Алматы облысында жыл басынан бері 144 адам тағамнан уланған. Олардың 22-сі стационарда, 122-сі амбулаториялық ем қабылдаған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы стационарлық көмек бөлімнің басшысы Әділет Садибеков баспасөз-мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Консервідегі тағамды тұтыну, жарамдылық мерзіміне қарамау, азық-түлікті сақтау ережесін ескермеу тағамнан улануға әкелетін бірден-бір фактор. Мамандар тағам дайындау гигиенасын сақтау уланудың алдын алуға септігін тигізетін әдіс дейді.
«Тағамды дұрыс температурада тоңазытқышта 5°C-тан төмен және мұздатқышта -18°C –та сақтаған жөн. Бұдан бөлек, патогендерді жою үшін ет, балық және жұмыртқаны толық термиялық өңдеу қажет. Асқа абай болсаңыз, тағамнан туатын түрлі дерттен аман боласыздар», – деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының стационарлық көмек бөілімнің басшысы Әділет Садибеков.
Спикердің айтуынша, егер адамда бас айналу, құсу, іш өту сынды жайсыз белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу керек. Үй жағдайында ем-дом жасаудан аулақ болған жөн.
Сонымен қатар, баспасөз-мәслихаты барысында Әділет Әбілсейітұлы маусымдық вирустық ауруларға да тоқталды. Айтуынша, маусымдық аурулар жаз айларында да белең алады. Бұған ЖРВИ , тұмау жатады. Ең көп таралатын — күз мезгілі. Аталмыш сырқаттан сақтанудың жолы — екпе алу. Өткен жылы облыста 160 мың адам тұмауға қарсы вакцина алған, биыл екпе егу науқаны қыркүйек айында басталады, болжам бойынша былтырғы межеге жету көзделген. Еске саламыз, маусымдық вирустық ауруларға қарсы екпе алу әр адамның өз еркінде, бұл процес тегін түрде жүзеге асады.