Қазақстанның географиялық картасының бетінен ойып орын алған әйгілі Текес деген өзен бар. Сол өзеннің екі жағына бөлініп қоныстанған Текес, ЖаңаТекес атты ежелден еншісі бөлініп көрмеген ағайындас екі ауыл бар. Аталған елді мекен тұрғындарының ниет-тілегі, жұтатын ауасы, ішетін суы, тататын дәм-тұзы, қуанышы-қайғысы, тіпті, үшкіріп-түшкіруіне дейін ортақ. Бір-бірінен айыруға келмейтін осынау ұғымдар береке мен бірліктің, бауырмалдық пен сүйіспеншіліктің, салт-дәстүрді дәріптейтін тағылымды тәрбиенің алтын арқауына айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасудан айныған емес.
Жуырда ағалы-інілідей екі ауылдың басын біріктіріп отырған Текес ауылдық округінде «Қазына тұнған – құт мекен» атты шара өткізілді. Округтегі аналар кеңесі мен мәдениет үйінің өнерпаздары, ауыл жастары ұйымдастырған шараның өз мақсатынан табылуына екі ауылдағы ақсақалдар алқасы,білім ошақтары, балалар бақшасы, денсаулық сақтау,пошта-байланыс саласының жұмысшы-қызметкерлері, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, қоғамдық ұйым өкілдері атсалысты.
Аты айтып тұрғандай бұл аймақ қазына тұнған деген ұғымға әбден лайық. Бір кездері осы жерде атақ-абыройы республикаға танылған ауыл шаруашылығы болды. Осы жерде аудандық дәрежедегі астық қабылдау пункті, автотранспорт кәсіпорны, колхозаралық құрылыс ұйымы, электр жүйесі, Казсельхозтехника бірлестігі, жанар-жағар май стансасы, газ тарату мекемесі сияқты ірі-ірі еңбек орындары болды. Екі ауылдың арасын жалғап жатқан осынау еңбек орындарындағы қазандай қайнаған тіршілік тұрғындардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына, ауыл мәдениетінің көтерілуіне лайықты ықпал етті. Амал не? Осыдан отыз жыл бұрынғы жөн-жосықсыз саясат заманның тынысын тарылтып, уақыттың апшысын қуырғаны анық. Солай болса да, ауыл тұрғындары ынтымақтарын ыдыратқан жоқ. Ынтымақ бар жерге ырыс ұялайтынын адами құндылыққа негізделген ұлағатты ұғымдар арқылы дәлелдеді. Атақоныстарын алтын ұяға балап, бүгінгі шараны «Қазына тұнған – құт мекен» деп асқақтатуы да сондықтан.
Осы бір көптің есінде ұзақ сақталатын айтулы күнге екі ауылдың үлкендері басшы, кішілері қосшы болғаны шара барысында айқын аңғарылды. Қос мекеннің Қапержан Әбдіғаниев, Бурақан Диқанбаев, Жақсылық Байсеркеев,Жақыпберді Ысқатов, Жақыпақын Оразаев, Сейфолла Қойбеков, Алтай Байбосынов,Советжан Дәленбаев сияқты қазыналы қарттары мен Айша Ахметова,Нұргүл Жұмағұлова, Тұрсынай Әбиева, Күлпара Жүнісбекова, Гүлбану Мұқаметжанова, Ұлмекен, Күлсімқан сияқты ақ жаулықты аналары, Әкімхан Нүсіпқожаев, Мұрат Малдыбаев, Ерсай Нақысбекұлы, Нұрмұханбет Мұқаметжанов, Тілеу Сатылғанов, Зікірия Ділдебаев, тағы басқа да шаруа қожалығының басшылары мен кәсіпкерлер жастардың ақылшысы, ауылдың береке-бірлігінің алтын діңгегі іспетті. Екі ауылдың барша жаны осынау аяулы азаматтарын арқаланады, мақтан тұтады, қадір-қасиеттерін өздеріне үлгі етеді. Өнегелерін өрістетеді.
Бұл күні Текес пен Жаңа Текестің ортасына, өзеннің жағасына тігілген ою-өрнекті қазақ үйлердің төріне жайғасқан қазыналы қариялар әдет-ғұрып,салт-дәстүрге байланысты, бұрынғы өткен бабалардың ерлігі мен данагөйлігіне қатысты әңгіменің тиегін ағытты. Ән әуелеп, күй шалқыған салтанатты сахна, жастардың ойын-сауығының сәні саналатын алтыбақан, көрмеге қойылған ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, қазақ үйдің жасау-жабдықтары, жергілікті қылқалам шеберлерінің майлы боямен салынған көркем туындылары көрерменнің көзайымына айналды. Шараға арнайы келген аудан әкімінің аппарат жетекшісі Гуля Кенебаева мен меймандарды ауылдың жуырда ғана сайланған әкімі Жеңіс Қозыбақов, «Қызғалдақ» бөбекжай-балалар бақшасының басшысы Лиза Көшкенова, Қ.Шорманов атындағы орта мектептің мұғалімі Мөлдір Елеусізовалар таныстырды. Көпшілік шараның мәні мен мақсаты,маңызы туралы молынан хабардар болды. Шеберлердің қолынан шыққан алаша тоқу, киіз басу, құрақ құрау, сырмақ, көрпе, жастық сияқты тұрмыстық заттар жасалу жолдарына, ірімшік қайнату, қатық сүзіп,құрт жасау, арпа, бидай, тары қуыру, келі-келсаппен түйіп, жармалау сияқты ұлттық тағамдардың ұмыт бола бастаған қыр-сырына қанықты. Шара барысында халықтың әдет-ғұрыпқа тән көнеден келе жатқан тағы бір мұрасы – «Сүндет тойдың» мәні мен мақсаты, жөн-жоралғысы, дәстүрге сай атқарылуы көптің көз алдында орындалды.. Ақсақалдар ақ баталарымен алқады. Ақ кимешекті аналар шара табақтан шашуларын шашып, сүндет той құрметіне арналған халық әндерін мақамына келтіре шырқады. Сахна төрінде Текес өнер мектебі ұжымы мен мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақтолқын» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы Қожеке Назарұлының «Ақтолқын» күйі, Айбек Уәлиханов орындаған «Ауылға сағыныш», аналар кеңесінің төрағасы Нұргүл Жұмағұлова жетекшілік ететін «Ақ әжелер» ансамблі әуелеткен халық әндері, Сапара Алтынай, Амантұр Салтанат сияқты күміс көмей әншілердің орындауындағы «Майлығожаның термесі», «Өмір термесі» сияқты тағылымға толы әндер тыңдарман құлағының құрышын қандырды. Жүректерін жылытып,бойларын балқытты. Қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, қошқар көтеру, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, қол күрес сияқты ұлттық спорт ойындары да думанға думан қосып, шараны одан әрі қыздырды. Жұртшылықтың басын қосып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді қайта жаңғырту, береке-бірлік, татулық пен бауырмалдық,сыйластық атты құндылықтарды бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат еткен «Қазына қонған-құт мекендегі» танымдық шара мән-мағынасымен ауыл тұрғындарын үлкен әсерге бөледі.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы