Ауыл мен ауыл арасында немесе қала ішінде қатынаудың бүгінде түк қиындығы жоқ. Себебі, қай жерде болмасын, қолыңды сәл көтерсең болғаны желмен жарысқан жүргізушілер жаныңа жүйткіп жетеді. Иә, жалпы айтқанда, бүгін такси табу, аса ауыр мәселе емес. Қара жолдың бойында қалып қоямын деген қорқыныш сейілген заман бұл. Дегенмен сол саны көп таксидің сапасы қалай? Сапа дегеніміз – олардың қауіпсіздігі, сыпайылығы, тәрбиесі. Әйтпесе, такси жүргізушілерінің салдарынан небір оқиғаның өрбіп жатқаны белгілі. Соған байланысты заңсыз көлік жүргізіп, нәпақасын тауып жүргендерді тәртіпке салу мәселесі де көтерілген болатын. Бірақ нәтиже жоқ.
Әуежайдың маңында әндетіп, вокзалдың жанында сәндетіп жүрген жүргізушілерге деген құзырлы орындардың қауқары нәтижесіз болып келеді. Ұшақтан түсіп, пойыздан келгеніңде бірден сөмкеңе жармасатындарды көріп расымен жабайы ма дейсің. Сенің келісімің керек пе, керексіз бе белгісіз. Біраз жерге дейін сөйлесе жүріп, жүгіңді көтерісіп барады. Сол сияқты базар маңын, дүкен жанын торуылдаған таксистер де нақ бір күзетші секілді. Шаруаңды бітіріп, шыға салысымен, аяғыңды жерге тигізбей алып кетуге ұмтылады. Қаладан қалаға қатынау үшін де табаныңды тигізбей, өзіңнен бұрын сөмкеңді жетектеп кетеді. Бағалары да құбылмалы. Мәселен, Алматы қаласындағы Райымбек даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы таксистердің тұрағында күнде шу. «Талғар, Бәйтерек, Есік, Шелек» – деп алды-артыңды орап айғай салғандардың қатары көп. Тіршілік қайнап тұрған Алматыға ауыл-аймақтан, өзге де қалалардан қонақтың көп келетіні белгілі.
Соны пайдаланып тепсе темір үзетін жігіттер жол торуылдап, жүргізуші болып кеткен. Қиналмай бір орында отырып қаржы табу қай көңілді қанағаттандырмасын?! Таксистер кезекке тұрып, салығын төлеп заңды түрде жұмыстарын жалғастырғаны жөн бе? Болмаса бір бағаға тұрақтап тәртіпті алға қойып, тиімді қызмет көрсеткені дұрыс па? Жалпы, бұл кәсіпке кім жауапты? Кім бақылап, кім жөнге салады? Міне, мені осы мәселелер толғандырды. Халыққа да мұндай қызмет қиынға соғатын шығар деп топшыладым. Сөйттім-дағы көлік жүргізуді кәсіп көзіне айналдырған бір жүргізушімен сұхбаттастым.
«Алматы – Талғар» бағытына жолға шықтым. Демалыс күні болатын. Аспаннан төнген күннің шуағы ауаны құрғатып, тынымды ұрлатып барады. Осындай ыстықта көлік тізгіндегендер аз шығар, тіптен болмай қалмасын деген күдікпен де таксистердің тұрағына жеттім. Сөйтсем өз ойыма өзім қарсы шығуыма тура келді. Оттай қарыған күн сәулесіне қарамастан жол жиегінен жүргізушілердің жиырмасы бірдей күтіп алды. «Талғар, Талғар» деп айқайлап қояды. Бағыты бір болғанмен, бағалары әртүрлі екен. Такси іздеуші аз, оның үстіне ыстықтан шаршады ма, әйтеуір бір ағамыз менің бағама келісті. Иә, мен армандаған шетелдің сымбатты көлігі. Керемет, отыра салысымен ішіне қарап көп сүйсіндім. Ерекше жайлы орындығым мен көліктің ішкі көрінісі еліктіріп барады. Жүрісін айтсаңшы, шіркін! Нағыз тұлпар, желге қарсыласып жүйткіп барады. Бірақ осындай қымбат көлікті тізгіндеуші неге жүргізуші болып жүр? Осы ой санамды жеп барады. Көлік ішінде үнсіздік. Негізінде жолаушы тасымалдаумен айналысатын таксистердің көпшілігі жұмыссыз жандар. Отбасының күнделікті қажеттілігін өтеу үшін арзан-құрзан көлік тізгініне отырып, табыс табуды көздегендер. Ал мына кісіге таңым бар, мынадай керемет көлігі бола тұра такси тізгіндегені несі? Ойымды ішіме жинап, өз-өзімнен тынғанша деп таксиске тосыннан сұрақты қойып жібердім.
– Аға, осы таксидің бағасы неге тұрақты емес? Бірде арзан, ал бірде қымбат. Әлде ауа райына қарайсыздар ма?
- Балам, айтшы маған, арзан не бар қазір? Жанармай да қымбат. Автобөлшектер де қалтаға ауыр. Машинаға құятын майдың өзіне майланып жүріп жетеміз. Бәрің қымбат дейсіңдер. Қымбат болса неменеге бізге отырасыңдар? – деп аға ашуға мінді.
Мен жүргізушіні сабырға шақырдым.
– Ой, аға, сіздің көлігіңіз майға түсірмей, аймен алып жүретін секілді ғой.
Тап-таза, жап-жаңа, өзі қымбат. Мұнымен адам тасуды кәсіп қылып жүргеніңіз не? – дедім.
– Әй, балам, қымбат көлік мініп, неменеңе таксист болып жүрсің дейсің ғой? Осы қымбат көлікті кезінде жақсы бір жұмыс жасап жүргенімде сол қызметіме сеніп, несиеге алған болатынмын. Сосын жұмысымда қысқарту болды. Несие келіп желкеден қысты. Төлемесең кілтіңді алып қояды екен. Содан не керек, біріншіден, осының айлық төлемін табу үшін, екіншіден үйдегілерді бағу үшін таксист болып жүрміз. Нан оңайлықпен келмейді. Жаныңды жеп жүріп үлкен еңбекпен жетеді. Көбісі біздің жұмысымызды оңай деп санайды. Қайдағы оңай, күніне мінезі мың бұралған көп адаммен кездесеміз. Оның бірінің еркелігін көтерсек, екіншісімен ұрсысуға тура келеді. Кейбірі тіпті жетер жеріне жетіп алып, келіскен қаржыны бермей кетеді. Ал кейбірі айғайлап шығады. Жалпы балам, қазір адамның бәрі ашулы, асығыс, сөйлегеніңді жақтырмайды. Табыс аз, содан тарыққан бәрі. Мен сонда да көпшілігінің көңілін табуға тырысамын. Себебі өз жүйкемді тоздырғым келмейді.
– Жаңа жұмысымнан қысқартты дедіңіз. Қазіргі таңдағы табыс көзіңіз осы ғана ма?
– Өкінішке орай солай болып тұр. Тұрақты жұмысым болса, таксист болып нем бар? Таңнан қара кешке көлікте отыру да оңай емес. Тапқанымның жартысы несиесін жапса, жартысы бұзылған құрылғысына кетеді. Амал жоқ сонда да тартып, теріп, бала-шағамды осымен асырап отырған жайым бар.
Көлікке отырған кездегі алғашқы ойымнан айни бастадым. Иә, бұл кәсіп те қиындықпен келетініне көзім жетті. Ағаны алғаш көргенде жылпос, ақша үшін айлаға баратын адамдай көрінген. Сөйтсем соның бәрі осы бір жағдайда жатыр екен ғой. Әдепті де арлы, тәрбиелі кісі екені әңгімесінен-ақ көрініп тұр. Осы мезетті пайдаланып келесі сауалымды қойдым.
– Аға, қазір жалпы таксист болып жүргендердің көбісі мәдениет сақтамайды. Әдеп дегеннен ада. Заңды белшесінен басып, салық төлеуден де жалтарып, қызмет қылуда деген түсінікте көп адам. Сіздіңше бұған не себеп? Бұның бәрі неден шығады?
– Өйтпей қайтсін, балам? Жанармай қалтаны қағады, көпшілігінің көлігі ескі, ескі көлік есіңді кетіреді. Оның жөндеу жұмыстары бар. Осының бәрі адамды шаршатады. Жүйкесін тоздырады. Мұндайда мәдениеттілік те жойылып қалады, – деген ағаның дауысының дірілінен ашуланып отырғанын сезіп, сауалымды тоқтата тұрдым. Отырдым да ойға баттым. Бұл кісілердің әрекеті белгілі-ақ. Сол арқылы бір отбасын асырап-бағып отыр емес пе? Сондықтан мұндай жүргізушілерге бір жағынан түсіністікпен қарау керек сияқты. Біраз үнсіздіктен соң ағамды қайта әңгімеге тарттым.
– Аға, Алматыдағы тұрақтарыңызда қанша көлік бар? Кезекті қалай аласыздар? Ешкім тексермей ме?
– Ол жерде нақты саны белгісіз, біраз көлік бар, кезектесіп жүре береді. Жоқ дегенде күніне 5-6 рейс жасаймыз. Келе салысымен кезекке тіркелеміз. Кезегім келгенше күтуге тура келеді.
Таксист ағаның біраз әңгімесін естіп, Талғарға да жеттім. Бұл – мен сөйлескен бір ғана жүргізуші. Мұндай жағдайда жүрген қаншасы бар әлі?! Қанша жерден таксистерге тосырқап қарасақ та бұл кісілердің көмегі халыққа керек-ақ деп те топшыладым. Елімізде такси қызметі мен оның жүргізушілері үшін қабылданған арнайы ереже бар. Жеке таксистерге қарағанда «Яндекс», «Индрайвер» сынды кәсіби такси жүргізушісіне қойылатын талап та жоғары. Ереже бойынша, кәсіби такси жүргізушілері кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжаттарын түгендеуі қажет. Арнайы такси белгісімен жабдықталып, жүргізуші киімін де киюге міндетті. Көлік салонында жүргізушінің фотосуреті мен аты-жөні жазылған ақпарат туруы тиіс. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін. Иә, бұл жайттар қуантады. Бірақ жаңағы жол жиегінде тұратын жүргізушіге қарағанда олардың қызмет көрсету құны екі-үш есе қымбат. Осы жерін білгенде бұларға жолағың да келмес. Тек қауіпсіздігі дегені болмаса, қызығатын түгі де жоқ. Жалпы деректерге жүгінсек, жол жиегіндегі жүргізушілерге шағымданатындар бақуатты жандар немесе шетелден келген азаматтар екен. Жеке таксистердің кесірінен қомақты қаржысынан айырылғандар да, жолда қалып, көлік бұзылып келеңсіз жағдайға ұшырағандар да осылар. Ал тұрмысы орта тұрғындар үшін кәсіби таксиге қарағанда жеке жүргізушіден тиімдісі болмай тұр. Таяқтың екі ұшы бар. Заңсыз такси қызыметін бірі қажет десе, екіншісі мүлде қарсылық білдіреді. Дегенмен, елге тиімдісін дәл білмеген соң дал боласың. Таксистердің адамға таласып, шу шығарып қала құтын қашырып жатқаны да жағымды жайт емес. Сондықтан жол жиегіндегі таксистерге әдеп қағидасын арттыруды үйретіп, баға тұрақтылығын орнатса да болғаны. Ал, арзан көлік қызметін құртып, сапасы жоғары, судай жаңа көлік мінген қауіпсіз таксистер қызметін көтерсек, көпшілік қалтасының түбі көрінері анық. Осы орайда арнайы шақырумен келетін такси қызметінің құны арзандап, болмаса өзіміздің отандық такси қызметі ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Одан түсер табыс та еліміздің шекарасынан шықпай, ризығымызды еселейтін еді. Қалай десек те, елімізде қауіпсіз таксистерге қол жетпеген соң, көлденең табыс табатын жүргізушілерді құптауға тура келеді.
Құралбек Сәбитов,
Алматы қаласы