Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданында орналасқан Республикалық олимпиадалық даярлау орталығында Париж-2024 Олимпиадасына қатысуға лицензия алған спортшылармен кездесті.
Ең әуелі облыс басшысы олимпиадалық дайындық базасының спорт ғимараттарының бірі – “Атыс кешенін“ аралап, спортшыларды төрт жылда бір өтетін басты жарысқа толыққанды дайындау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанына көз жеткізді. Санаулы күндерден кейін Парижде жалауын көтеретін айтулы додада еліміз құрамасының сапында Алматы облысынан атлеттер Демеу Жадраев, Эдуард Ещенко, Әсем Орынбай, Мария Дмитриенко, Никита Чирюкин сайысқа түседі.
Іс-шара Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асыловтың құттықтау сөзінен басталды. Ол олимпиадашыларды бейнебайланыс арқылы құттықтады. “Барлық спортшылар мен жаттықтырушыларға осы олимпиадалық дайындық кезеңінен абыроймен өткені үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан олимпиадалық құрамасындағы 80 адамның 9-ы спорттық атудан сайысқа түседі. Олардың төртеуі Алматы облысынан. Еліміздің олимпиадалық құрамасынан лайықты орын алғандарыңызды мақтан тұтамын. Сіздерге үміт артамыз, табысты өнер көрсетулеріңізді тілейміз және жаттықтырушыларға әлемдік деңгейдегі шеберлерді даярлау үшін жылдар бойы атқарған қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамыз. Сіздерге еліміздің намысын қорғап, жеңіспен оралуларыңызды тілеймін!“– деді Берік Асылов.
Өңір басшысы өз сөзінде олимпиадашыларға Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанды абыроймен таныстыруды тіледі. Алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін бар күш-жігерін тек жоғары нәтиже мен Отанымыз – Қазақстанның даңқы үшін жаңа жеңістерге жетуге шақырды. “Олимпиада ойындары – әлемдік спорт тарихында ерекше орын алатын оқиға. Оның деңгейі әдеттегі спорт жетістіктерінен асып түседі. Олимпиада ойындары жекелеген спортшылардың да, тұтас мемлекеттердің де теңдігінің, өзара құрметі мен адал бәсекелестігінің жарқын бейнесі. Сіздердің алдарыңызда бүкіл әлемге Қазақстан спортының әлеуетін тағы да паш ету міндеті тұр. Олимпиада – ең көрнекті спортшылардың бағы мен бабы қатар сыналатын дода. Парижде нағыз сайыстың қандай болатынын паш етесіздер деп үміттенеміз. Біз сіздерге сенеміз және еліміздің көк туы әлемдік аренада дамиды деп үміттенеміз“, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
“Қазақстан спорттық ату федерациясының” бас хатшысы Олег Почивалов көне Грекиядан бас тау алып, осы күнге үзілмей жеткен Олимпиада ойындарына қатысу жолында тер төккен спортшыларымызға сәттілік тіледі.
“Олимпиада – әрбір спорт қатыссам деп армандайтын, төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода. Бұл жолда сіздер аянбай тер төгіп, табандылық танытып, үлкен нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Бұл жарыста да өз күштеріңізге шүбә келтірмей, үздік шыққайсыздар. Мұндай аса жауапты сапар қарсаңында облыс басшылығымен кездесу жеңіске жетуге үлкен жігер береді”, – деді бас хатшы.
Өз кезегінде спортшылар мен жаттықтырушылар облыс әкіміне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. “Өңірімізде спорттың дамуы, әсіресе оның әлемдік деңгейге көтерілуі – облыс басшылығының жан-жақты қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі. Жаттығулар өткізіп, шетелдерде өтетін түрлі оқу–жаттығу жиындары мен жарыстарға шығу үшін жақсы жағдайлар жасап отырғаны үшін алғыс айтамын. Қазір бар ойымыз Олимпиадада қалайда жеңіске жетіп, елімізді дәріптеу“, – деп сендірді стендтік атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсем Орынбай.
Париж Олимпиадасына қатысуға лицензия алған спортшыларға өңір басшысы атынан 1 500 000 теңгенің сертификаттары табысталды. Жадраев Демеу (грек–рим күресі), Әсем Орынбай және Мария Дмитриенко (стендтік ату) осымен екінші рет Олимпиада ойындарына қатыспақ. Ал Эдуард Лещенко (стендтік ату) мен Никита Чирюкин (оқ ату) Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысады. 26 шілдеде басталып, 11 тамызда аяқталатын Париж Олимпиадасында 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Парижде өтетін ХХХІІІ Олимпиада ойындарына Қазақстаннан спорттың 25 түрінен 80 спортшы қатысады.