Қонаев қаласындағы өңірлік коммуникациялар орталығында Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Нариман Ботанов брифинг өткізді.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, облыста биылғы бірінші жартыжылдықта барлығы 33 аудиторлық іс-шара атқарылған. Оның ішінде үш тексеріс жоспар бойынша жүргізілсе, қалған 30-ы заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде қаралған. Сондай-ақ бұл тексерулер мониторинг деректеріне сүйене отырып жүргізілген. Атқарылған аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде жалпы 9,7 млрд теңгеге бюджет және өзге де заңнама бұзушылықтары анықталды. Оның ішінде, қаржылық заңбұзушылықтар сомасы 7,8 млрд теңгені немесе 79,3 пайызды, ал рәсімдік сипаттағы заңбұзушылықтар сомасы 2 млрд теңге немесе 20,7 пайызды құраған. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар сомасынан бухгалтерлік жазбалар беру арқылы және есеп бойынша көрсету арқылы қалпына келтіруге және бюджетке өтеуге жататын сома мөлшері 7,7 млрд теңге болып белгіленіп, анықталған заңбұзушылықтар толық көлемде қалпына келтірілді. Сондай-ақ көлемі 4,1 млрд теңге немесе 53,3 пайызды құрайтын заңбұзушылықтар есеп бойынша көрсетіліп, бюджетке қайтарылған. Департамент тұрақты негізде қаржылық заңбұзушылықтарды өтеу және қалпына келтіру бойынша жұмыс істеуде. Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Қаржылық есептілік аудиті бөлімінің жұмыс нәтижелері бойынша департамент тарапынан және жеке 2023 жылға арналған қаржылық есептілік аудиті жүргізілді. Осылайша, 4 нысан бойынша қаржылық есептілік аудитімен қамтылған баланс валютасының жалпы сомасы 42,1 млрд теңгені құрады. Алматы облысы бойынша 2023 жылға жүргізілген қаржылық есептілік аудитінің қорытындысына сәйкес, жалпы сомасы 6,9 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары, яғни, ведомстволық бағыныстағы мекемелердің жарғылық капиталын бухгалтерлік есепке алу бойынша көрсетпеу фактілері және 572,7 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы заңбұзушылықтары анықталды.
Анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктердің себептері бюджеттік тәртіпті сақтамау, бюджеттік есепке алуды регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жеткіліксіз зерделеу болып саналады. Бұл бюджет қаражатын заңнаманы бұза отырып пайдалануға әкеліп соғады.
Департамент биылғы 1 қаңтар мен 30 маусымға дейінгі жағдай бойынша жалпы сомасы 346,9 млрд теңге болатын 12180 лотты камералдық бақылауға алды. Оның ішінде жалпы сомасы 320 млрд теңгеге жететін 11963 лотты қарады, нәтижесінде 75,2 млрд теңгеге тең келетін 2379 лот бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Жалпы сомасы 346,9 млрд теңгені құрайтын заңбұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жолданып, оның ішінде 57,5 млрд теңге болатын 2305 лот бойынша міндеттер орындалды.
Департаментте биылғы бірінші жартыжылдықта 371 әкімшілік материал тіркелген, оның ішінде, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 462-бабы бойынша 108 камералдық бақылау бөлімінің материалы соттың қарауына берілді. 2024 жылғы 26 маусымға дейінгі жағдай бойынша департаментте 263 материал қаралып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды және жалпы сомасы – 26,1 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, оның ішінде өндірілгені – 25,6 млн теңге.
Қорыта айтқанда, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әкімшілік айыппұлдар саны 160 болса, жалпы сомасы 14,3 млн теңгені құраған. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әкімшілік айыппұлдар санының өсуі 232 пайызды құрады.
Департамент басшысы сот органдарына жолданған талап-арыз, жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер, мемлекеттік аудит, қаржылық бақылау салалары бойынша атқарылған жұмыс жайын жан-жақты баяндап, журналистерге түсіндіріп өтті.
Бейбіт МЕКЕЕВ