2022 жылы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік мәселелерін жеделдете шешу мақсатында Жамбыл және Ақтөбе облыстарында пилоттық жоба ретінде бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде Алматы облысында да табысты жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама бойынша, өңдеу саласында, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы бойынша кәсіп бастағысы келетіндер және басқа да бағыттағы бизнес жобасы бар азаматтар 7 жылға дейінгі мерзімге, жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген несие алады.
AMANAT партиясымен бірлесе атқарылатын бағдарламаның игілігін көре бастағандардың бірі – Қарасай ауданындағы кәсіпкер Назира Мыңбаева. Шамалған ауылдық округінде тұратын Назира Мыңбаева партияның аудандық филиалына жүгініп, кәсіп ашу үшін кеңес сұраған.
«Жоба аясында кәсіп бастау үшін AMANAT партиясының аудандық филиалына барып кеңес алдым. Кейін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиемен үлкен пештер, қамыр илейтін құрылғы және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтар мен ұн, тұз секілді шикізаттар сатып алып, наубайхана жұмысын бастап кеттім. Қазір Шамалған ауылында тұрғындарды сапалы нанмен қамтамасыз етіп отырмын», – дейді Назира Мыңбаева.
Кәсіпкер әйелдің сөзінше, наубайханада барлығы 6 адам жұмыс істейді. Өндіріс орнында тәулігіне 1500 бөлке нан пісіріледі. Сондай-ақ қосымша күн ара 500-600 дана бәліш, пицца, тәтті тоқаш жасалып, дүкен сөрелеріне жөнелтіледі. Оған қоса тәтті өнімдер жасайтын кондитерлік цех ашуды да ойластырып отыр.
AMANAT партиясының дерегінше, Алматы облысында аталмыш бағдарлама аясында былтырдан бері 1089 адам 8 млрд 267 млн теңге сомасында шағын несие алды. Биыл республикалық бюджеттен 14 млрд теңгеден аса қаражат қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 5,9 млрд теңгені құрайтын барлығы 629 өтініш түсті.
Бағдарлама шеңберінде шағын кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарына көрсетілетін қолдау көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпін береді.