Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы» КЕАҚ ұсынысы бойынша Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі «Qazaq School London» қазақ тілі сыныбында оқитын балаларға «Kazakh Primer» оқулықтарын табыстады. Кітаптың авторы – Құрмет Әубәкіров, Фарида Қаженова және аудармашы Гүлнұр Ахметова. Жаңа кітап Құрмет Әубәкіровтің жеке қордағы қаржысына 1000 дана болып басылып шықты.
Аталған кітап шетелдегі қазақ балаларына ана тілін үйретуді мақсат тұтқан алғашқы әдістемелік құралдардың бірі саналады әрі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге арналған. Оқу құралын шығарудағы бірінші мақсат – шетелдегі қазақ балалары өз тілін ұмытып, мәңгүрт болып қалмауы. Екіншіден, шетелдік азаматтарға қазақ тілін үйретуді жеңілдетуді көздейді. Кітаптың таныстырылымында осы мақсат баса айтылды.
Жаңа кітап жуырда Түркия Республикасы Кония провинциясының қазақтарына табысталды. Қазақстанның Түркия және Албаниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев қазақ этносымен мақсатты жұмыс ұйымдастыру шеңберінде кездесу өткізді. Шара аясында Түркияның Кония провинциясы Қаратай ауданындағы «Исмаил» қазақ мәдени және әлеуметтік көмек қоғамының басшылары Мехмет Әлім, Абдулқайым Тимурмен басқосу болды. Онда Түркиядағы ағайынның мәдени-рухани қажеттіліктері талқыланды.
Кездесу соңында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-практикалық орталығы ұсынған «Kazakh Рrimer» атты шетелдегі қазақ балаларына арналған оқулықты аталған көмек қоғамының кітапханасына табысталды. Елші аталған басылым шетелдегі қазақ балаларына өз ана тілін үйретуді мақсат тұтқан алғашқы өнімдердің бірі екенін атап өтіп, этностар арасында қазақ тілінің қолданыс аясын көтеруге септігін тигізетініне сенім білдірді. Бұл шара ары қарай Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының өтінішімен Ыстанбұл қаласында жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Аманқұл Нұриддин шетелдегі қандастармен қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету, ана тілін дамыту мақсатында ауқымды іс-шара өткізді. Қазақ өкілдерімен болған кездесу барысында Бас консул «Kazakh Рrimer» (Primer with Kazakh Fairy Tales) атты оқулықты Ыстанбұлдағы төрт этнос өкілдеріне салтанатты түрде тапсырды. Түркиядағы «Kazak Türkleri Eğitim ve Araştırma Derneği», «Kazakkent Altay Derneği», «Kazak Türkleri Vakfı» және «Hoca Ahmed Yesevi Ĭlim ve Ĭrfan Vakfı» ұйымдарына жаңа кітаптан 34 дана үлестірілді.
Гүлім Асхатқызы,
Түркия Республикасы