Аналарымызды қашан көрсең де қарбалас шақтан қолы босамай жүреді. Үй тірлігінің бітпейтіні анық. Сөйте тұра ер адамға тән жұмысты қыз баланың меңгергені кімді болса да ойландырмай қоймайды. Әйел-аналар автокөлік тізгіндегенін көріп те жүрміз, оған көзіміз де үйреніп кетті. Ал электркөзімен дәнекерлеушіні кез келген ауылдан кездестірмейсіз. Сіз қолыңызға электр дәнекерлеу аппаратын ұстап көрдіңіз бе? Көбіміз жоқ деп жауап беретініміз рас. Біз үшін қиын секілді болғанымен, Айман Сейітқызы дәнекерлеуді шебер меңгерген.
– Кәсіптің оңайы болмайды, десе де өзім таңдау жасаған соң мен үшін еш қиындығы жоқ. Бізге түсіп жатқан тапсырыстарды сапалы орындау – күнделікті міндетіміз, – дейді кәсіпкер Айман.
Қалада автобусты зымыратып жүргізіп жүрген қыздарды көргенімізде таңданысымызды жасырмай, жарайсың қарындасым деп риза көңілмен аялдамадан түсіп қалып жүрдік. Айман келінге тіпті риза болдым. Өз қолымнан мұндай іс келмейтінін білемін. Айман келін үй мен, дала жұмысын қатар алып жүргені екінің бірінің қолынан келе бермейді. Үйдегі бала тәрбиесі де күрделі шаруаның үлкені. Отағасы Төлегенмен бас қосқалы бері осы кәсіпті үйренгенін жасырмады. Маңдай тер, еңбек, кәсібің – нәсібін екенін түсінген Төлеген Разақов үй ауласынан техникалық күтім және бүлінген, майысқан автокөліктерді қайта қалпына келтіру, әрлеп, сырлау ісімен айналысқанына біраз уақыт өтіпті. Қаладан ауылға көшіп келген жастардың тізімінде осы отбасын атауымызға болады. Кәсібін Алматыда бастап, үйренгенін жасырмады. Алматы мереке, ауыл береке екенін түсінген жастар Кеген ауылында кәсібін дөңгелетіп, халық сұранысындағы автокөлік әрлеу цехын ашып, жұмыстарын бастап кетіпті. Төлегеннің еңбекқор екенін төңірегіндегі көршілері де мақтан тұтады. Әр бір көлік жасатушы риза болып, алғысын аямайтынын естідік. «Батамен ел, жаңбырмен жер көгереді» демей ме, дана халқымыз?! Ұйыған отбасына бізде ризашылығымызды білдіріп, ел алғысын арқалай беріңдер дедік.
Нұрболат Тастанқұлов,
Кеген ауданы