Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жүктелген міндеттері мен функцияларына сәйкес 2024 жылдың 1-жарты жылдығында 33 аудиторлық іс-шара өткізілді. Бұл туралы баспсөз-мәслихатында департамент басшысы Нариман Ботанов айтты.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелерінде 9,7 млрд. теңгеге бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтар анықталған. Бүгінде департамент тұрақты негізде қаржылық заң бұзушылықтарды өтеу және қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Баршаға мәлім, департамент қызметіне камералық бақылау жүргізу қызметі де жатады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 маусымға дейінгі ахуал бойынша, жалпы сомасы 346,9 млрд. теңгеге 12180 лотты камера арқылы бақылауға алды, оның ішінде жалпы сомасы 320 млрд. теңгеге 11963 лотты (98,2 пайызы) қарады. Нәтижесінде 75,2 млрд. теңгені құрайтын 2379 лот бойынша заң бұзушылықтар анықталып, жалпы сомасы 346,9 млрд. теңгеге тең заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолданды.
Нариман Манапұлының айтуынша, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабына сәйкес 108 камералық бақылау материалы соттың қарауына беріліп, мекемелердің лауазымды тұлғаларына барлығы 4 186 728 теңге көлемінде әкімшілік құқық бұзу айыппұлы салынды.
«Осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әкімшілік айыппұлдар саны 371–ге жетіп, әкімшілік айыппұлдар саны 232 пайызға ұлғайған», – деді Алматы облысы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Нариман Ботанов.
Айта кетейік, жыл басына бері департаментке 2129 шағым түскен. Оның 1723-і қаралып, 98 өтінім қайта қарауға жіберілсе, 308-і қарауда жатыр. Жауаптылардың сөзінше, ең көп шағымдар мемлекеттік сатып алу ісіне қатысты екен.