы бірнеше аймақтың кәріз қалдықтары келіп құйылады.
Даудың басы осы кәріз қалдықтарының жүйелі түрде тазаланбауынан туындаған жағымсыз иісте болып тұр. Бұл қолқаны қабатын иіс Іле ауданына қарасты ауылдарға тарайды. Бұл аймақтарда қазіргі таңда бас-аяғы 120 мың адам тұрады. Жауапты тұлғаларға өз наразылығын айтуға келген Қосөзен, Қараой, Рахат, Байсерке және Нұрғиса Тілендиев ауылдарының тұрғындары 2020 жылдан бері бұл мәселе бойынша түрлі құзырлы органдардың табалдырығын тоздырғанын алға тартуда.
– Бүгінге дейін түрлі құзырлы органдарға шағымдарымызды жолдап, тіпті экология министріне дейін сараптама нәтижелерін жібергенбіз. 2022 жылы тексеру барысында айыппұл салынғаннан кейін біраз азайған еді. Енді бұл мәселе қайта көтеріліп отыр. Әсіресе жауынды күндері есік-терезелерді ашу тіптен мүмкін емес, – дейді ауыл тұрғыны Айнаш Аққалиқызы.
Бұл – бірнеше елдімекенді жайлаған нағыз экологиялық апат. Ауыл белсенділерінің сөзінше, жағымсыз иістің өршіп, қазіргі жағдайға жетуі «Алматы су» мекемесінің жауапсыздығынан туындап отыр.
– Бұл мәселемен күресу үшін 2 жыл бұрын «Алматы су» мекемесінің басшысымен кезіккен едік. Алайда ол да жалаң уәдемен шығарып салды. Қазір, міне, «баяғы жартас сол жартас» күйінде тұр. Тазалау жұмыстары да жыл сайын өткізілуі тиіс. Бірақ 3 жыл ішінде ол жұмыстар да тыңғылықты деңгейде жүргізілмеді, – дейді мәселенің басы-қасында жүрген ауыл азаматы Тағабай Құнанбайұлы.
Ал «Алматы су» мекемесінің директоры Досжан Камалұлының сөзінше, бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба жасалған. Ол санитарлық-эпидемиологиялық мамандарға ұсынылған. Сараптама нәтижесі шыққаннан кейін жаңа құрылғы орнатылатын болады. Жоба толық жүзеге асса, ауаға бөлінетін жағымсыз иіс пен улы заттардың мөлшері едәуір азаяды.
Алайда, жауапты маман бұл іс қашан жүзеге асатынын нақты айта алмады. Ал СЭС мамандары тиісті рұқсат құжаттары шикі екенін айтып әлек. Осылайша бір-біріне сілтеген мамандар бір байламға келе алмады.
Бұл істе «Алматы су» мекемесіне айыппұл салудан басқа ешқандай шара қолға алынбағанын айтқан тұрғындар «осы жолы мәселенің байыбына жетпей тынбаймыз» деп отыр.
Ауыл тұрғындары бірнеше рет депутаттарға диспансерлік есепте тұрған науқастардың санын білу үшін хат та жолдаған. Оған себеп – ауада аммиак, күкіртсутек газдары белгіленген мөлшерден жоғары көрсеткіш көрсетуі. Соның салдарынан ауылда бронхит, аллергия, астма ауруларымен ауыратын тұрғындар саны едәуір артқан. Мәселен, ауыл тұрғына Азамат Сәкенұлы отбасы мүшелерін түрлі сырқаттан бөлек, небір дене жаралары мазалайтынын айтты.
Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Зәуре Ахметова да тұрғындардың сөзін растап, жағымсыз иістен тыныс алу жолдарына зақым келетінін айтты.
– Соңғы үш жылда бізге осы ауылдың тұрғындарынан 6 арыз түсті. Осыған байланысты біз ауаны тексердік. Зерттеу нәтижесінде 4 пайыздық сынамадан аммиак, көмірсутегі мен азот диоксиді сияқты химиялық улы заттардың шамадан тыс жоғары екенін анықталды. Сондай-ақ санитарлық аймақта бірнеше заң бұзушылық орын алғаны белгілі болды. Біз бұл туралы тиісті органдарға ескерту жасап, хат жібердік, – дейді маман.
Мәселені жетер жеріне жеткізе алмай келе жатқан тұрғындар аталған мекемелерге талай рет шағымданған. Бірақ халықтың жанайқайы сол күйі тыңдаусыз қалған.
Жиында тұрғындардың шағымын естіген депутат Нұргүл Тау өз құзыретінің шеңберінде мәселені толық бақылауда ұстап, әрмен қарай ол бойынша жұмыс істейтінін айтты.
Бірнеше сағатқа созылған жиын барысында нақты шешімнің көкжиегі сол күйі көрінген жоқ. Тұрғындар Алматы қаласы мен облыс әкімдіктері бір мәмілеге келсе, санитарлық нормаларды түзетсе, мәселенің алдын алуға болады деп есептейді. Жаңа жобаның қашан мемлекеттік сараптамадан өтіп, жүзеге асатыны белгісіз. Десе де, жиналғандар келер аптада тағы бір жиын өткізуге уағдаласты.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы