Қапшағай қаласы 2022 жылы салынуына бастамашы болып, іргетасын өз қолымен қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың атымен аталғаны баршаға мәлім. Аталып қана қоймай, Алматы облысының орталығы болды. Бұл – қала тұрғындары үшін зор қуаныш әрі мақтаныш.
Облыс орталығы мәртебесін иеленгеніне екі жылдың ғана жүзі болғанымен, қаланың ажары айшықталып, күн өткен сайын көркіне көрік қосылып келеді. Орталық саябақ күрделі жөндеуден өтті. Еліміз бойынша ең үлкен скейтпарк, Даму орталығы, қазақ мектеп-лицейі ашылды. 12 қабатты тұрғын үй және тағы басқа әлеуметтік нысандар мен «Алматы-Өскемен» күрежолының бойынан ашылған әскери техникалар тарихынан сыр шертетін ретро-музей ел игілігіне берілді.
Сейфуллин көшесі кеңейтіліп, абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Қала мен Арна ауылының ортасын жалғайтын автомобиль жолының құрылысы басталды. Алдағы уақытта басқа көшелер де кезең-кезеңмен күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылмақ. Бірқатар көшені кеңейту жоспарлануда.
Жаңадан пайдалануға берілген жағажайда демалушыларға барлық жағдай жасалған. Келесі жылы 15 гектар аумақта уақыт талабына сай құрамына қонақ- үйлер, пирс, субұрқақтар шоуы, аквапарк, аттракциондар, сауда орындары кіретін, бір маусымда 3 млн адам қабылдауға мүмкіндігі бар жағажай кешені іске қосылмақ. Кешеннің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мұның қуанышты жағдай екенін айтты.
Келешекте қаланың Бас жоспарына сәйкес, облыстық әкімдік пен басқармаларға арналған ғимараттар салынып, көптеген әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлер бой көтермек.
Өз басым халқымыздың біртуар перзентінің есімін еншілеген осы қаланың тұрғыны болғанымды мақтан тұтамын. Қаланың келешегінің кемел, болашағының жарқын болатынына сенімім кәміл.
Жәнел ЖҰМАНОВА