-13 °c
Qonaev
Friday, June 6, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Адал еңбек алға бастайды

    13.07.2024
    in Әлеумет, Қоғам
    Адал еңбек алға бастайды
    0
    SHARES
    7
    VIEWS

           Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жайықтың жағасында, әйгілі киелі шаһар Сарайшықтың дәл қасында өткен Ұлттық құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық баяндамасын халыққа жолдаған болатын. Ел Президенті бұл құрылтайда елді толғандырып жүрген, көптің көңілін күпті еткен көптеген өзекті мәселенің шешілу жолын ұсынды.

    Ел бірлігі, ұлт татулығы, тарихы­мызды түгендеу, ұлттық болмысымызды байыту, тілімізді тұғырына қондырып, саналы ұрпақ өсірудің, өрлеуге қанат қағып, оқитын ұлтқа айналуымыздың түпқазығы қайда жатқанын жеткізді. Ондағы айтылған әрбір ой өзекті. Мемлекетіміздің дами түсуіне, өрлеуіне үлес қосатын қадамдар.
    Осыдан кейін Үкімет әр сала бойынша жұмыстарды қолға алды. Қоғам дертіне айналған лудоманияға, яғни интернет құмар ойындарына шектеу қоятын заң қабылданды. Енді кез келген тұрғын интернет арқылы бәс тігіп, құмар ойынның құрбаны бола алмайды. Осындай толғақты проблемалар бағдарламалық баяндамадан соң шешімін таба бастады. Алдымызда әлі де талай жұмыстың тұрғаны анық.
    Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты идеясын халық арасында насихаттау, елдің бірлігін нығайту мақсатында Ұйғыр ауданына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы іссапармен келді. Ең әуелі аудандық кітапханада ақсақал­дармен кездесті.
    Осыған дейін Қазақстанның 12 облыс, қалаларын аралап, ауылдағы ағайын­мен жүзбе-жүз кездесіп, мемлекеттік деңгейде іске асырылып жатқан игі істермен таныстырып, халықтың ой-пікірін тыңдап, көкейдегі сауалдарын естіп келе жатқанын айтқан Мәлік Нұржанұлы Президент баяндамасы­ның маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді. Мемлекеттің дамуы ел бірлігінің арқасы екендігінен сөз бастаған Президент кеңесшісі қазір демократия, сөз бостандығы дегенді пайдаланып, белгілі бір топтың ғана мүддесін көтеріп, ылаң салатын жандардың әлеуметтік желіде көбейіп, мемлекеттің тұтастығына өз деңгейін­де кесірін тигізіп жатқанын айтты. Қазақстанның басты байлығы – татулық, тұрақтылық екенін, биылғы үлкен сынақ – бірқатар өңірлерді су басуы барысында еліміздің өзге аймақтары ауызбіршілігін танытқа­нын, ұлты мен дініне, тілі мен діліне қарамастан нағыз ынтымақтың қандай болатынын дәлелдегенін алға тартып, осылай бірлігіміз бекем болғанда ғана әлем елдері алдындағы еңсеміз биік болатынын атап өтті. Елімізде мемлекеттік деңгейде ғылымды дамыту, ақпараттық технологияны өркендету, қоғамдық мәдениетті сақтау, озық ойлы ұлтқа айналу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясын қолға алудағы түпкі мақсаты – елдің санасын оятып, әр азаматтың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, түптеп келгенде, қоғамдық мәдениетті көтеру екенін де жеткізді.
    Сөзінің соңында жастардың жайын қаузады. Елімізде еңбек етемін деген жанға жұмыстың жеткілікті екенін, әсіресе солтүстік өңірлерге жастарды тарту мәселесі дендеп қолға алынғанын, онда тұрғын үймен, жұмыспен қамтылу жайы толық ескерілгенін айтып өтті.
    Жиын барысында Алматы облысы­ның Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов сөз алып, Мемлекет басшысының әрбір бастамасын аудан халқы қолдайтынын әрі сол бағытта жұмыс істеліп жатқанын, қазір ел ішіндегі жастар мен аға буынның сабақ­тастығы, ынтымағы, ұлттар мен этностар арасындағы татулығы тұрақты екенін айта келе, ауылдың жағдайын жақсарту мақсатында арнайы бағдарлама қарастырылса деген пікірін жеткізді. «Қазір ауылдарда жастар саны азайған. Жолын жасап, мектебін жөндеп, суын тартып, клубын салып бергенмен, жастар тұрақтамаса, ауыл өспейді, өркендемейді. Оларға күнкөріс, жұмыс қажет. Қазір шаруа қожалықтары егінмен айналысайын десе суы жоқ, суы бары өнімін өткізе алмай әлек.

    Бұрынғы мыңдаған гектар жүгері плантациялары қазір қу мекиен далаға айналған. Міне, осы мәселе біздің қабырғамызға батады. Болашақта ауылдың жағдайына дендеп назар аударсаңыздар», – деген ұсынысын жеткізді. Тиляпжан Рахмаев ағамыз да өзін толғандырып жүрген жайттарды ортаға салды.
    Дәл осындай жиын аудан имамдары мен жастар арасында да өтті. Бүгінгі қоғамда дін атын жамылып, түрлі құй­тырқы әрекеттерге баратын жандар­­дың көбеюі – қасірет. Аудан имамдарын осы бағытта жұмыла жұдырық болып жұмыс істеуге шақырды Президент кеңесшісі. Ал жастармен кездесуде ел ертеңі солардың қолында екенін, Отаншылдық, патриотизм әр жастың қанында буырқанып тұруы қажеттігін айтып, үлкен сенім артты.
    Үш кездесу де мазмұнды өтті. Кеңесшінің салиқалы әңгімесінен түйгеніміз де, көңілге қондырғанымыз да мол болды. Бастысы бірлігіміз бекем болса, байлық та, береке де сол екенін тағы бір санамызға түйіп қайттық.

    ***   

         ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ары қарайғы жұмыс сапарын Райымбек ауданында жалғады. Б. Мұқай атындағы Мәдениет үйінде аудан жастарымен, мешіт имамдарымен кездесті.
    Жастармен жүздесуде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты баяндамасында айтылған оралымды ойларды алға тартты. Отанды сүю, еліне шынайы қызмет ету, адал еңбекпен табыс тауып, жетістігін мемлекет дамуының негізгі тетігіне айналдыра білу жастарға тән қасиет саналатынын да айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының құрылтайда көтерген мәселесінің негізгі дені де жастарға арналғанын түсіндірді. Жастарды ынтымақ пен бірліктің жолын кесуді мақсат ететін теріс көзқарастан, мемлекеттің саясатына қарсы айтылатын дақпырттардан, өтірік пен өсекке ілесіп кетуден сақтануға шақырды.
    Тазалық, мәдениеттілік деген ұғымға мән берудің маңыздылығына айрықша тоқталды. Шекара сызығында көрші мемлекетпен барыс-келісіміз, алыс-берісіміз бар ел екенімізді, сондықтан ең бірінші тазалыққа мән беруіміз керектігін, Мемлекет басшысы көтерген «Таза Қазақстан» акциясының да ұстанған басты мақсаты осы екенін жеткізді. Шетелден келген туристер де біздің қадір-қасиетімізді, елдігімізді тазалығымызға қарап бағалайтынын, мәдениет сахнада ән салып, би билеу, өнер көрсетумен емес, жанның таза­лығымен бағалануы тиістігін айтып, жастардың осы мәселені назарда ұста­ған­дары жөн екенін еске салды.
    Мемлекет басшысының кеңесшісі әңгіме барысында «Әділдік», «Сабақ­тастық», «Өрлеу» атты ұстаным­ның мән-мағынасына кеңінен тоқталды.
    – Қандай да бір мемлекеттік мә­селе болсын, жеке мүддеге қатысты жайт болсын, бәрі де әділетті түрде шешімін табуы тиіс. Бірақ көп жағдайда әділетсіздіктің орын алатыны жасырын емес. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне әркім мүдделі болғанда ғана мақсатты іске жететініміз анық. Бұл мәселе әрқайсымыздан мемлекетшіл болуды талап етеді. Ал оған білім, ғылымды, өнерді толыққанды игеру арқылы қол жеткіземіз.
    Өткен мен бүгінді, келешекті бір-бірімен сабақтастыра қарағанның маңызы зор. Өткеннің кемшілігін жіпке тізіп, тарихи кезеңдерге топырақ шашуға болмайды. Қайта содан сабақ алуға тырысуымыз керек. Сабақ ала отырып, болашағымызды айқындауға тиіспіз. Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толып отыр. Біздің мемлекет болып қалыптасуымыз осы Жошы ұлысының құрылуынан басталады. 1991 жылы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ал мемлекет ретінде қалыптасуымыз Жошы ұлысынан, тіпті Сақ дәуірінен басталатынын білгеніміз абзал.
    «Өрлеу» мәселесіне келгенде, ақпараттық технологияның жетістігі жоғары маңызға ие болып отыр. Қазір бәріміз ұялы телефон пайдаланамыз. Оның тигізер пайдасы да, келтірер зияны да бар. Әсіресе әлеуметтік желі бетінен мемлекеттің сындарлы саясатына күдік тудыратын құбылыстарды көргенде көңілге кірбің ұялайтыны жасырын емес. Онымен қоса сауатсыз, қате жазулардың өріп жүргенін көзіміз көріп жүр. «Лудомания», «Булинг» сияқты жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізетін керағар дүниелердің туындап жатқаны да – осы ақпараттық технологияның көлеңкелі жақтарының «жемісі». Сондықтан ғаламтор арқылы жетіп жатқан көп дүниеден өзімізге тиім­дісін, жанымызға жақын, көңілімізге қонымдысын ғана алуымыз керек. Жалпы өз-өзімізді дамыту үшін газет-журнал, кітап оқудың маңызы зор. Нағыз шындық баспасөз беттерінде жарияланады. Мемлекет басшысы әр күні жұмысын газет оқудан бастайды. «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Литер», басқа да республикалық басылым­дарды қарап шығады. Газет бетіндегі мақалалар ішінен өзіне ой салған қажетті жолдардың астын сызып алып, бізге сол бойынша тапсырма береді. Баспасөздің орнын осыдан-ақ аңғаруға болады. Газет-журнал, кітап оқу – рухани жандүниемізді байытады, жетістікке жетелейді, өркениетке бастайды. Сондықтан газет-журнал, кітаппен рухани дос болыңыздар, – деген Президент кеңесшісі өзімен кездесіп отырған жастарға бұл ретте үлкен сенім жүктеді.
    Мәлік Нұржанұлы аудан, ауыл мешіттерінің имамдарымен де кездесіп, мемлекеттің сындарлы саясаты туралы ашық-жарқын әңгіменің тиегін ағытты. Қиын кезең, сындарлы шақтарда адамдардың қасынан табылып, сабырлы болуға шақырған, тәлім-тәрбиеге нұсқаған, көкіректеріне имандылық ұялатудағы еңбектеріне алғыс айтты.
    Аудан әкімі Берік Дүйсенбаев ауданымызға арнайы келіп, жастармен, дін өкілдерімен кездесіп, мәнді де мағыналы әңгімені арқау еткен Мәлік Отарбаевқа аудан тұрғындарының атынан алғыс айтты. Қарасаз ауылдық мешітінің имамы Нұрболат Бәтталұлы ақ батасын беріп, мәртебелі мейманның абыройы арта беруіне тілектестігін білдірді.

    ***

            ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Кеген ауданына да атбасын бұрды. Мұнда алдымен Жастар ре­сурстық орталығының жұмысымен танысты. Аталмыш орталықтың конференц-залында еркін форматта ұйымдастырыл­ған жүздесуге ауданның белсенді және шығармашыл жастары, жас мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев аудан жастары туралы қысқаша мәлімет беріп өтті.
    Мәлік Отарбаев жастармен кездесу­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары мен ұсыныстары туралы әңгімеледі.
    Іссапарымның басты мақсаты – ел Президентінің «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бағдарламалық баяндамасын жер-жерде талқылап, насихаттау. Осы орайда ел-жұрттың ұсынысын тыңдаймыз, саяси-идеоло­гиялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етеміз, – дей келе Президент кеңесшісі құрылтайда айтылған мәселелерді жүзеге асыруда жастардың қосар үлесі зор екенін және осы бағытта қоғам болып ұйысып, бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін айтты.
    Басқосуда жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тоғжан Біржансалова сөз алып, орталықта 4 маман қызмет етіп жатқанын, әр ауылдық округте жастар нұсқаушылары бар екенін жеткізді. Бірақ алатын жалақыларының аздығын алға тартып, оның көтерілуіне ықпал етуін сұрады.
    Бұл сауалға орай Мәлік Нұржанұлы жалақы мәселесі көп жерде көтеріліп жатқанын, биылғы су тасқынына бай­ланысты бюджет қысқарып, бірқатар жобалар тоқтап тұрғанын айтты. Бұл ұсыныс ескерілетінін, тиісті орынға оны жеткізетінін мәлімдеді.
    Кездесу барысында Президент кеңесшісі жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы ақпарат берді. Жас буынға қолдау көрсету Президенттің басты назарында тұрған мәселе екенін жеткізді. Сондай-ақ қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы қалыптастыру бағытындағы ойларын ортаға салды. Жастарға заман талабына сай білімдерін шыңдап, ақпараттық сауаттылықтарын арттыруға кеңес берді.
    Бұдан соң Мәлік Отарбаев ауыл имамдарымен жиын өткізді. Онда дін қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне тоқталды. Ортақ құндылықтар жайында сөз етті. Сонымен бірге дін қызметкерлерінің жаңа қоғамға сай білім-біліктілігін, рухани даму деңгейін арттыру мәселесін көтерді.
    Басқосуда сөз алған ауданның бас имамы Рахматтулла Моллақағанатұлы өңірде діни ахуал тұрақты екенін айтты.
    – Біздің басты мақсатымыз – жат ағым жетегінде кету, отбасы құндылық­тарының құлдырауы, суицид сынды өзекті мәселелердің алдын алу және исламның асыл құндылықтарын насихаттау. Осы ретте дін қызметкерлері әркез қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді, – дей келе, имам­дарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін тілге тиек етті.
    Кездесуде Президент кеңесшісі тіл тазалығына мән берудің маңыздылығына да тоқталды.
    – Қазір басқа тілде сөйлеу басым. Арабтың бізге түсініксіз терминдері сөздік қорымызға еніп кетті. Ал ол сөздердің қазақ тіліндегі баламасы жоқ па? Әрине, бар. Бұл нені көр­сетеді? Ұлттық әдебиеттен алыстап кеткенімізді білдіреді. Қоғамды кітапқа жақындату үшін қызмет етуіміз керек. Өйткені кітап оқымайтын жастардың өзіндік пікірі болмайды, біреудің айт­қаны­мен жүреді. Осы орайда кітап, газет-журнал оқу мәдениетін қалып­тастырып, интеллектуалды ұлтқа айналуға үлес қосуымыз керек, – деді Мәлік Отарбаев.
    Жиын соңында ауыл имамдары ҚР Президентінің көмекшісі Мәлік Отарбаевқа баталарын беріп, естелік суретке түсті.

    Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
    Жұмабек ТҰРДИЕВ,
    Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
    Ұйғыр, Райымбек, Кеген аудандары,
    «Алатау арайы» газетінің
    арнаулы тілшілері

    Ұсынымдар

    Үшем келді дүниеге

    Үшем келді дүниеге

    1 year ago
    Арманы орындалған ардагер

    Арманы орындалған ардагер

    4 months ago
    ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ ЖОҒАРЫ

    Тәлімгерліктің рөлі қандай?

    10 months ago
    Озық ойлы ұлт оқудан қол үзбейді

    Озық ойлы ұлт оқудан қол үзбейді

    12 months ago
    Қонаевта Наурыз мерекесін тойлады

    Қонаевта Наурыз мерекесін тойлады

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>