Қонаев қаласындағы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков жартыжылдық қорытындысы мен Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарынан хабардар етті.
Өзінің баяндамасында басқарма басшысы Ерболат Сарабеков биыл дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға бюджеттен 14,9 млрд теңге бөлінгенін атап көрсетті. Оның 245,7 млн теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға бөлінген. Өңіріміздің 239 үздік спортшысы Алматы облысы әкімінің стипендиясымен марапатталды. Оларға бөлінген стипендия мөлшері 51 мыңнан басталып, 500 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
Ерболат Сарабеков биылғы жылдың І жартыжылдығында облыс спортшылары 1344 медаль жеңіп алған болса, соның 482-сі – алтын, 384-і – күміс, 478-і – қола екенін атап көрсете келіп, «І спорттық разряд» атағы 123 спортшыға, «ҚР Спорт шебері» атағы 22 спортшыға, «ҚР спорт шеберлігіне үміткер» атағы 505 спортшыға берілгенін, «ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына 1 спортшы лайық деп танылғанын мәлімдеді. Париждегі Олимпиада ойындарында қатысу лицензиясын ұтып алған спортшыларымыз Алматы облысының мақтанышы болып саналатынын, олардың қатарында стендтік ату өкілдері – Әсем Орынбай, Эдуард Ещенко, Мария Дмитриенко, оқпен ату шебері Никита Чирюкин және грек-рим стиліндегі балуан Демеу Жадыраев бар екенін, бұл спортшылардың алды додаға қатысып, өнерлерін көрсетіп үлгергенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қазіргі таңда V Бүкіләлемдік көшпенділер ойынына дайындық бойынша жан-жақты, жоспарлы жұмыстар жүріп жатқанын және біздің аймақтан оған бес ұлттық спорт түрінен 11 сайыпқыран қатысатынын мәлім етті. Бұған қоса, жоғары санатты спортшыларды даярлау мақсатында биыл облыста «Іле-Алатау» кәсіби футбол клубы және «Ирбис-Алатау» баскетбол клубы құрылғанын, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында балалар спорт мектебі, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері сияқты спорттық мекемелер ашылғанын да айтып өтті. Бұқаралық спортты дамытуға келсек, облыстағы спортпен айналысатын тұрғындар саны артып, бүгінде облыс халқының 39,5%-ын, яғни, 602 193 адамды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 41%-ға, яғни, 627 300 адамға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, облыста ұлттық спорт түрлері бойынша 776 үйірме жұмыс істейді. Оларда 42 829 адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Бұл өңір халқының 7,1%-ын көрсетеді.
Облысымыздағы «Тұрғындарды 1000 адамға шақталған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету» көрсеткіші 49%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50,2%-ға жеткізу жоспарланған. Дене шынықтырумен және спортпен айналысамын деушілер үшін 1821 спорттық құрылғы жұмыс істеп тұр. Биыл Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы және Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында спорттық кешен пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында, Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында және Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында спорттық кешендерге құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр.
Жиын соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков жаңадан құрылған облыс орталығынан, дәлірек айтқанда, жағалаулық аумақтан спорттық үлкен кешен құрылысы жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленгенін, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамада жатқанын хабарлады. Демек, жақын арада облыс жастарының, жалпы спортты серік еткен жандардың қуанышына айналар үлкен мекеме құрылысы басталмақ.
Бейбіт Мекеев