Бүгінде Алматы облысында халық саны 1 млн. 540 мың 600 адамды құрайды, оның 426 мыңнан астамы – 14 жастан 35 жасқа дейін жастар.
Аймақта жастарды жұмыспен қамту, NEET санатындағы жстарды жұмыспен қамтуға басымдық берілген. Қазіргі кезде NEET санатындағы жастар саны 46 мыңнан 33 мыңға азайды. Бұл санатқа жұмыссыз, оқуда жоқ, я белгілі бір іспен айналыспайтын жастар кіреді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мырзабекованың айтуынша, жыл басынан бері 3206 адам жұмысқа тұрған, оның 1150-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Жастарды әлеуметтендіру және қолдау мақсатында «Кеңес орталығы» жұмыс істейді. Соның арқасында 2056 жас субсидияланған жұмыс орындарына жіберілді. Тарқатып айтсақ, 103 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1330 жас қоғамдық жұмыстарға, 316-сы алғашқы жұмысқа, 11-і ұрпақтар келісім-шартына, 296 адам жастар практикасына жіберілді»,- деді Ләззат Оразбекқызы.
Айта кетейік, жастар облыс халқының 27,7 пайызын құрайды. Жастардың 66 227-сі (15,5 пайызы) қалада, 359 840-ы (84,5 пайызы) ауылдық елдімекендерде тұрады.