Алматы облысында 2024 жылдың бірінші тоқсанында экономикада оң өзгерістер байқалды. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, 2024 жылдың 1-тоқсанында жалпы өңірлік өнім көлемі 7,4 пайызға өсіп, 1,2 трлн теңгені құрады. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,2%-ке артып, 884,3 млрд. теңгеге жетті.
Биыл облыс экономикасына тартылатын инвестиция көлемі де ұлғайып, 422,4 млрд теңгені құрайды деген болжам бар. Атап айтсақ, 2024 жылы 5,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын 56 жоба іске қосылмақ. Ал бес ірі халықаралық компания Үлкен Алматы айналма көлік жолының бойында жалпы құны 835 млн. доллар болатын өндіріс орындарын ашпақ.
Аграрлық салаға маманданған облыста биыл жалпы мал басы 3 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері облыста 461,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. “Жер аманаты” республикалық бағдарламасының аясында биыл облыс бойынша 300 мың гектарға жуық пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, оның 59 мың гектары (19,7 пайызы) қайтарылған.