Қонаевта заңсыз саудамен күресудің жаңа тетігі іске асырылады. Бұл туралы Абай көшесінің бойында, белгіленбеген орындарда сауда жасайтындармен кездескен қала әкімі Асхат Бердіханов айтты.
Кездесуде саудагерлер әкімнен күнкөріс көзінен айырмауды сұрады. Шаһар басшысы болса, әкімдіктің ұстанымын түсіндіріп, оларға бірнеше талап қойды.
«Бұған дейін сіздерге «Айша сити» базарында 6 ай, «Жетісу» базарында 3 ай тегін орындарды дайындап бердік. Тұтынушы аз болатынын алға тартып, бармадыңыздар. Қазір қала үлкейіп, күннен-күнге дамып келеді. Мәселені бір жағына шығаруымыз керек. Абаттандырылып, әдемі болып тұрған көшенің келбетін заңсыз сауда орындары бұзып тұрғанын бәріміз түсінуіміз қажет», – деді Асхат Бердіханов.
Сонымен қатар ол тұрғындардан жиі шағым түсетінін атап өтті.
«Тұрғындар аулада сауда жасайтындар қоқыстарын тастап кететінін, аяқ алып жүре алмайтындай жағдай туғанын айтып, жиі шағымданады. Сіздердің қамдарыңызды ойлап, проблемаға біржақты қарауға болмайды», – деді шаһар басшысы.
Асхат Бердіханов түйткілді тарқату үшін «Айша сити» базарының алдына дүңгіршектер қойылатынын айтты.
«Әкімдік барлық тұрғынның қамын ойлайды. Сол үшін сіздерді тыңдай келе, базардың алдынан дүңгіршектер орнатуды жөн көріп отырмын. Бірақ, бизнес орындары қойылғанда сіздер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп жұмыс істеулеріңіз қажет», – деді әкім.
Содан кейін ол «Айша сити» базарын аралап шықты. Базар басшылығына жаңадан салынып жатқан нысанды бірыңғай дизайн-кодқа сәйкес етіп жасауды тапсырды. Ал сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына сауда орындарын қою үшін тез арада құжаттарды рәсімдеуді жүктеді.
Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі