Қонаев қаласындағы №5 орта мектепте паражеңіл атлетикадан облыстық чемпионат өтті. Спорт шарасының ашылу салтанатында аудандар мен Қонаев қаласының жастары мен ересектерінен құралған екі санаттағы көз зақымы бар және тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылардан құралған командалар сапқа тұрды.
Сайысқа қатысушылар мүгедектік тобы ескеріле отырып, қысқа, орташа және ұзын қашықтыққа жүгіруден, ұзындыққа секіруден, ядро, шеңбер және найза лақтырудан жарысты. Ешқашан берілмеу және ешқашан еңсе түсірмеу – қатысушылардың ұраны осы. Сондықтан да спорттық көрсеткіштеріне қарамастан, олардың әрқайсысы жеңімпаз.
Облыс бойынша паражеңіл атлетика жөніндегі аға жаттықтырушы Валерий Еремин: «Дене шынықтыру мен спорт – мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын нығайтудың және қоғаммен біте қайнасудың тиімді жолы. Осы мақсатта облысымызда дене мүмкіншілігі шектеулі тұлғаларға арналған спортты дамыту дирекциясы жұмыс істейді. Өңіріміздің әр түпкірінде әртүрлі спорт түрлерінен үйірмелер құрылып жатыр. Мысалы, паражеңіл атлетикамен 300-ге жуық адам айналысады. Спорттың бұл түрінен Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының көрсеткіштері көз қуантарлықтай. Осы чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері паражеңіл атлетикадан өтетін Қазақстан Республикасының жастар мен ересектер чемпионаттарына қатысу үшін облыстық құрама командалар саптарына іріктеліп алынады. Аталған сайыстар Алматы қаласында сәйкесінше осы жылғы тамыз және қыркүйек айларында өтеді», – деп атап айтты.
Жарысқа қатысушылармен әңгіме барысында олардың көпшілігінің спорт шебері немесе спорт шеберлігіне үміткер және көптеген турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері екені анықталды. Өзіндік ерекшеліктері бар адамдармен сұхбаттасқанда олардың жеңіске деген ерік-жігері мен рухтарының мықтылығына таңдандық.
Паражеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне үміткер Нұрсұлтан Берікбек: «Мен Талғар ауданынанмын. Спортты бала күнімнен серік еткенмін. Әуелде футболмен айналыстым, бірақ кейіннен жаттықтырушыларым маған өз күшімді жеңіл атлетикадан, дәлірек айтқанда, қысқа және орта қашықтыққа жүгіруден байқап көруді ұсынды. Содан бері айналысып келе жатқаныма 3 жылдан асты әрі сол шешіміме бір рет те өкінген емеспін. Бұған қоса менің жетістігім де бар – өткен жылы 400 және 800 метрлік қашықтыққа жүгіруден Қазақстан чемпионы атандым. Қалалық және облыстық біріншіліктерде бірнеше мәрте жеңімпаз болдым. Енді, міне, өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Бұл – белсенді өмір, бұл – өзіңді сынау, алға мақсат қойып, соған қол жеткізе алатыныңды дәлелдеу», – дейді.
Облыстық чемпионаттың жарыс нәтижесі бойынша жеңіл атлетиканың барлық бес түрінен Қарасай және Талғар аудандарының өкілдері көш бастап тұр. Сонымен бірге Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ аудандарының параспортшылары да жақсы нәтиже көрсетті.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы