Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов Алатау қаласы Еңбек ауылындағы және Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Әуелі Талғар ауданының Жаңалық ауылы «Шығыс» шағынауданындағы 900 орынды мектепке келген облыс басшысының орынбасары нысанды толық аралап, ғимараттың ішін қарап шықты. Бас жоспарға сәйкес елдімекендегі ыңғайлы жерде орналасқан мектептің аумағы 2,74 гектарды алып жатыр. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «Construction АҚ» ЖШС өкілдерінің айтуынша, қазіргі кезде бұл нысанда құрылыс-монтаждау, сондай-ақ ғимараттың 1-2 қабаттарының аралығын нығайту, ауылішілік желілерді тарту жұмыстары қарқын алған. Бұл іске 75 жұмысшы жұмылдырылған. Мердігерлер нысанды белгіленген мерзімде, яғни, желтоқсан айында тапсыруға бар күшін салып жатқандарын баяндады. Нұржан Құдайбергенов ол үшін жұмысты жеделдетіп, қарқынды күшейту қажеттігін баса айтты.
Одан соң облыс әкімінің орынбасары бастаған топ Талдыбұлақ ауылында салынып жатқан 600 орынды мектептің құрылысымен танысты. Бұл нысан жоспар бойынша 1 қырқүйекте тапсырылуы тиіс. Қазір ғимараттың есік-терезелері қойылып, ішкі сылақ жұмыстары басталып кеткен. Нысанда 83 жұмысшы өнімді еңбек етіп жатыр. Алайда, уақыттың аз қалғанын, ал нысанда әлі атқарылар жұмыс аз еместігін еске салып, жұмысшыларды көбейту туралы Нұржан Кеңесұлының сұрағына мердігер компания «Dial Group» ЖШС бас директорының орынбасары Аширдин Мұстафаев жақында ғана Алматы қаласында №97 мектепті пайдалануға тапсырғанын, ол жерде алғашқыда 250 адам жұмыс істеп, соңына қарай жұмысшылардың саны 480-500 адамға дейін жеткенін айтты.
– Бұл жерде де екі-үш күннен кейін жұмысшылар үш-төрт есе көбейіп, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталатын болады. Өйткені, сол №97 мектептің құрылысына қатысқан жұмысшылар тартылады. Біз олардың жұмысын өз көзімізбен көрдік, өте білікті, сенімді мамандар, – деп сендірді мердігер компания өкілі.
Биыл Талғар ауданы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Талдыбұлақ, Жаңалық, Тұздыбастау, Жалқамыс, Төңкеріс, Қызылту, Айғаным ауылдарында барлығы 5 700 орынды 7 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Солардан төртеуі – 600, екеуі – 900, біреуі – 1500 орынды мектептер. Олар аудандағы үш ауысымда оқыту және оқушылар үшін орын тапшылығы мәселесін жоюы тиіс. Бұл нысандардың барлығында аудандық білім бөлімінің атсалысуымен мәслихат депутаты, блогер, қоғам белсенділерінен жұмыстың барысын бақылайтын жұмысшы топ құрылып, жауапты тұлға тағайындалған.
Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаевтың айтуынша, осы 600 орынды мектеп пайдалануға берілген соң бұл ауылдағы 867 оқушының орын тапшылығы мәселесі түгел шешілуі тиіс. Сонымен бірге бұл мектептің ашылуы көрші №34 мектепте үш ауысымда оқудан бас тартуға толық мүмкіндік береді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өзі Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздегі үш ауысымда оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған. Алайда қаржы жетіспеушілігі, құрылыс компанияларының жауапсыздығы, басқа да себептерге байланысты кей нысандарда атқарылған жұмыстың кестеден кеш қалып жатқаны байқалады. Сондықтан да болар, Нұржан Кеңесұлы мердігер компаниялардың басшылығына нысандардағы жұмыс күшін көбейтіп, құрылыс жұмыстарының қарқынын жеделдету қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің орынбасары Қарасай ауданында төрт нысанда болды. Бұларға тапсырыс беруші – «Samruk-KazynaConstruction» акционерлік қоғамы, ал техникалық қадағалауды «Самұрық Қазына Девелопмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері жүргізеді. Бұл мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталу мерзімі осы жылдың 1 қыркүйегі болып белгіленген.
Соның екеуі Елтай ауылдық округінің аумағында. Көкөзек ауылында бой көтерген мектеп – 1500 орынды. Бас мердігері – «BI Global» ЖШС. Жобасын «Aqmol Project» ЖШС мамандары әзірлеген. Үш қабатты ғимарат көлемі – 15289 шаршы метр. Бүгінгі ішкі әрлеу жұмыстары 30, ішкі желілер 20, ал қасбеті небәрі 2 пайызға ғана жасалды. Жоба жетекшісі Айтбай Әбеновтің айтуынша, сол күні нысанда 235 жұмысшы еңбек етіп, сегіз техника, оның ішінде мұнаралық кран мен жүк көтергіштер тартылды.
Осы округтің Елтай ауылындағы 1200 орынға арналған орта мектепті де «BI Global» ЖШС құрылыс компаниясы салып жатыр. Жобалаушысы –«Tortay Engineering Co» ЖШС мамандары. Үш қабатты ғимараттың көлемі 13282 шаршы метр. Ішкі желілер тарту 50, бөлмелердің ішкі әрлеуі 35, ал қасбеті 15 пайызға жасалған. Атқарылатын жұмыс мұнда әлі көп. 310 жұмысшы және 12 бірлік техника жұмыс істеуде.
Нұржан Кеңесұлы, сондай-ақ, Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қошмамбет ауылындағы құрылыс алаңына барып, 1200 орынға арналған мектепті көрді. Оны «KazSMU» ЖШС салып жатыр. Жобасын «АрхСпецСтройПроект» ЖШС мамандары дайындаған. Көлемі 13336 шаршы метр болатын нысан үш қабатты. Бөлмелердің ішкі әрлеуі 40, қасбетінің жұмыстары 30, ал ішкі алаң желілерін орнату небәрі 15 пайызға орындалған. Нысанда 254 адам, 16 бірлік техника жұмыс істейді.
Райымбек ауылдық округіне қарасты Долан ауылындағы мектеп те 1200 орынға арналған. Бұл елдімекенде орта мектеп болмаған еді. Ұзақ жыл бойы тек бастауыш мектеп қана жұмыс істеген. Сондықтан үш қабатты заманауи білім ұясының тезірек іске қосылғанын доландықтар асыға күтіп отыр. Мұнда да мердігер мекеме – «BI Global» ЖШС, ал жобалаушысы – «Tortay Engineering Co» ЖШС мамандары. Ғимарат көлемі 12721 шаршы метр. Дайындық деңгейіне келсек, ішкі алаңдарына желілер тарту 85, ішкі әрлеу 45, қасбеті – 30 пайызға орындалған. Мұнда 290 адам мен 11 бірлік техника жұмылдырылған.
Төрт нысанның да іргетасындағы жұмыс толықтай жасалған. Ғимараттың монолит қаңқасын құю жұмысы Қошмамбеттегі мектепте толық біткен, Елтай және Долан ауылдарындағы нысанда, Көкөзек мектебінде 90 пайызға орындалған. Барлығында бөлек спортзалдар мен ойын алаңдары, сонымен қатар қоршалған шаруашылық ғимараттары қарастырылған.
Сапар барысында Нұржан Кеңесұлы мен Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы осы жайлармен қатар жол салу, жарықтандыру мен коммуникациялар, атап айтқанда, газ, су, электр қуатын жүргізу істерін талқылады. Төрт нысанда да жұмысшы санын көбейту, құрылыстың сапасына ерекше назар аудару, аумақты абаттандыру жұмыстарын қатар атқару жайлы айтылды. Сондай-ақ аталған жайлы мектептерді мерзімінде, яғни, биылғы 1 қыркүйекте пайдалануға беру қажеттігін ескертті. Қаржыландыруда мәселе жоқ, сондықтан барлық мердігерлер құрылыс қарқынын үдетіп, тапсырыс берушінің талабын орындауға тиіс.
Аймақ басшысының орынбасары Нұржан Құдайбергенов сапар соңында Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысын аралап шығып, жұмыс басындағы жауаптылармен тілдесті. Мұндағы 900 орынға арналған үш қабатты типтік білім орны да заманауи жобалаумен салынуда. Барлық мектептер бойынша мердігерлерге адам күші мен техника санын арттыру талаптары қойылды.
Бірге жүрген облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиевтің айтуынша, биыл 26 жайлы мектеп іске қосылса, келесі жылы тағы 27 мектеп салу жоспарланған. Қазір 26 нысан бойынша облыс тарапынан мектеп үшін барлық жер телімдері «СамұрықҚазынаКонтракшн» АҚ-ға толығымен берілді. Биылғы нысандардың барлығында жұмыс қарқынды. Ал сыртқы инженерлік желілер, жолдар, электр қуатын тарту, абаттандыру жергілікті бюджет есебінен атқарылады. Бұл жұмыстар жүргізілуде.
– Жаңа оқу жылының басында тапсырылатын мектептерге облыс тарапынан жасалатын сыртқы инженерлік желілер толығымен дайын. Мердігерлермен жұмысты үйлестіріп, енді ішкі желілер бойынша кей жұмысты күте тұруға тура келеді. Себебі онда уақытша қойылған құрылыс материалдарынан, басқа да заттардан босағаннан кейін бірлесе жұмыс кестесін жасап, сонда кіріп жұмыс атқаратын боламыз. Инженерлік желілерді жүргізуге 5,2 миллиард теңге бөлінді. Мердігерлер өз істерін орындауда. Кей жерлерде біз кестеден озып та кеттік. Ішкі жұмыстардың бітуін күтіп тұрмыз, себебі сырттан кіретін жолды, ішкі абаттандыруды бастауымыз үшін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталуы керек, – деді Мұхамедғаріп Ниязұлы.
Айтуынша, бұл іс «Самұрық-Қазынамен» бірлесе жүргізіледі. Келесі жылдың 27 нысаны бойынша да жер телімдері толығымен аталған компанияға рәсімделіп, оның да инженерлік желілерінің жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Облыс басшылығы, құрылыс басқармасы аптасына бірнеше рет нысандардағы жұмыс барысын қадағалайды. Сонымен қатар қоғамдық кеңес, депутаттар, білім басқармасы өкілдерінен құралған жұмысшы тобы да бұл істе белсенді. Кірме жолдар салу жөніндегі құжаттамалар мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттен қаржыландыру қарастырылған.
«Самұрық-Қазына Контракшн» АҚ өкілі Мұқан Сәдуақасов журналистерге берген сұхбатында облыс бойынша 26 мектеп салынып жатқанын, соның 9-ын биылғы 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланғанын айтты. Алайда 4-5 мектепті оқу жылының басына дейін тапсыруға үлгермей қалуы мүмкін екенін жеткізді. Үлгеру үшін барлық шаралар қолданылып жатыр. Жұмысты кестеден кешіктірмеу ескертілді. Алғашқы кезекте салынып бітуі тиіс 9 мектеп бойынша жобаға түзету енгізілуі мүмкін екенін де ескертті. Ал басқаларын жыл аяғына дейін салып бітіреді. Оларға да жұмысты тездету үшін тиісті шаралар қолданылуда. Қажетті қаржы бөлінген, жұмыс кесте бойынша жүргізілуде. Тапсырысты әртүрлі мердігер орындауда. Жұмыс барысында құрылыс орны мен мердігер ауысқан, тіпті кейбірімен келісім бұзылған жағдайлар кездескен. Қазір жұмыс ойдағыдай атқарылуда.
Бейбіт Мекеев, Құтмағамбет Қонысбай, Серік Сатыбалдиев
Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандары