Алматы облысында өрт сөндіру бекеттері жеткіліксіз. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Райымбек ауданына сапары барысында саладағы қажеттілікті атап өтіп, Нарынқолдағы өрт сөндіру бөлімінің ашылуына қатысты.
Райымбек ауданы таулы, нулы аймақ. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндіру бекеттері қажет-ақ. Жалпы, облыста мамандандырылған бөлімшелермен қатар, сала мамандарына да сұраныс жоғары. Тапшылық бар. Алматы облысында 474 төтенше жағдайлар қызметкері бар. Ал, маман тапшылығы мыңнан асады. Нарынқолдағы өрт сөндіру бөлімінің ашылуында облыс басшысы осындай статистиканы атап өтіп, екі еселік жүктемемен қызмет етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді.
Бүгінде Алматы облысында 13 өрт сөндіру бөлімі бар, әйтсе де тағы 18 бөлім қажет. Төтенше жағдайлар министрлігінің комитет төрағасы Рамиль Камалов бөлімшелердің ашылуына қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізді.
“Еліміздің 80 пайыз аумағында табиғи өрттің қаупі жоғары. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Әрі баршамызға ортақ. Шыны керек, республикада дәл осындай 121 депо қажет. Ал Алматы облысына 18 нысан салуымыз керек. Алматы облысының әкімдігі мен аппараты бұл іске ары қарай да қолдау көрсететіне сенеміз”, – деді комитет өкілі.
Жаңа ашылған нысан 288 млн теңгеге салынды. Жасақталды. Мамандарға қажеттің бәрі бар. Мұнда 17 қызметкер еңбек етеді.
Меруерт Қыдырбайқызы
Райымбек ауданы