Әлеуметті аз қамтылған отбасы балалары үшін мемлекеттік қолдау қашанда жоғары әрі жүйелі түрде жасалады. Жылда әр оқу жылының басында «Мектепке жол» республикалық науқны бастау алады. Аймақтың атқамінерлері мен жомарт азаматтарының жәрдемінің арқасында мыңдаған бала оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтылады.
Алматы облысында да жыл сайынғы дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Науқан тамыз айының 20-сына дейін жалғасын табады. Облыстық білім басқармасының бас маманы Думан Даулетханұлының сөзіне сенсек, аймақта 432 мемлекеттік мектеп бар, онда 50 мың бала әлеуметтік көмекке мұқтаж. Айтуынша биыл да дәл осы шамадағы оқушыларға көмек көрсетіледі.
Ал Алматы облысы білім басқармасының орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Айымгүл Сайынқызы биыл әр балаға оқу құралдарын алуға 43 407 теңгеден қаржы бөлінгенін алға тартты. Тек, баланың қамқоршысы қаражат есеп шотына түскеннен кейін, қаржының қайда жұмсалғандығы туралы есеп өткізуі тиіс, дейді маман.
«Облыста жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға, әлеуметтік аз қамтылған және төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отбасыдан шыққан 14012 баланың заңды өкілдеріне 608,2 млн.теңге аударылды. Науқанның басталғанына санаулы күн ғана, алда бұл жұмыстар жалғасын табады», – дейді Айымгүл Сайынқызы.
Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, материалдық көмек көлемі соңғы 3 жылда 2,5 есе артып, 17 мың теңгеден 43407 теңгеге өсіп отыр.
Айта кетейік, материалдық көмекті алу үшін әр ата-ана мектеп директорының атына өтініш жазу қажет.