Қонаев қаласында ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен саяси партиялардың облыстық филиал төрағалары мен орынбасарларының қатысуымен жиын өтті. Басқосудың мақсаты – халықпен жұмыс істеуде маңызды рөл атқарып келе жатқан облыс көлеміндегі саяси партия филиалдарының мемлекеттік органдармен байланысын нығайту.
Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов елімізде саяси партиялардың институционалдық және ұйымдастырушылық дамуы үшін қолайлы орта қалыптасқанын, сайлау жүйесі жетілдіріліп, партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдетілгенін айтып өтті.
– 2022 жылғы сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Парламент Мәжілісінің депутаттары партиялық тізім және бірмандатты округтер бойынша, облыстық мәслихаттың 50 пайызы партиялық тізім арқылы, 50 пайызы бірмандатты округтерден, аудандық және қалалық мәслихатқа толықтай бірмандатты округтерден сайланды. Саяси партиялар Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттарын тізім бойынша да, бірмандатты округ бойынша да ұсынуға құқығы бар. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап әкімдердің сайлауы енгізілді. Мұнда да саяси партиялар заңға сәйкес өз үміткерлерін ұсына алады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сайлау жүйесі үнемі өзгеріп отырады, әділ әрі ашық сайлау өткізу үшін оңтайлы шешімдер қарастырылуда. Біз әрдайым «әртүрлі партиялар, әртүрлі көзқарастар, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын ұстануымыз керек, – деген басқарма басшысы саяси партия, Парламент пен мәслихаттардағы депутаттық топтармен ынтымақтастықты дамыту бағытында бірлесе жұмыс атқару қажет екенін жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының қалай орындалып жатқанын халық арасында насихаттау мақсатында коалиция құру жөнінде ұсыныс білдірді. «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова коалиция құру жайлы ұсынысты қолдайтынын айтып, бұрын да өздері өткізген іс-шараларға өзге партия өкілдерін шақырып, бірлесе жұмыс істеудегі тәжірибесін алға тартты.
Бұдан соң «Қазақстан халық партиясы» облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Батима Алиярова, «Respublica» партиясы облыстық филалы төрағасының орынбасары Бақтияр Қабасов, «Ауыл» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Бүркітбай, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы облыстық филиалының төрағасы Нұрым Нұрлыбеков, «Байтақ» жасылдар партиясының облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Садықов сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ