Биыл еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) барлығы 181 мың талапкер қатысқан болатын. Солардың қатарында Жаннұр Еңсебек пен Айым Ержанова ең жоғарғы 140 балл жинап, соңғы үш жылда болмаған нәтижеге қол жеткізгені мәлім. Міне, осы озық білім үлгісін көрсеткен қос түлегіміз де Қарасай ауданында орналасқан Сүлеймен Демирел университетін таңдап, тағы бір қырынан танылды.
Атап айтқанда, Талғар ауданының Қарабұлақ ауылында орналасқан №22 орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері Жаннұр Еңсебек жоғары оқу орындарына ұсыныс берудің алғашқы күні-ақ СДУ-ды көрсеткен болатын. Сол сияқты, Ақмола облысына қарасты Қосшы ауылындағы Р. Қошқарбаев атындағы №1 орта мектебінің түлегі Айым Ержанова да осындай таңдау жасады. Таңдау жасар алдында екеуі де аталған уиверситетте болып, ондағы оқу ғимараттарымен, студенттердің тұрмысымен танысып қайтқан болатын.
Жалпы, оқу гранттарын бөлуге арналған төрт күндік байқау кезінде «Алтын белгі» иегері атанған 100-ге жуық талапкер Сүлеймен Демирел университетін таңдауы аталған жоғары оқу орнының бүгінгі биігі мен абыройын аңғартса керек.
«Алтын белгі» иегерлері мен ҰБТ кезінде үздік білім үлгісін көрсеткен талапкерлердің СДУ-да білім алуды қалағаны қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде аталған университеттің алдыңғы орында екенін тағы бір дәлелдейді. Осы мәртебелерін сақтап қалу үшін мұнда жастардың сапалы білім алып, мамандықты терең меңгеруіне және оқу кезінде жайлы тұрмыстарын қамтамасыз етуге барынша көңіл бөліп келеді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы