Қасенбай Бөлтірікұлын мен алғаш рет сонау 1973 жылдың 19 мамыр күні көрген едім. Ол кезде жетінші сыныпта оқимын. Кеген ауданының Жалаңаш ауылындағы мектеп-интернатында дәл сол күні басталған аудандық пионерлер слетінде өнер көрсету үшін әр мектептен жарысқа келген оқушылардың алдында интернат директоры Қасенбай Бөлтірікұлы жарыста жеңіске жетуімізге сәттілік тіледі. «Еліміздің жарқын болашағы мына тұрған сендердің қолдарыңда, өздеріңе артып отырған сенімімізді ақтайтындарыңа біз кәміл сенеміз!», – деген жүрекжарды сөздері жиында тұрған оқушыларды ғана емес, біздерді бастап келген ұстаздарымызды да тебірентіп жібергені әлі күнге дейін естен кетер емес.
Бөлтірік Атыханұлы дейтін атағы қырғыз-қазаққа кең жайылған қазақ ақынының Қасенбай есімді ұлы бар екенін, ол кісінің білім беру саласында атқарып жүрген ерен еңбегі бар екенін әкелерімізден сан рет естіп жүрсек те, балалықпен әңгіменің байыбына бара бермейді екенбіз. Қасенбай ағамыздың сол күнгі бейнесі біздің жадымызда мәңгілікке сақталып қалды.
Ол кісінің өмірі мен ұстаздық қызметі туралы мендегі қызығушылық мына бір оқиғадан басталды. 1992 жылдың жазына қарай Кеңес Нұрпейісұлы әкеміз маған телефон шалып, ақылдасатын шаруа барын, тезірек үйге келіп кетуімді айтты. «Ауылға академиядағы біраз ғалымдарды қонаққа шақырып қойдым. Ақай ағаның замандастары бар, өзімнің аға-інідей сыйласып жүрген әріптес ағаларым бар, соларға туған жердің таза ауасын жұтқызып, Таушелек өңірінің тамаша табиғатын, көркем Көлсайды көрсетіп қайтсам деп отырмын. Сен қонақтарды апаратын көліктерді дайында», – деді.
Сонымен айтылған күні Кеңес әкеміз бен Мәрия шешеміз бастап, ҚР ҰҒА-ның атағы жер жаратын белгілі ғалымдары Кемел Ақышев, Төлтай Балақаев, Нұри Едігенов, Мәлік-Айдар Асылбеков ағаларымыз бар, оларға жол-жөнекей атқосшылық қызмет ететін әкпе-жездеміз Ерғали мен Тұрсынбүбі, досымыз Сағатбек Медеубекұлы бар, төрт көлікпен жолға шықтық. Бірінші күні Ақай Нүсіпбекұлының ауылдағы қара шаңырағы болып есептелетін Өмірбек ағаның үйінде қонақ болып, маңызды да, мәнді әңгімелер тарқатылды. Қонақтар Ақай ағаның өмірі мен ғылыми қызметінің, елге жасаған ерен еңбегіне жан-жақты тоқталды.
Ертесі күні Сатыға қарай жол жүрер алдында Кеңес аға көлік тізгіндеген біздерге қарап: «Жігіттер, қазір Қарабұлақ ауылынан өткеннен кейін, Сатыға қарай көтерілген айналмадағы Үшкіл қорымының тұсына тоқтаңдар. Ол қорымда үлкен әулие адам жерленген. Әруақтарға арнап Құран бағыштайық.», – деді. Ол әулие адамның кім екенін ішім сезсе де үндемедім. Жарты сағаттан аса аяңдап келіп, Үшкілдегі бейіттердің тұсына тоқтадық. Құран бағышталған соң, Кеңес әкеміз бейіттің қоршауын екі қолымен ұстап алған күйі Қасенбай ағаның тастан қашалған мүсініне қарап ұзақ ойланып тұрды. Біршама уақыт өткен соң қасындағы әріптес ағаларына қарап: «Сіздер білесіздер ме бұл бейітте кім жатқанын? Мұнда менің әкем жатыр. Бұл әулие адам болмағанда, мен сіздердің қатарыңызда тұрмас едім», – деді дауысы дірілдеп, мұңлы көзімен тас мүсінге тағы да қарап. Қалған әңгімені ауылға барғанда, дастархан басында жалғастырайық дегендей ақырын басып, көлікке қарай аяңдады. Қатарында келе жатқан мен Кеңес әкеміздің ауыр мұңға батып, екі-үш мәрте күрсінгенін де байқап қалдым. Анау-мынауға бой бермейтін қайсар мінез ағамның бір сәтте басы салбырап, еңсесі түсіп кетті.
Келген қонақтарды күту түн ауғанша жалғасып жатты. Менің көкейімде бір ғана сұрақ тұрды. Кеңес әкеміздің Қасенбай Бөлтірікұлы туралы әңгімесінің жалғасын тағатсыздана күтіп жүрмін. Сол әңгіменің түйіні ертесі күні шешіле бастады. Әкем Әлі, өзі еккен бау-бақшаның ішінде жайылған дастарқанның басында келген қонақтарға інісі Кеңес екеуінің балалық шағының ауыр күндері туралы: «Біз бала болып ойнап көрмедік. Анамыз қайтыс болған соң, көп ұзамай әкемізді «халық жауы» деген жалған жаламен алып кетті. Кеңес жеті жасқа толғанда Қарабұлақтағы мектептің жанынан ашылған «детский пансионат» деп айтылатын жетімдер үйіне өзім жетектеп барып өткізіп едім. Ол кезде өзім де баламын ғой, он екі жастамын….», – деп бастаған әкемнің әңгімесін Кеңес аға жалғастырып әкетті.
«Сол интернатта 1942 жылдан 1946 жылға дейін оқыдым. Алғашында соғысқа кеткендердің және қараусыз қалған жетім балалар үшін ашылған бұл интернатта «халық жауының» баласы мен ғана болдым. Ашты-тоқты жүріп, үшініші сыныпты аяқтап, төртінші сыныпта оқып жүрген кезде интернатқа соғыстан қайтқан жап-жас жігіт директор болып келді. Сұңғақ бойлы, бидай өңді, үстіне киген киімі мұнтаздай тап-таза, көзінен нұр құйылып тұрған мейірімді жан екен. Барлық жетімектер ол кісіге өздерінің әкесі соғыстан немесе айдаудан келгендей әсермен қарадық. Содан кейін ауызымыз жарып тамақ іше бастадық, киімдеріміз де бүтінделе бастады. Ол уақытта Кеген ауданының орталығы Жалаңаш селосы болатын. Автокөлік дегенді білмейміз. Барлық шаруаны ат пен өгізге жегілген арбалар арқылы бітіретін еді. Қасенбай аға апта сайын аудан орталығы Жалаңашқа екі өгіз жегілген арбамен қатынап, интернат жетімдері үшін азық-түлікті, киім-кешекті өзі тасушы еді. Балаларға ерекше мейіріммен қарайтын.», – деген сөздерді айтқанда Кеңес әкеміздің көзі күлімдеп, жүзі құлпырып, жетімдікпен өткен ауыр күндерінің сәл де болса шуақты сәттерінің болғанын ерекше бір сезіммен сездіргендей сыңай танытты.
Әңгімеге қайта қосылған әкем: «Төртінші сыныпты аяқтап қалған май айының бір күні Кеңес ауылға келіпті. Он бес шақырым жаяу жүріп, ешкімге айтпай, рұқсатсыз қашып кеткен екен. Қолында орап алған түйіншегі бар, балтырын ақ шүберекпен таңып алыпты. Шүберектің сыртынан қатқан қанның белгісі көрініп тұр. Зәре-құтым қалмай не болғанын сұрағаным да, жол жөнекей бір қойшының иті талап, балтырын қауып алғанын, қойшының әйелі көйлегінің етегін жыртып алып жарасын таңып бергенін айтып: «Жақсы адам екен, бір күлше нан берді, айран құйып қарнымды тойғызды», – деп қарап тұр.
Кеңес аға әкемнің сөзін іліп әкетіп: «Менің ауылға кеткенімді Қасенбай аға біліп қойып: «Балам, ағаңа барып амандығын сұрағаның дұрыс болған екен. Аман болса, әкелерің қайта оралады. Ол өте жақсы адам. Мен саған тағы да киім бергізейін. Ал анау ит талаған жерің әлі-ақ жазылып кетеді. Мойыма, сен жігітсің ғой! Сабағыңды жақсы оқы! Сонда ғана сен мықты адам боласың» – деп еді құшағына қысып тұрып.
Жетім көрсе жебеген, не деген көреген адам! Қасенбай ағайды көрген сайын әкемді көргендей көтеріңкі көңіл күйде жүруші едім. Бірақ менің бұл қуанышым ұзаққа бармады. Соғыс аяқталып, елге тірі оралған әкелер өз балаларын интернаттан алып кетті, басқа балалардың да жақындары келіп, жетімдер үйі жабылып қалды. Сөйтіп мен Қарабұлақ ауылында әркімнің үйін жағалап жүрдім. Ол кезде «халық жауының» баласына жақындауға туыстардың да батылы бара бермейтін. Сондай қиын кезеңде мені тағы да бауырына басқан Қасенбай аға болды.
Бір күні әдеміше келген, көзі үлкен, ақ сұр келіншек мені іздеп келіп, көрген жерде бас салып құшақтап жылады. Көзінің жасын ормалының ұшымен құрғатып отырып: «Тірі екенсің ғой, Нүкемнің тұқымы!», – дей берді. Сөйтсем, бұл кісі Қасенбай ағаларға жақын туыс болып келетін Нұрбек есімді азаматтың әйелі, осы ауылдың келіні, Нүсіпбай атамның туған бауырының қызы, немере әкпем Тұрлықан екен. Кейін ойласам, менің жетімдер үйі жабылып қалғаннан кейінгі ауыр халімді көріп жүрген Қасенбай аға Алматыда тұратын туысы Нұрбекті елге әдейілеп қонаққа шақырып, Тұрлықан әкпеме менің жағдайымды жайып салған ғой. Олар мені ауылдағы ағам Әлінің рұқсатымен Алматыға алып кетті. Сөйтіп, 1946 жылдан бастап қалада оқыдым. Қалған өмірімді өздеріңіз жақсы білесіздер. Менің өмірімдегі ең қымбат адам – ұлағатты ұстаз Қасенбай аға болды. Ол кісінің шапағаты болмағанда, біреудің есігінің алдында жүріп өліп кетер ме едім, өлмесем де мына өмірдегі қазіргі жеткен жетістіктеріме жете алмас едім. Сондықтан ол кісіні екінші әкем деп мақтанышпен айтудан еш жалықпаймын!», – деді Кеңес әкеміз, арқасынан бір ауыр жүк түскендей рахаттанып отырып.
Шынымен де, Қасенбай ағамыздың батасы қабыл болып, жетімдіктің зардабын тартқан сол бала кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болды. Кеңес Нұрпейісұлы өзінің алғашқы ұстазын өмір бойы пір тұтып өтті. Үміті мен сенімін ақтады. Қасенбай аға өмірден озғанға дейін ұстазы мен шәкірті әке мен бала, аға мен іні сияқты жақсы араласып, сыйласып өтті. Әкелеріміздің жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын!
Қасенбай Бөлтірікұлының өмірі мен педагогикалық қызметі туралы бір мақаланың көлемінде жазып шығу мүмкін емес. Бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған Қасенбай ағамыз мектептегі қатардағы мұғалімнен бастап, Алматы облысының Кеген, Талғар аудандарында бірнеше мектептің директоры, Кеген аудандық оқу бөлмінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, сан мыңдаған талантты шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Қасенбай ағаның шапағаты тиген жандар әлі күнге дейін ол кісіні емірене еске алады.
Сөз соңында айтарымыз, Бөлтірік Атыханұлы, Қасенбай Бөлтірікұлы сияқты тектілердің ұрпақтарына, «Бөлтірік-Қасенбай» қорының президенті Бақтыгүл Бөлтірікова әкпемізге Қасенбай ағамыздың биылғы 100 жылдық мерейтойы құтты болсын деп, мол табыстар, мықты денсаулық тілейміз!
Талдыбек Нұрпейіс,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі