Алматы облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 5,1 трлн теңге жетті. Соңғы екі жылда экономикалық ахуал республикалық рейтингте 5 сатыға көтерілген. Бұл жақсы көрсеткішті Райымбек ауданындағы халықпен кездесуде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бөлісті.
Райымбек ауданының халқымен жүздесуге келген әкімге әуелі ауданның экономикалық әлеуеті таныстырылды. Атқарылған жұмыс жайы, өсім көлемі баяндалды.
Халықпен кездесуде алғашқы баяндаманы жасаған аудан әкімі Берік Дүйсенбаев инвестиция тарту көлемі 1,7 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Өндіріс көлемі жыл басынан бері оң өсім көрсеткен.
Алматы облысында “Ауыл аманаты” бойынша 8,3 млрд теңге көлемінде 1090 несие берілді. Оның 157 өтінімі Райымбек ауданынан түскен. Бүгінде 93 азаматқа 521,2 миллион теңге несие берілген. Сонымен қатар, облысымыз ауылшаруашылық саласында Түркістан облысынан кейін екінші орында екенін мақтанышпен айта алатынымызды жеткізді.
Туризм бағытында Райымбек ауданында 6 нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Биыл маусымдық 60 туристік нысан ашылып, аймақтың ерекше табиғатын тамшалауға келетін қонақтарды қабылдауда. Марат Елеусізұлы уақытша нысандарды тұрақтыға айналдырып, туризм бағытын жүйелеу қажет екенін ескертті. Сонымен қатар аудан облыс бюджетіне жалтақтамайтын дәрежеге жетіп, өз-өзін қаржылық қамтамасыз ететін аудан болуы қажет деді.
Кездесудің келесі бөлігі сұрақ-жауап түрінде жалғасты. Аудан тұрғыны Балжан Омарова өткен кездесуде Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығын тойлауға қатысты барлық сұрауымызды орындадыңыздар деп, әкімге әуелі алғысын жеткізді. Марат Елеусізұлы Бердібектің Соқпақбаевтың ғасыр тойына арналған үлкен шара Парижде өтетінін айтты. Әрі ескерткіш орнату мен кітаптарын басуға бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді.
Одан кейін бірнеше тұрғын газ тарту мәселесін қозғады. Бірден газ тарифының бағасын төмендетуді сұрады. Сондай-ақ мектеп, мәдениет үйі, электр жарығы бойынша сұрақтар қойылды және оған толық жауап берілді.
Тұрғындармен есептік кездесудің алдында әкім жеке қабылдау өткізді. Мәселесін айта келген шаруаның бірі — Дәулет Құлмамыров. Шаруашылығына тамшылатып суару әдісін енгізген көрінеді. Құжаттары дайын, алайда қаржы кешеуілдеп жатыр деп мәселесін айта келген оған заң аясында түсініктеме берілді.