Облыстық прокуратураның бастамасымен Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінің аумағында орналасқан «Ой-Қарағай» таулы туристік кешенінің «Sulu sai Rezort» демалыс орталығында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуын талқылауға арналған қадағалаушы орган өкілдерінің агроөнеркәсіп саласындағы инвесторлар және кәсіпкерлермен бейресми кездесуі өтті.
Облыс прокуроры Берік Адамов жиынның ашылу салтанатында бұл шара бейресми, яғни, «галстуксіз кездесу» екенін айтып, ол бүгінгі күні аймақтың аграрлық саласында орын алып жатқан түйткілдерді талқылауға арналатынын жеткізді.
Берік Абызбайұлының айтуынша, қазіргі кезде аймақтың агроөнеркәсіп саласында 98 жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың 18-і бизнес-сүйемелдеудің жеткіліксіздігінен ұлттық бизнес-пулдан шығарылған. Сондай-ақ ол бүгінгі күні қолға алынған кейбір мемлекеттік бағдарламалар өзінің тиімсіздігін көрсетіп отырғанын, аграрлық бизнес негізінен оның дамуын тежеу емес, керісінше дамытуға міндетті мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен зардап шегіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 173- бабында көрсетілген «Қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдарының, дара кәсiпкерлердiң, заңды тұлғалардың қызметiне, олардың кәсiпкерлiк қызметiне кедергi келтiретiн заңсыз актiлер шығару және заңсыз тапсырмалар беру арқылы заңсыз араласуы» байқалады. Мұндай жағдай қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор, табиғи монополия, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың жұмысынан көрінеді. Басқаша айтқанда, бұл органдар заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіріп отыр.
Бейресми кездесуде сөз алған фермерлер ауыл шаруашылығы саласында орын алып жатқан түйткілді жайттарды ортаға сала отырып, негізінен бақыланбайтын тексерулер, заңнаманың жетілмегендігі сынды мәселелермен бетпе-бет келіп, негізсіз қылмыстық қудалауға ұшырайтындықтарын жеткізді. Одан басқа, үнемі тарифтердің жоғарылайтынына, техника сатып алуға байланысты лизингтік операциялардың пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығына, фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін субсидияның жоқтығына, өнімдерін экспортқа шығарудағы қиыншылықтарға, өтінімдерді қарауда мемлекеттік органдардың салғырттығына реніштерін жеткізді. Бизнес-қауымдастықты толғандыратын тағы бір үлкен түйткіл – салықтық тексерулер. Тек соңғы кезеңде облыс бойынша фискальдық органдар тарапынан 60 тексеру тағайындалыпты, 10 жағдайда лицензияға келісімшарт жасап, қызмет мерзімін ұзарту бойынша шешім шығарудан, Мемлекеттік кірістер департаменті 28 мәселеде келісім жасасудан бас тартқан.
Облыстық қадағалаушы орган өкілі кәсіпкерлерге қатысты 15 түйткілді мәселе өз шешімін тапқанын, соңғы 10 жылда тіркелген кәсіпорындардың саны бір жарым есеге артып, 338 мыңнан 526 мыңға жеткенін, жалпы кәсіп жүргізу біршама жеңілдетілгендігі, қазір кез келген адам өз кәсібін бір күнде аша алатынын алға тартты.
Бүгінгі таңда облыс прокуратурасы тарапынан кәсіпкерлікті қорғау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылған. Нақты айтар болсақ, «Прима Құс» ЖШС өтініші бойынша 165 миллион теңгенің субсидиясы төленбегені жөнінде қадағалаушы орган тарапынан шара қабылданып, қадағалау акті облыс әкімдігіне енгізіліп, демеуқаржы толық көлемде төленген. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы агроөнеркәсіп кешені саласындағы жеңілдетілген несие алу бойынша 7 жобаның өтінімдерін қарамаған, прокурорлық шаралардан соң олар мақұлданған.
Бейресми кездесу кезінде барлық тараптың ұсыныс-тілектері тыңдалып, бизнес жүргізу мәселесінде ұшырасып жатқан кедергі, кемшіліктер жөнінде айтылды және аграрлық сектордағы ағымдағы жағдайға нақты баға берілді. Жиынға қатысқан аграрлық сала өкілдерінің пікірінше, бұл кездесу мемлекеттік органдар мен «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Қазагрофинанс» АҚ, ауыл шаруашылығы басқармасының кәсіпкерлермен арадағы қарым-қатынасты нығайтуда басшылыққа алатын ұтымды ұсыныстар айтылуымен маңызды. Енді олар тек айтылып қана қалмай, нақты орындалуы тиіс.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы