Еңбекшіқазақ ауданында қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирінің Алматы облысы бойынша іріктеу кезеңі өтті.
Қазақстан Мәслихаттарының 30 жылдығына орай және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Сенаты мен Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорт федерациясының қолдауымен өткізілген турнирге облыстан барлығы 38 ойыншы қатысты.
Турнирді Алматы облысы мәслихатының депутаты, тұрақты комиссиясының төрағасы Болатжан Нұрбеков, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорт федерациясының Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы Жарас Ниязбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Болатжан Саймасайұлы: «Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың сүйікті ойыны болған – тоғызқұмалақты халық арасында кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа үйретудің маңызы мол. Бұл баланың есте сақтау, ойлау қабілетін, логикасын шыңдап, ептілікке үйретеді», – деп, тоғызқұмалақтың маңызына тоқталды. «Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойнын ұлттық брендке айналдырып, бүкіл әлемге танытуымыз керек», – деген Жарас Ергөбекұлы ұлттық құндылығымыз – тоғызқұмалақ ойнының Алматы облысында соңғы жылдары кең қанат жайып, балалар мен жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отырғанын айтты.
Жеті кезеңмен өте тартысты өткен турнирде ерлер арасында жүлделі үшінші орынды Іле ауданынан Родионов Виталий мен Еңбекшіқазақ ауданынан Нұртілеуов Амандық бөлісті. Екінші орын Іле ауданынан келген Қылышбаев Ерболатқа бұйырса, бірінші орынды Сатыбалды Ермұхамбет иеленді. Ал әйелдер арасында үшінші орынды Талғар ауданының қос ойыншысы Ермекқызы Перизат пен Сатыбалды Ақнұр алды. Екінші орынды Ұйғыр ауданынан Арсинова Дильназ қанжығаласа, бірінші орын да Ұйғыр ауданына бұйырып, Ярмухаметова Гульниса жеңіске жетті.
Бірінші және екінші орын алған қатысушылар тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» турнирінің 20 тамызда Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне жолдама алды.
Құралай Мұратқызы