Атақты балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев айтқандай «біз де бала болғанбыз». Жетпіс беске аяқ бассам да, сол күндердің суреттері жадымда сайрап тұр. Биыл Бердібек ағамызбен құрдас, әрі қаламгердің жерлесі Ілияс Байғозиев де тірі болса 100-ге келгендей екен. Амал не, бар-жоғы қырық төрт жасында өмірден ерте кетті. Ол кісі ауыл жастарының нағыз жанашыр еді.
Асыл заматтың өмір жолына зер салып қарасаңыз, көп нәрсені аңғарасыз. Заман талқысына шыңдалған ұрпақтың өкілі. 1924 жылы Кеген ауданының Жалаулы өңірінде, қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Балалық шағынан жоқшылық пен таршылықтың дәмін татып өседі. Ашаршылықтан қынадай қырылған қазақтың қайғы-шерін көзімен көрген.
Жастық шағы шырғалаң шытырман кезге тап келген Ілияс Байғозиев 1941 жылы Кеген орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіре салысымен, әрі қарайғы оқуды қоя тұрып, бұғанасы қатпастан ауыр еңбекке араласты. Екінші дүниежүзілік соғыстың тылдағы ащы дәмін осылай татты. Білікті жас қабілетін де танытпай қойған жоқ. «Бірлік» ұжымшарында есепші болып жұмыс істепті. Десе де бір күш оны алға қарай жетелейді. Жігерін қайрайды. Соның арқасында орта мектепті сырттай оқып бітірген. «Талапты ерге нұр жауатыны» белгілі. 1954 жылы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдайды.
Өткен ғасырдың екінші жартысында, нақтырақ айтар болсақ, елуінші, алпысыншы жылдарында республикада жалғыз университет болды. Ол Киров атындағы мемлекеттік университеті еді. Сол жоғарғы оқу орнының экономика факультетін Ілияс Байғозиев ағамыз 1964 жылы үздік бағалармен бітіреді. Өндірістегі қызметін «Тоғызбұлақ» ұжымшарында бас есепші болып бастайды.
Уақыт дегенің қанатты құстың зу етіп ұшқаны сияқты ғой. Іскер азамат 1965-1969 жылдар аралығында Нарынқол (Райымбек ауданы) ауданындағы ХІХ партсьезд атындағы ұжымшардың басқарма төрағалығына сайланады. Шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне, төрт түліктің көбеюіне, ауылдың экономикалық жағдайының жақсаруына, еңбеккерлердің тұрмыстық әл-ауқатының артуына үлесін қосады. Ойдағыдай нәтижелерге жетеді.
Халықтың ілтипатына бөленіп, шаруашылықтың ғана емес, аудан басшыларының да назарын аудара бастайды. Сондықтан оны 1969 жылы ауданның ең ірі шаруашылығы, тоғыз жолдың торабына орналасқан елдімекен – Калинин атындағы ұжымшарды басқаруға жібереді. Мұнда бірқатар ұлт өкілдері қатарласа өмір сүріп жатты. Сонымен қатар Сарыжаз ауылында ірі мекемелер жұмыс істеді. Мәселен, ондағы облыстық нерв жүйесі ауруханасы және ауылдық емхана – үлкен ұжым. Жол жөндеу мекемесінің аумақтық орталығы өзінше бір нысан. Одан орман шарушылығы мекемесі де қалыспайтын. Қазақ-орыс орта мектебіндегі оқушылар мен мұғалімдер де аз емес. Жыл сайын ауыл шаруашылығына керек тракторшы мен комбайншы дайындайтын № 119 кәсіптік-техникалық училищесі тағы бар. Қысқасы, ауылдың көлемі аудан орталығына жуықтайтын. Мұндағының бәрі білікті азамат Ілияс Байғозиевтың ақылына құлақ түретін.
1969 жылы мектепті бітірген соң менің еншіме «кішігірім атқамінерлік» қызмет тиді. Өнерпаздығым кәдеге асты. Ауылдағы Мәдениет үйінің меңгерушісі болдым. Кейде есепшілік жұмысқа да жегілдім. Одан басқа да «шолақ белсенділігім» аз емес. Алайда жоғарғы оқуға бара алмай біраз кідірдім. Аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарда мақалаларым, өлеңдерім жарияланып, танымалдығым артты.
«Армансыз күнім болмайды» дегендей, арманым – КазМУ-дің журналистика факультетіне түсіп, қаламгер атану еді. Сөйтіп жүргенде бір күні ұжымшар бастығы Ілияс Байғозиев мені өзіне шақырды. «Жастық желікпен бір нәрсені бүлдіріп қойған жоқпын ба?», – деп те тіксіндім. Кабинетіне имене кірдім. Қабағын шытпайтын, жастарға жанашыр көзбен қарайтын басшы жалғыз отыр екен.
– Ассалаумағалейкум! – дедім қазақы ілтипатен.
– Уғалайкумассалам! – деп ол кісі де сәлемімді алды.
– Қалқам, қал-жағдайың қалай? – деп сұрады.
– Жақсы, аға. Сіз шақыртты деген соң…
– Қазір не істеп жүрсің?
– Мәдениет үйінің меңгерушісімін, аға…
– Онда дұрыс екен. Қандай оқу орнын бітіріп едің, дипломың бар ма? – деді тәптіштеп.
– Орта мектепті бітірген соң, одан әріге жағдай болмай, ауылда қалып қойдым…
– Бұл енді дұрыс емес. Сендей талантты жігіттің оқуы керек. Мен мақалаларың мен сатиралық өлеңдеріңді, сын-сықақтарыңды газет-журналдардан қарап жүремін. Ауылдастарыңның айтуына қарағанда, өзің бесаспап секілдісің. Әдебиеттен, өнерден құралақан емессің. Есеп-қисаптан да жаңылмайтын түрің бар. Сені шақырған себебім, басқарма мүшелерімен ақылдаса келіп, ауыл шаруашылығы институтына немесе бір жылдық бухгалтерлік оқуға арнайы жолдама берсек дейміз. Оған қалай қарайсың? – деді Ілияс аға шын көңілімен мейірлене қарап.
Тосын сұраққа жауап таппай қиналдым. Тәуекел деп, бухгалтерлік оқуға барсам ба екен, әлде… Онда болашақта қаламгер боламын деген мақсат-мұратым не болмақ? Осы тұста ойыма інім Мұқайдың орала кеткені. Ол да орта мектепті биыл бітірді. Ұжымшардың жұмысында жүр. Сегіз қырлы, бір сырлы дегендей, өнерге де, есеп-қисапқа да бейімі зор. Орныма сол інімді ұсынып көрейін деген оймен батылдана пікірімді айттым.
– Ілияс, аға, ағалық ақылыңызға мың да бір алғыс! Шынымды айтсам, мен журналист болуды армандап жүрмін. Ал сіз ұсынған оқуға Мұқай деген інім бар, сол лайықты сияқты. Артық айтсам кешіріңіз! – дедім.
Жастардың жанын түсіне білетін қамқор басшы «қалқам» деген өзінің әдетімен:
– Талабың таудай екен, қалқам. Ойлаған мақсатыңа жетуіңе тілектеспін! Ал сенің ұсынысыңа келсек қарсы емеспін. Ең алдымен ініңнің өзін көріп, әңгімелесіп, содан кейін шешімін айтайын, – деді.
Арада бір-екі күн өткенде Мұқай інімді ертіп бастыққа қайта кірдім. Ініме барлай бір қарап алды да, ақырын езу тарта жымиды.
– Қалқам-ау, оқуға жіберейік деп өтінген жігітің осы ма?! Өзінің мектеп бітіргендей кескін-келбеті көрінбейді ғой. Пошымы кіп-кішкентай. Әлі оқушы сияқты, – деп бір рахаттана күліп алды. Сөзін ары қарай жалғап:
– Әй, бірақ жақсы қызметкерлер кейде осындай жігіттерден шығады. Біздің ауданда Мұқайға ұқсас бас бухгалтер де бар. Олардың ойы ұшқыр, есеп-қисабыңды шемішкеше шағады. Бәлкім сол ағалары сияқты мықты бас маман болуы мүмкін ғой. Оқуға жолдама берсек, сенімімізді ақтайтын шығар? – деп Мұқай ініме сұраулы жүзбен қарады.
– Сіздердің сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Мен де өзіңіз басқарып отырған осы ұжымшардың белсенді бір мүшесімін ғой, – деп, Мұқай інім де өзінің қуақы әзілімен бізді бір күлдіріп алды.
– Олай болса, біздің болашақ бухгалтер, құжаттарыңды әзірлеп, Алматыға оқуға баруға дайындала бер, – деп, Ілияс аға біздің көңілімізді көкке ұшырып, ақ жол тіледі.
Мұқай сенімді молынан ақтады. Ұзақ жылдар ұжымшарда бас бухгалтердің орынбасары, аудандық электрмен жабдықтау басқармасының бас бухгалтері болып жемісті еңбек етті. Өнерден де шет қалған жоқ, Сарыжаздағы ауыл жастарының ұйтқысына айналды. Амал қанша, аяулы інім де өмірден ерте қайтты.
Әлі есімде, Ілияс Байғозиев ұжымшарды басқаруға келген 1969 жылы бүкіл елімізде бұрын-соңды болмаған қар жауды. Мал өріске шыға алмай, жем-шөбін тасып беріп, жайылымдарын арнайы техникалармен аршып, бәрі әбігерге түсті. Бастықтың ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбегі осы кезде тіптен айқын көрінді. Бас мамандар мен жас мамандарды жұмылдыра жүріп, 60 мыңнан астам қой, мыңдаған ірі қара мен жылқыны қатал қыстан аман алып шықты. Ол кісі осындай іскерлігінен танған емес.
Ойлап отырсам, одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті-ау!.. Жастарға жанашыр болған Ілияс Байғозиев аға көзі тірі болса, жүзге келетін еді… Шүкіршілік ететініміз, орнында бар оңалды. Жұбайы Тоқтасын екеуі төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Олардың бәрі де ата-анасының өнегелі өмірлерін жалғастырды. Бір-бір үйдің шаңырағын көтеріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Динасы – дәрігер, Ұлжан мен Тойжан қаржы саласының мамандары. Нұргүлі – ұстаз, Бақтыбегі көпшілікті сүйіндірген ер еді, өмірден ерте кетті. Жоламаны – құрылыс саласының қызметкері, ал Нарымбек – тәртіп сақшысы, полиция қызметкері. Болаты – фермер. Әрқайсысы әке жолын лайықты жалғастырып жатыр.
Ұрпақтары әкелерінің 100 жасқа толу мерейжасын атап өтпекші екен.
«Жақсыдан қалған тұяқ» деп данышпан халқымыз айтпақшы, жақсы ағадан қалған бала-шағалары, немере-шөберелеріне ақ жол тілейміз. Той – тойға ұлассын!
Нұртан Төлепбергенұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы