Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сапарын Кеген ауданында жалғастырды. Бастапқыда «Кеген су құбыры» мекемесінің жұмыс барысымен және ауызсу жайымен танысты. Кеген аудандық ауруханасының жанындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына да атбасын бұрды. Кеген аудандық ауруханасының директоры Алмас Тілеулиев оңалту орталығындағы емдеу бөлмелерін көрсетті. Бұл оңалту орталығында 20 бала ем алатынын, бүгінгі таңда ауруларды ерте сатысында анықтап, уақытылы ем тағайындауға мүмкіндік ашылғанын жеткізді.
Аймақ басшысы алдымен Кеген ауылында салынатын 150 тұрғын үйдің жобасымен танысты. Өміржан Игібайұлы көшесінің бойында орналасқан нысан «Жерұйық» деп аталады. Тұрғын үйдің бас жобалаушысы – «Алтын сапа» құрылыс компаниясы, бас мердігер – «Жібек жолы құрылыс 1978» ЖШС. Мұнда тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен ішкі көріністері әкім назарына ұсынылды.
– Құрылыс жұмысы тамыз айының 1-інен басталады, жыл соңына дейін тұрғын үй салу ісін сапалы әрі уақытында аяқтап, 100 үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді мердігер компанияның өкілі.
Сапар аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданға еңбегі сіңген зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Онда облыста жүзеге асып жатқан жұмыстар жайлы кеңінен айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кездесуде әр салада еңбек еткен ақсақалдар ауданның қоғамдық өміріне қатысты өзекті мәселелер жөнінде ой қозғап, бірқатар ұсынысын айтты.
Аймақ басшысы Түменбай ауылының тұрғындарымен де жүздесті. Бұдан соң Кеген аудандық Мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындар алдында есеп берді. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа берілді. Ол аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Тұрғындар тарапынан 17 мәселе көтерілген. Оның 4-еуі орындалды, 13-і орындалу үстінде. Былтыр әр сала бойынша халықты толғандырған 193 өзекті мәселенің картасы дайындалып, оны шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 212 жобаның құжаты «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданды. 152 кәсіпкер несиеге қол жеткізсе, 25 жоба оң қорытынды алып, 35 жобаның құжаты облыстық комиссия қарауында жатыр.
Он бір елдімекенде ауызсу мәселесі бар. Осы орайда алты елдімекенге ауызсу жүйесінің құрылысын салу және қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Екі елдімекен бойынша мемлекеттік сараптама шыққан. Жаңа Тасашы және Түменбай ауылдары бойынша облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді және 5 елдімекенге ауызсу жүйесінің құрылысын салу және қайта жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға қаржы бөлініп, зерттеу жұмысы басталды, – деген Нұрбақыт Молдахметұлы әр салаға жеке-жеке тоқталып, биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев биылғы бірінші жартыжылдықтағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін сөз етті. Кеген ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың олқы тұстарын да тілге тиек етті.
– Тұрғындар тарапынан көп көтерілген сұрақ – инфрақұрылым мәселесі. Сонымен бірге көпшілікті республикалық маңызы бар «Көкпек-Кеген-Түп» автожолының жағдайы алаңдатады. Автожолға мердігер компания ұзақ жылдар жөндеу жұмысын жүргізсе де, жол сапасы нашар, сын көтермейді.
Ал қол жеткізілген жақсы істерге тоқталсақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша Кеген ауданы көш бастап тұр. Аудан бойынша 209 өтінім қабылданып, өз кәсібін ашып, дамытамын деген 156 азаматқа несие берілді.
Кеген ауылында жалға берілетін 30 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Биыл 2922 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, оның 1436-сы әлеуметтік осал топ қатарына жатады. Биыл автожолдарды жөндеуге және салуға 40,4 млрд теңге бөлінді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі Кеген ауданында 82 пайызды құрайды. Туристік өңір болып табылатын бұл өлкені дамытудың маңызы зор. Саты ауылы Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) анықтауымен «Ең үздік туристік ауылдар» қатарына енді, – деген Марат Елеусізұлы Кеген ауданына инвестиция тарту мәселесіне тоқталып, ағымдағы жылы іске қосылатын ірі жобалар – «Кеген Мясопром» ЖШС, «Талас» сүт-тауарлы фермасы мен «Олжас» шаруа қожалығы жұмысының жандана түсетінін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Тасашы ауылының тұрғыны Нұрқас Ысқақов ауызсу мәселесін алға тартса, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Көнеева балалардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруда «Қарабұлақ» лагерінің жұмысы қайта жандандырылса деген ұсынысын жеткізді. Саты ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Есбол Рысбаев туристер көп келетін Саты, Көлсай маңына автотұрақ салу керектігін алға тартты. Қоғам белсендісі Мақпал Шадан ауданның 14 елдімекенінде интернет және байланыс сапасы нашарлығын сынға алды.
Облыс әкімі жеке қабылдауына және есептік жиынға келген азаматтардың арыз-шағымдары, талап-тілектері ескерусіз қалмай, шетінен орындалатынын жеткізді. Жиын барысында көтерілген мәселелердің бәрі шешімін табуға тиіс екенін айтып, бұл орайда орынбасарларына, басқарма басшылары мен аудан әкіміне арнайы тапсырма берді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы