Алматы облысының су қоймаларында шомылу маусымы басталғалы бері 6 мыңнан астам рейд өткізіліп, 200-ге жуық тұрғынға рұқсат етілмеген жерлерде шомылғаны үшін айыппұл салынды.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, тұрғындар суда қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін миллиондаған теңгенің айыппұлын арқалады.
Күн сайын 100-ге жуық құтқарушы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін Алматы облысының су қоймаларын күзетеді. Арнайы әзірленген жоспар бойынша ұйымдастырылған рейдтерге ТЖД қызметкерлері, N28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және полиция қызметкерлері қатысады.
Тәуліктің қараңғы кезінде шомылып, тәртіп бұзатындарды анықтау үшін, дауыс зорайтқыштармен және тепловизорлармен жабдықталған дрондарды пайдалану арқылы түнгі рейдтер өткізіледі.
Суға шомылу маусымы басталғалы Алматы облысында 6069 рейд пен патрульдік жұмыстар жүргізілді. Халық арасында 51 250-ге жуық үгіт-насихат жүргізу үшін буклеттер мен парақшалар таратылады.