Бүгін Іле ауданындағы полигонның сенімгерлік басқарушысы «ADC TAZA А’Lem» ЖШС негізінде қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді материалдарды, темірбетон бұйымдарын қайта өңдейтін және қоқыс жағу арқылы электр энергиясын өндіретін зауыт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Жобаның жалпы құны шамамен 32,6 млрд теңгені құрайды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да сұралған қаражат көлемі – 24,3 млрд теңге. Бұл жоба іске қосылғанда 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
«Жасыл даму» АҚ бірнеше бағдарламаны жүзеге асырады. Соған орай Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткен болатын. Қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы бөлінбек. Оның сыйақы мөлшерлемесі 3% және қарыз беру мерзімі үш жылдан 15 жылға дейін деп белгіленген. Үш жыл ішінде бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі – 185 млрд. теңге.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жобалау тобы барлық әкімдіктермен, сондай-ақ салалық бизнес өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша жалпы құны 232,2 млрд теңгені құрайтын 94 жоба іріктелді.
Қазір Экология министрлігі 147 763 млн теңгенің 30 инвестициялық жобасын қарап, қорытындысында осы бизнес субъектілері қор талаптарына сәйкес екінші кезеңдегі құжаттар топтамасын дайындауға кірісті. Оның ішінде қордан сұралатын қаржыландыру көлемі 125 201,8 млн теңге болмақ. Бұдан бөлек, қорда қарастырылған 24,3 млрд теңгенің үш жобасы әкімдіктерге жолданды, оның ішінде сұралатын сома 19,5 млрд теңгені құрайды.
Салтанатты жиында сөз алған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Руслан Төкенов:
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ірі қалалардың жанынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар салуды міндеттеген болатын. Осы орайда Үкіметте 94 ірі жоба дайындалды. Бұл жобалар аясында болашақта елімізде 2,2 млн тонна қалдық өңделіп, көрсеткіш екі есеге дейін өспек, – деді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков өз сөзінде жаңа нысанның маңызы зор екенін айтып, зауыт жұмысын жандандыратын жауапты тұлғаларға алғыс білдірді.
Әкімдіктердің дерегі бойынша, 2023 жылы елімізде шамамен 4,1 млн тонна коммуналдық қалдық түзілді, оның ішінде 1 млн тоннасы (24 пайызы) сұрыпталды және қайта өңделді. 2022 жылы шамамен 4,3 млн тонна қалдық түзіліп, оның 25 пайызы қайта өңделді). Қалған көлемі полигондарда көмілді.
Облыстың ресми ақпараты бойынша, 2023 жылы 440 мың тонна коммуналдық қалдық түзіліп, оның 92 мың тоннасы, яғни 21,1 пайызы сұрыпталып, қайта өңделген.
Бейбіт Мекеев,
Іле ауданы