«Ұлт руханиятының өзегі – тіл» деп заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, жастар арасында осынау құндылығымызды дәріптеудің маңызы зор. Осы орайда Ұзынбұлақ ауылдық кітапханасында «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін арттыру. Шараға аудан кітапханашылары мен оқырмандар қатысты.
– Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы күшіне енді. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай, кез келген мемлекеттің ең негізгі тірегі – ана тілі. Сол себепті тіліміздің тазалығын, шұрайлылығын сақтап, мәртебесін арттыру – бүгінгі ұрпақтың парызы, – деген Ұзынбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Зинагүл Күнесбай дөңгелек үстелде талқыланатын сұрақтармен таныстырып өтті.
«Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы қандай? Тілдің дамуын тежеп тұрған не? Қазіргі жастардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы қай деңгейде?» деген сауалдар қойылып, оқырмандардың, кітапханашылардың пікірлері тыңдалды.
Бұл ретте өз пікірін білдірген Кеген аудандық кітапханасының кітапханашысы Гаухар Тойжанова:
– Бүгінгі жас ұрпақ – мемлекеттің болашағы, ертеңгі ел тірегі. Ал оның бақытқа жетер даңғыл жолы Отанын, туған тілін сүюден басталады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатындағы бүгінгі іс-шараның маңызы өте зор. Ендігі жерде қазақ тілінің беделін көтеру, жоғын жоқтау, олқылығын толтыру сіз бен біздің қолымызда, – дей келе, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау әрбір азаматтың парызы екенін айтып өтті.
«Мақал – сөздің мәйегі» бөлімінде оқырмандар мақалдардың жалғасын тапса, «Тіл» сөз сайысында бір-бірден әріптерді таңдап, сұрақтарға сол әріптен басталатын сөзбен жауап берді. Сондай-ақ, оқырмандар «Тіл – ұлттың жаны» атты кітап көрмесін де тамашалады. Көрмеге Қазақстанда тұратын халықтардың тіл ерекшеліктері, салт-дәстүрі, тарихы көрсетілген кітаптар, мемлекеттік қызметкерлерге арналған әдістемелік құралдар қойылған.
Жиын соңында әсем ән мен тәтті күй шертіліп, тіл құдіретін айшықтайтын өлеңдер оқылды.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы