Ұйғыр ауданында зейнеткерлер арасында әртүрлі шаралар, жарыстар жиі өткізіліп тұрады. Сондай жарыстың бірі шахмат ойынынан ұйымдастырылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ақсақалдар, еңбек ардагерлері арасында өткен сайысқа әр салада еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қариялар қатысты. Бұл қазына қарттардың тек жарысып қана қоймай, бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып, емен-жарқын араласуына да үлкен септігін тигізген шара болды.
Ақыл-ойды дамытып, ұшқырлығыңды шыңдайтын, жылдамдығыңды арттыратын шахмат ойынын зейнеткерлер ерекше ынтамен ойнады. Аудан орталығы Шонжы ауылдық округінің ғимаратында өткен жарысқа зейнетте жүрген жандар қатысты. Мұны салауатты өмір салтын қалыптастырып, ардагерлердің қоян-қолтық араласып кетулеріне жасалған жағдай деп қабылдауға болады. Бұл додаға 12 зейнеткер қатысты. Жарыстың әділдігіне баға беруге арнайы тағайындалған аудандық шахмат федерациясының бас бапкері Тохтахун Қадыров ойын тәртібінің бұзылмауын қадағалады. Жылдамдық пен шапшаңдықты емес, керісінше барынша салқынқандылық пен ойлауды талап ететін бұл ойын түрінде 1-орынды Осман Гаппаров қанжығасына байлады. Қарулы күштерінің ардагері, шонжылық Юлтуз Қайрановқа 2-орын бұйырды. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тер төгіп, бүгінде зейнетте жүрген Болат Қоқымдиев 3-орынды қанағат тұтты.
Жарысты өткізуге мұрындық болған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ербол Нұрсейітов жеңімпаздарға арнайы Алғыс хат табыс етіп, осындай жарыстарда белсенділік танытып, жиі кездесіп тұруды ұсынды. Шахмат федерациясының төрағасы Тохтахун Қадыров та зейнетке шығып, қоғамдық жұмысқа араласып, ұрпақ тәрбиесіне бел шеше кірісіп, осындай спорттық додаларға қатысып тұруды жөн санайтынын айтты.
Ойын жеңімпаздары алда өтетін облыстық жарыста бақтарын сынайтын болады. Қариялардың ауданның намысын қолдан бермейтініне бек сенімдіміз.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы