Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласы бүгінде шағын құрылыс алаңына айналған. Мұнда түрлі нысандар мен тұрғын үйлер жоспарға сай бой көтеріп, жағажайлар жасалуда. Бұл турасында таяуда қалалық әкімдік ұйымдастырған пресс-турда мәлім етілді.
Құрылыс бөлімінің бас маманы Самал Тасқалиеваның айтуынша, алдағы жылдары көпқабатты 31 үй тұрғызу жоспарланған. Тұтастай алғанда, 2050 жылға дейін деп есептелген Бас жоспарға сәйкес, 2538,2 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Қазіргі таңда бюджет қаржысына 10-шағынауданда 180 пәтерлі үш тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар әрқайсысы 60 пәтерлік көпқабатты 9 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Инвесторлардың қаржысы есебінен «Sun City» және «Аристократ» тұрғын үй кешендері де салынуда. Атап айтқанда, «Sun City» кешені 12 қабаттан және үш бөліктен тұрады. Жалпы ауданы 23 мың шаршы метрден тұратын бұл кешенде 360 пәтер бар. Ал «Аристократ» кешенінде 552 пәтер қамтылған. Жалпы ауданы 54,5 мың шаршы метр ғимараттың бес блоктан тұратын 10,9 мың шаршы метр бөлігін осы жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада 7 құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен 2 мың тұрғын үй кешенінің және 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Олардың жалпы алғандағы аумағы 123,61 мың шаршы метрді құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 85 пәтер сатып алынып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгеріміне өткізілді.
Облыс орталығында бұқаралық спортты дамытуға арналып «Кроссфит» алаңы құрылды. Бұл жерде футбол, баскетбол, воркаут алаңдары орналасқан. Тапсырысты қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі беріп отыр. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Ал нысанның жалпы аумағы 1 гектардан асады. Жасыл желек пен шағын сәулеттік нысандар алаңның әрін келтіріп, сәніне сән қосып тұр.
Қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Шәйкенова: «Бұл жерде жұрт демалуға әрі денешынықтырумен айналысуға арналған спорттық шараларды ұйымдастырмақпыз. Қонаевта жылына 300-ден астам түрлі турнир, жарыстар мен додалар өткізіледі. Спортсүйер қауымның да саны жыл санап артуда. Әсіресе, ашық алаңда ұйымдастырылатын шаралардың көрермені қалың», – дейді.
Пресс-тур барысында қонақтардың ерекше назар аударғаны – жаңадан ашылған №5 қалалық жағажайы. Демалыс орнының аумағы 2,7 гектарды құрайды. Мұнда футбол, волейбол, воркаут, балалардың ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Шайыну орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес нысандары, балалар бассейні, автотұрақ та жобаға сәйкес енгізілген. Сонымен бірге құтқарушыларға арналған 2 мұнара орнатылған.
Мамандардың айтуынша, туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Былтырғы шомылу маусымында 1,2 млн халық келген болса, биыл оның саны екі есеге өсуі ықтимал деген болжам бар. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай да жалғасын табады.
Жаңадан жасалған жағажай туралы көпшіліктің пікірі жақсы. Қыдырып келген алматылық тұрғын Әйгерім: «Жағажай қатты ұнады. Басқаларымен салыстырғанда әдемі жасалған. Балаларымыз суға шомылып, әткеншек теуіп, риза болып жүр. Қонаев қаласы өркендеп, дами берсін!» – деді.
Баспасөз турында №6 және №7 жағажайларды абаттандыру көзделіп отырғаны да айтылды. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.
Бейбіт МЕКЕЕВ