Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев «Жетісу вольфрам» ЖШС өкілдерін қабылдады. Маңызды кездесуде өңіріміздегі жетістіктер айтылып, ынтымақтастық жолдары талқыланды. Сондай-ақ екі тарап үшін бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.
Биыл Еңбекшіқазақ ауданындағы Богутин вольфрам кен орнында тау-кен байыту комбинатын іске қосу жоспарлануда. Осы орайда Марат Елеусізұлы осы жоба жайлы сөз қозғап, қонақтарға бұл іске тікелей қатысы бар қызметкерлерді таныстырды. Сондай-ақ қытай компаниялары негізгі сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті.
– Бүгінде облыста қытай капиталының қатысуымен 67 кәсіпорын жұмыс істейді. Өңір экономикасы инвестициялық белсенділіктің арқасында тұрақты дамып келеді. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша аймаққа 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды, – деп атап өтті.
Жиында тау-кен байыту комбинатының инфрақұрылымы мен сыртқы инженерлік желілердің құрылыс-монтаждау жұмысының аяқталу жай-күйі, минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеумен тау-кен өнеркәсібі саласына инвестиция көлемін арттыру және корпоративтік әлеуметтік саясатқа қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Сондай-ақ инвестор, Jiaxin International Resources Investment Ltd төрағасы Лю Личанның ұсыныстары тыңдалды. Ол өз сөзінде сумен қамтамасыз ету, электр қуатын арттыру, жергілікті мамандарды оқыту үшін шетелдік қызметкерлерге жұмыс визасын алуға көмектесу, салық төлемдерін азайту мәселелерін алға тартты. Тақырып аясында айтылған мәселелер де жан-жақты талқыланып, барлығының оңды шешім табатыны айтылды. Аймақ басшысы өңірімізде сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар мәселенің барын тілге тиек етіп, осы орайда тамшылатып суару бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын да жеткізді. Осы мәселе бойынша инвесторлардың қолдау танытып, атсалысуын ұсынды. ҚХР мамандарының жұмыс визаларына қатысты жайт та көтеріліп, 2022 жылы Қазақстан аумағында болу мерзіміне қатысты заң-бұзушылықтардың анықталғаны да айтылды. Онда ҚХР-дың 37 азаматының құжаты дұрыс болмауынан оларды елден шығаруға қатысты мәселе туындаған болатын. Міне, осындай жайттардың да дұрыс шешім табуы қажеттігі сөз болды.
Жиын соңында Марат Сұлтанғазиев көтерілген барлық мәселе бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовке «Жетісу вольфрам» ЖШС өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуды, бұл жобаны дамытуға көмек көрсетуді тапсырды.
Құралбек СӘБИТОВ