Еліміздегі ұңғыл-шұңғыл, сапасыз жолдар мәселесі – айта-айта жауыр болған тақырыптың бірі. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында бірнеше рет осы мәселені қаузаған болатын. «Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған», – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің жол саласы жайында біраз сын айтты. Әрі жолдарға қатысты жобаларды жүзеге асыру барысын қатаң бақылауға алу және сапасына айрықша назар аудару керектігін де баса ескертті.
Ұйғыр ауданында да жол мәселесі өте күрделі. Әсіресе аудан орталығы Шонжы ауылының орталық көшесінің жайы көптің көңілін күпті етіп жүргелі қашан?! Соңғы рет А.Арзиев көшесіне күрделі жөндеу жұмысы 2012 жылы жүргізілген болатын. Содан бері 12 жыл өтті. Осы аралықта бірнеше мәрте жеңіл-желпі жөндеу жүргізіліп, ойылған жерлер жамап-жасқалды. Соған қарамастан аудан орталығындағы орталық көшенің сыйқы кетіп, сәні қашып тұрған. Биыл дәл осы А.Арзиев көшесін асфальттау қолға алынды. Ұзындығы 5,3 шақырымдық жолды жөндеу жұмысы шілде айында басталған. Бүгінде жұмыс аяқталу алдында тұр. Бұл жобаға мемлекет қоржынынан 358,4 млн теңге қаражат қарастырылған.
Аталған жұмыс «ЖетісуЖолҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Маметқановтың жетекшілігімен жүзеге асуда. Бұл турасында айтқан аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дамир Исмаилов жобаның басы өткен жылы басталғанын да түсіндірді. Қайнап тұрған асфальтты төсеуге атсалысып жүрген жігіттердің шапшаңдықтары мен ептіліктерін, ми қайнатар ыстықты елемей, өздеріне берілген тапсырмаларын тап-тұйнақтай етіп орындау барысын көзімізбен көріп, орталық көшенің айнадай жарқырағанына риза болыстық. Енді сапасын уақыт көрсетер. Көшенің таза, теп-тегіс болғаны көңілге қуаныш ұялатты.
Былтырдан бастап Шонжыда орталық көшемен қатар ұзындығы 2,4 шақырым Бесарыс, Хантау және Ақжар көшелерінің асфальтары төселіп басталған еді. Осылайша жалпы жоба аясында 2023-2024 жылдары Шонжы ауылының 7,7 шақырым көше жолына орташа жөндеу жұмысы жүргізілді.
Осылайша мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп, ел игіліне жұмсалды. Бұл ретте бізде тақтайдай тегістелген жаңа жолдың сапасы сын көтеріп, халыққа ұзақ жыл қызмет етсе екен деп тіледік.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы