Халқымызда «Көненің көзі, дананың сөзі» деген қанатты сөз бар. Ықылым заманнан ел аузында кеңінен тараған бұл нақыл сөздердің түп-төркініне байыппен зер салып қарасақ, ата-бабадан қалған көне дүниелердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қаз-қалпында сақталып келе жатқанын аңғарамыз. Көне дүниелер қаншама заман өтсе де, өзінің құндылығын жоғалтпастан, мәңгі жәдігер болып қала бермек. Көбінесе, тамыры ежелден сыр тартатын жәдігер заттар еліміздің түкпір-түкпіріндегі тарихи-өлкетану музейлеріне қойылса, кейбір адамдар атадан балаға мирас ретінде қалған заттарды үйінде көзінің қарашығындай сақтауды дәстүрге айналдырған.
Тіпті, кейбір көне дүниелер күнделікті өмірде қолданылып, олардың қаншама уақыт өтсе де, еш өзгеріссіз, өзінің байырғы құндылығын сақтағанын сол заманда туып-өскен адамдар аңғара бермейді. Сондай көне дүниелердің бірі деп ауыл көшелерін безендіру мақсатында салынған суреттерді де айтуға болады. Өйткені ол тамаша туындылар да бес саусағынан өнері тамған шебердің қолынан шығып, заман көшіне ілесіп келе жатқан теңдессіз мұра.
Ал мен үшін көне дүниенің бірі – Бақанас ауылындағы Қ. Бижанов көшесінің бойында орналасқан асхана төрінде тұрған сурет. Ол суретте жазық даламен көкпар тартып, бір-бірімен жарыса шауып келе жатқан шабандоздар бейнеленген. Көне сурет менің бала кезімде асхана төрінде қалай ілулі тұрса, әлі күнге дейін тура бәз-баяғы қалпында. Содан бері арада бірнеше жыл өтсе де, сол жерде жәдігердей сақталып тұр. Көрген адамды өзіне баурап алатын суреттегі көрініс қалайы қаңылтырға бейнеленген. Суретшілердің осындай қолөнер туындыларын «Чиканка» немесе «Батырма» деп атайды. Бір-бірімен жарыса шауып, тізбектеліп келе жатқан шабандоздардың суретіне бір мезет зер салсаң, шынайы атты адамдар көзге елестеп кетеді.
Әңгімені арыдан қозғап, байыппен баяндасам, мен Көкжиде ауылында дүниеге келдім. Бар балалық шағым, балғын күндерім туған жерде өтті. Мектеп табалдырығын 1978 жылы аттадым. Сол жылы аудан орталығындағы Бақанас мектеп-интернатына қабылданбас бұрын, бір-екі күн медициналық тексеруден өтіп жүрдік. Түс мезгілі болғанда әкем, әпкелерім Бақыт, Қалампырды және ағам Бақтыбекті түскі ас ішуге Бақанас ауылындағы орталық асханаға бастап келді. Асхана ғимаратына кірген сәтте бір қабырғаны тұтастай алып тұрған керемет суретке көзім түсті. Суретте көкпар тартып, атпен шауып келе жатқан шабандоздар бейнеленген. Салт аттыларды көргенде, шынайы сезімге берілгендіктен болар, сірә, кенет құлағыма дала төсін дүбірлетіп, шауып келе жатқан сәйгүліктердің тұяғы естілгендей болып кетті. Керемет бір әсерге бөленіп, суреттен көз алмастан тамсанып, ұзақ қарап, бір орнымда тұрып қалдым. Шынайы әсерге бөленгенім соншалықты маған асхана ғимаратының төргі қабырғасы жазық дала сынды көрініп, әлгі тұлпарлардың тұяқтары дүрсілдеп, құйрық-жалдары желбіреп, құлақтарын қайшылап, ұшқан құспен жарысып келе жатқандай елестеді. Ат үстінде отырған шабандоздар да арғымақтарына қамшы басып, алдыңғы атқа жетсем деп асығып-ақ келеді. Тіпті ас ішіп отырғанда да мен суреттен көз алмай қарап отырдым. Тамағымды жылдам ішпесем, әлгі сәйгүліктер бізді басып кете ме деген сезімде болдым. Асханадан шығып бара жатып та артыма бұрылып, бірнеше рет қарадым. Сол кездегі менің жан дүниемді ешкім түсінбеді және мен тіс жарып ешнәрсені түсіндіріп айта алмадым.
Мектепте оқып жүргенде сол суреттегі көрініс көз алдыма қайта-қайта елестеп кететін. Келесі жылы 2-сыныпқа барарда, әдеттегідей, медициналық тексерістен өттік. Түс мезгілі болғанда, тағы да орталық асханаға баратын шығармыз деп ойлап жүрсем, өкінішке қарай, олай болмады. Сол күні Бақанас ауылында тұратын әкемнің жездесі Сазанбек атаның үйіне барып, түскі ас іштік.
Ал 3-сыныптан бастап, 6-сыныпқа дейін өзімнің туған жерім Көкжиде ауылындағы «Қызыл Ту» орта мектебінде білім алдым. Осы жылдар ішінде асхана төріндегі суретті көруге менде еш мүмкіндік болмады. Бірақ неге екенін білмеймін, сол сурет көз алдыма келе берді. Сурет сабағында мұғалімдер еркін тақырыпта сурет салыңдар десе, мен бірден көкпар тартып, шауып келе жатқан шабандоздардың суретін салып жүрдім. Бірақ менің салған суретім әлгі асхана төріндегі бейнеленген суреттегідей әсерлі болмай шығатын-ды.
Әкем Мейрамбек Ақкөл кеңшарына қарасты Көкжиде фермасында қой бағатын. Ол кезде жаздық демалысты малды ауылда өткізу – малшылар қауымының балаларының маңдайына жазылған бақ болатын. Әлі есімде, 4-сыныпты аяқтаған жазғы демалыс еді. Сол жылы Тоғайбай өзенінің жағалауына қоныстандық. Біздің жайлаудың күншығыс жағында Асылбек Сайлыбаев бізбен көршілес қоныстанды. Екі ауылдың арасы шамамен 2-3 шақырымдай. Ауыл арасы жазық дала болғандықтан, көрші ауылдың қазақ үйлері мен қора-жайлары алыстан-ақ көрініп тұратын. Тіпті таң мезгілдерінде жақын тұрғандай елестейтін. Кіндік анам Оңалбаланың қазан-ошақта жүргенінде байқап қалатынмын.
Бір күні Асылбек ағалардың ауылында той болды. Түске таман сол маңайдағы малшылар қауымы аттарына мініп, той болатын көрші ауылға қарай өтіп жатты. Бір кезде көрші ауылдағы той көрігі қызып, сол күні жел күншығыстан соққандықтан, ара-тұра ән шырқап, шуылдаған дауыстары да естіліп тұрды. Түстен кейін анам Секербала ауылға атпен шауып келді де, бізге «Айналаны жинап қойыңдар, қазір көкпаршылар келеді» деп, өзі үйге кіріп, сандықты дереу ақтарып, қызыл түсті кездемені алып, әлгі кездеменің бір шетіне ақша түйді. Әне-міне дегенше, көрші ауылдағы көкпар да басталды десеңші. Біз оларға алыстан қарап тұрдық. Атты адамдардың ары-бері шауып жүргендері болмаса, ешнәрсе анық көрінбейді. Арада жарты сағат өткен соң, көкпаршылар біздің ауылды бетке алды. Жазық далада бір-бірімен жарысып келе жатқан көкпаршылардың сол көрінісі маған асханадағы әлгі бейнеленген суреттей елестей жөнелді. Сол сәтте қуанышым қойныма сыймай «О неткен тамаша! Керемет! Қараңдар-қараңдар тура суреттегідей» деп айқай салдым. Көзді ашып-жұмғанша, Қуатбек аға бастаған шабандоздар көкпарға берілген серкені біздің үйдің алдына әкеліп, тастай салды. Топырлаған атты адамдар үй маңына қаптап кетті. Олардың ішінде Жапарқұл нағашымының жүргенін аңғардым. Қарындастарым Динара мен Салтанатқа «Тез үйге кіріңдер, ат басады, шықпаңдар» деп оларды қауіпсіз жерге орналастырып жүрсем де, қуанғанымнан: «Керемет, өте керемет болды. Тура суреттегідей болды ғой», – деп, бірнеше рет қайталап айттым. Бірақ менің сол сәттегі шексіз қуанышымды ешкім түсінген жоқ. Мен де оларға түсіндіріп айта алмадым. Анам көкпаршыларға сусын ұсынып болды да, есік алдында жатқан серкенің артқы аяғына ақша түйілген әлгі кездемені байлады. Дәуітбай атам оларға: «Жолдарың болсын!» – деп батасын берді.
Сол сәтте жан-жақтан анталаған көкпаршылар: «Қуатбек аға, өзіңіз алыңыз, көкпар сіздікі», – деп шулап кетті. Олар Қуатбек ағаның ат үстінен еңкейіп, қолын созып, көкпарды жерден көтергенін күтіп тұрды. Қуатбек аға көкпардың артқы аяғынан оң қолымен ұстап, жерден шапшаң көтеріп, тақымына басты да, серкенің аяғына байланған кездемені шешіп, ішіндегі түйілген ақшаны көкпаршыларға бір көрсетіп, өзінің төсқалтасына салып қойды. Мұнан соң кездеменің бір шетінен ұзынша етіп жыртып алды да, шашын артқа қайырып шүберекпен маңдайын таңып байлады.
– Қалғанын «Жігіттер бөліп алыңдар» деп лақтырып жіберді. Ауада ұшып бара жатқан кездемені Рәтбек аға қағып алды да: «Қария, үйіңізде той болсын», – деп атама тілегін айтып, көкпаршыларға қарап, кеттік деп айқай салды. Қуатбек ағаның есік алдынан шыққаны сол-ақ екен, жан-жақтан шабандоздар ентелеп келіп: «Жіберме-жіберме, бас тақымға, алдын ора, атты жетекте, бол-бол», – деп бәрі жан-жақтан шулап кетті. Мен жүгіре басып, өзен жағасындағы дөңестеу жерге шығып, қарап тұрдым. Сондағы бар арманым тағы да суреттегідей көрініс қайталанып қала ма деген үмітім еді. Бірақ мен ойлағандай болмай шықты. Өйткені көкпаршылар күнбатысқа қарай шауып, өзектен өтіп, Ойшы әкенің ауылын бетке алды. Сол кездегі көкпершілердің дәстүрі қатар қоныстанған ауылдарды аттап кетпейді. Бұл оқиға осы күнге дейін менің есімнен бір сәтке ұмытылған емес.
Шынында да көпшіліктің тілегі қабыл болып, сол жылы Қалампыр әпкем 10 жылдық мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, біздің үйде де той болды. Сөйтіп, 7-сыныпқа көшкен жылы қайтадан Бақанас мектеп-интернатына ауысып келдім. Бір күні сыныптас достарыммен көше аралап келе жатып, асханаға кірдік. Асхана ғимаратына кірген бетте әлгі сурет көзіме оттай басылды десеңші. «Ой мынау баяғы сурет қой, әлі тұр екен», – деп қатты қуанып кеттім. Қасымда тұрған жігіттер еш таңқалмастан: «Мына сурет пе? Бұл сурет баяғыдан осы жерде тұр ғой», – деп жауап берді. Сөйтіп ара-тұра, ары-бері өткенде асхана төрінде тұрған суретті көріп жүрдім. Көрген сайын суретке көз алмай қарап тұратынмын. Себебі ол сурет менің балалық шағымды көз алдыма елестетеді. Ал 1995 жылы Ақдала, Бояулы ауылдарының ортасында орналасқан «Алмабақта» күзетші болып жұмыс істеп, сол жерде тұрдым. Әлдеқашан Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп, шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болып алған кезім еді.
Бір күні қара қасқа құнанымды мініп, мал қарап келе жатып, ойламаған жерден Бояулы ауылының тұсында көкпар тартып, ойын-сауық құрып жүрген жігіттерге кезіктім. Жігіттермен сәлемдесіп алған соң, олар маған қалжыңдап: «Бауырым, қолыңнан келсе көкпарды тақымға бас та, Ақдала қайдасың деп тұра қаш. Егерде астыңдағы атың жүйрік болса, көкпар сенікі болады» деп ішек-сілелері қатып күлді. Әрине ондай кезде мен де қарап тұрмасым айдан анық. Бірден «Әп, бәрекелді!» деп көкпардың сирағынан ұстап, тақымдай бастадым. Олар да қарап қалмай, жан-жақтан қаумалап, алдымды орап, тұра қалды. Топ ішінде тұрған атақты көкпаршы, Бояулы ауылының тумасы Аманжол Орынбаев «Жігіттің алдын бөгемеңдер, жіберіңдер, астындағы аты қаншалықты жүйрік екенін байқап көрейік» деп ауылдастарына керемет ой тастады. Көкпарды жақсылап тақымға басып алдым да, қара қасқа құнанның жамбасынан қамшыны жалатып ұрдым. Атқан оқтай зулаған арғымақ топ ішінен суырылып шыға кетті. Сол бетте «Ақдала, қайдасың?» деп аттың басын жібердім.
Ешкімге есе жібермейтін шабандоздар «Пай-пай, шіркін, арғымағы ытырылып тұр ғой. Кетті-кетті, қуыңдар, жібермеңдер» деп шуылдасып жатты. Ә дегенде жан- жағымнан көкпаршылар ентелеп келе жатқандай болды. Бір қарасам сексеуіл, жыңғыл өскен, құмдауыт далада дара шауып келемін. Жазық далаға түскенде көкпарды оң қолыммен жоғары көтеріп, артыма бұрылып қарадым. Сондағы бар арманым – суреттегідей көрініс бейнеленді ме деген ой. Шынымен де суреттегідей көкпаршылар менің артымда тізбектеліп шауып келе жатты. Бірақ ол көріністі мен сырттан бақылап тұрғанымда тамаша болар еді деп ойлаймын.
Сөйтіп көкпарды тақымдап әрмен қарай шауып кете бардым. Ақдала ауылына жақындап қалғанымда топ ішінен суырылып, «Ақылтеке» тұқымды қара төбел құнан мінген Бақыт Өскенбаев ағамыз жақындап қалыпты. Адымы алшақ жануар Ақдала ауылындағы қырманның маңына жеткенде менің арғымағымен қатарласа шауып, астымдағы ат сүрініп, көкпар жерге түсіп қалды. Қуып келе жатқан шабандоздар жерде жатқан көкпарды дереу іліп алды да, кері қарай шаба жөнелді. Мен де аттың басын кері бұрып, көкпаршыларды қуып жетіп, олардан сұрадым: «Қалай, жігіттер, суреттегідей болды ма?» – дегенімде олар маған қалжыңдап: «Қайдағы суреттегідей, кинодағыдай болды», – деп жауап берді.
Онан кейін де бірнеше көкпар ойынында тақымыма көкпар ілінсе, топты жарып, дара шабуға тырысып бағатынмын. Сондағы бар арманым суреттегідей көріністі қайталау еді. Мен ойлағандай болмады.
Ол сурет қанық бояуының көркемдігімен әлде қалайы қаңылтырға «батырма» нұсқада бейнеленгендіктен бе, көрген адамға ерекше әсер беріп тұрады. Әлі күнге дейін көне суретті көргенде балалық, балдәурен шағым еске түсіп кетеді.
Сол бір бейнеге қызыққаным соншалық, көнекөз қариялардан суреттің тарихы жайында сұрай бастадым. Олардың ешқайсысы нақты тарихын дөп басып айта алмады. Кейбіреулері асхана ғимараты салынған кезден бері тұр десе, енді бірі кейіннен ілінді деп айтады.
Ақдала ауылының тұрғыны, Балқаш ауданының Құрметті азаматы Ақынбек Станбековтың болжамына сүйенсек, асхана ғимараты шамамен 60-жылдары салынған. Ал менің әріптесім Айнахан Шайсұлтанқызы ол суреттің 1971 жылы тұрғанын көрген. Олай дейтіні, ол кісінің анасы Атипа Ашнамова сол асханада аспазшының көмекшісі болып бірнеше жыл жұмыс істеген. Айнахан Шайсұлтанқызы анасының жұмыс орнына жиі барғандықтан, көне сурет ол кісінің есінде сақталып қалған болар.
Ауданға танымал суретшінің бірегейі Боран Қоңырбаевтан көне сурет жайында сұрағанымда, ол кісі: «Асхана төрінде тұрған сурет облыстық безендіру мекемесінде арнайы тапсырыспен жасалынған. Мен ол суретке университет бітіріп, жұмыс істеп жүргенде 1982 жылы әрлеу жұмыстарын жүргізгенмін», – деп жауап берген болатын-ды.
Қазіргі таңда асхана ғимараты Айтжамал Сапарғалиеваның меншігінде. Ғимараттың жарты бөлігі азық-түлік сататын дүкен болса, асхана бөлігінде нан өнімдерін дайындалып, тағамдар әзірленіп, тұтынушыларға ұсынылады. Бір қуантарлығы, көне сурет осы күнге дейін сол жерде қаз-қалпында ілулі тұр.
Көне суретті көрген сайын балалық шағым көз алдымнан өтеді. Бейнебір бала Бақтығали қайтып оралғандай. Сондықтан да, ол суретті мен «Бала күнімнің естелігі» деп айтамын.
Өткен шақтардың естелігі болатын көне дүниелердің қадірін біліп, олардың құндылығын кейінгі ұрпаққа насихаттап жүру де бір ғанибет! Зымырап, зулап өтіп жатқан қас-қағым уақыттың естелігін мәңгі сақтайтын ол тек сурет қана. Әрбір сәттің, әрбір шақтың, әрбір құнды дүниенің бағасын бағамдай білейік.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы