Әлем халқының назары Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында. Қазіргі таңда бірқатар елдің қоржыны жүлделі олжаларға толып үлгерді. Біздің елдің әртүрлі спорт сайыстарынан аттанған майталмандары ішінде де қанжыға майлағандар да, бабы келіспей, жарыс жолынан шығып қалғандар да баршылық. Бірақ айтпағымыз ол емес. Біз бүгін «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген тұрғыдан келіп, талайдың «көре салып өле қалуды» арман еткен Парижіндегі аталған әлемдік доданың ашылу салтанатына қатысты кереғар көзқарастар хақында сөз етпекшіміз.
Олимпиаданың ашылу салтанатын әлемде ерінбегеннің барлығы сынаған шығар-ау?! Ойынды ұйымдастыру комитетінің ойластырғанынан көрерменнің көпшілігі естен танғандай күй кешті. Дей тұрғанмен, өткізілген шаралардың барлығын ұнатқандар саны да аз болған жоқ. Бұл өзі, былай қарап тұрсаңыз, таразының екі басында тұрғандай күй кештірді. Позитивті көзқарас тұрғысынан алғанда, Париждегі олимпиадалық ойындар барлық мағынасында да төңкерісшіл рухта болды деуге келеді. Өйткені, осыған дейін әлем халқының көзі де үйреніп, еті де өліп кеткен қалыптан шығарып әкеткен көрініс-қойылымдар болды. Жазғы ойындар тарихында тұңғыш рет барлық шоу көріністері стадионнан тыс жерде ұйымдастырылды. Ал сахнада тек ең бір өткір де даулы тақырыптар бейнеленді. Әртістердің өнер көрсетуі барысында Леонардо да Винчи салған Христостың «Құпия кездесуіне» астарлы сілтемелер жасалуы салдарынан нағыз айғай-шу оты тұтана жаздады. Ашылу салтанатының мұндай сипатта көрініс табуы әлемнің белгілі тұлғаларының саналуан реакциясын туғызғаны да заңды сияқты. Ендеше, дүниежүзінің әр түкпіріндегі адамдардың пікіріне көз жүгіртіп көрелік.
Францияның өз көрермендері ашылу салтанатының өзгешелігіне әрқилы баға берді. Осыған орай елдің Президенті Эмманюэль Макрон мен Қаржы министрі Брюно Ле Мэрдің пікіріне тоқтала кетелік. Мысалы, Макрон әлеуметтік желіде: «Осы бір орасан салтанат үшін Томас Джоллиге және оның шығармашылық данышпандығына рақмет! Осынау елден ерек және ғажайып сәттер үшін әртістерге де рақмет! Полиция мен шұғыл көмек қызметіне, агенттер мен еріктілерге де рақмет! Осыған сенген баршаға рақмет!» – деп жазды. Француз басшысы риза деп түйдік. Ле Мэр болса өзінің әсерін: «Бұл әлемнің ең әдемі еліндегі ең айшықты спорттық жарыстың тарихындағы ең сұлу салтанат болды», – деп бөлісті. Демек, жұмсалған қаржыға да өкініштері жоқ. Өзге де бірқатар елдің белгілі саясатшылары жылы лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, АҚШ сенаторы Митт Ромни: «Ашылу салтанаты әлемдегі ең әдемі қаланың бар сұлулығын ашып көрсетті. Шығармашылықпен, өнертапқыштықпен ұйымдастырылып, есте қаларлықтай етіп өткізілді. Селин Дионның әні жүректі селт еткізді. Ол олимпиадалық рухты өзінің табандылығымен, өрлігімен және теңдессіз талантымен танытты», – деді. Ал Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен өзінің пікірін былай деп білдірді: «Бұл шара жаһандық ынтымақтастықтың, әріптестіктің, әділеттілік пен спорттық табандылықтың даңқын асқақтатты».
Енді бір сәт әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының көзқарастарына кезек берелік. «Le Monde»-де жарияланған мақалада: «Нөсер жаңбырға шомылған астана мен оның Сена өзені Францияның тарихын мойындаған ертегідей спектакль қойылған театрға айналды. Шаралар аралас, инклюзивті түрде өтті және қарама-қайшылықтан қаймықпады», – деп жазылды. Ал Қытайдың «Синьхуа+27» басылымы: «Онда канкан билеуші қыздар да болды, Париж Құдай-ана соборын қалпына келтіруді еске алу көрінісі және, әрине, Француз төңкерісі отшашулармен, хеви-металмен және гильотинамен шайқастан жеңілгендей әсер беретін әншілермен көмкерілді. Салтанаттың кемшілігіне келсек, мұндай арақашықтықта өткізілетін кез келген шара үздіксіздікпен күресуге тиіс болатын. Сондықтан бұл шараның басқалардан басты айырмашылығы – спортшылар шеруінің қойылымдармен астасып кеткендігінде», – деп жариялады.
Осылай мақталған салтанатты шараның жағымсыз пікірлерді де туғызғанын жасырып қалуға болмас. Әрі ондай қиғаш пікір айтушылар қатарында әлемнің өзге мемлекеттерімен қатар Францияның өз саясаткерлері де болды. Мысалы, Француздық Еуропарламенттің аса оңшыл депутаты Марион Марешаль болса: «ОО-2024-тің салтанатын көріп және дрэг-квиннің (әйел киімін киген еркектер) қатыстырылуымен «Құпия кездесуге» пародия жасалғандығымен өздерін масқараланған күйде сезініп отырған әлемнің бүкіл христандары, біліп қойыңдар, мұны Франция емес, солшыл азшылық айтып отыр», – деп салды.
Ал Италия Премьер-Министрінің орынбасары Маттео Сальвини әлеуметтік желіде: «Олимпиада ашылуының дүние жүзіндегі миллиардтаған христианды масқаралаудан басталуы, бұл шынында да, өте нашар бастау болды, қымбатты француздар. Бұл – әдепсіздік», – деп жазды.
Әрі қарай кеттік. Олимпиаданың ашылу салтанатында ел дүрлігердей не істелген екен? Зер салып қарасақ, ойын салтанатындағы шаралар мен қойылым-көріністер негізінен христиан қауымын ашындырыпты. Әрине, жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан келер болсақ, біздің де ішімізге қона қоймайтын тұстарды аңғару қиын емес. Десек те…
Американың Юта штатының губернаторы Спенсер Кокс та әлеуметтік желіде өз ойымен былай бөліскен екен. Ол: «Ашылу төрт сағатқа созылды. Қатты жаңбыр жауып тұрды және мен дұрыс байқасам, біз көп нәрсені аңғармаппыз. Мен сенімім әлдилеп келген қасиетті уақиғаны ашықтан-ашық мазақ ету видеосын көріп отырмын. Ютаның құндылықтарын және біздің отбасы мен қоғам құрудағы ұстанымдарымызды көрсету үшін 2034 жылғы ашылу салтанатын шыдамсыздана күтудемін», – жазыпты.
Ескерте кетейік, Юта осы Олимпиада ойындарын өткізу жарысында Парижге жол беруге мәжбүр болған еді. Ал Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон: «Ойынның ашылуын көріп отырған бүкіл әлемдегі христиандар үшін «Құпия кездесуді» мынадай қорлау күтпеген жағдай және намысқа тиерліктей болды», – деп мәлімдеді. SpaceX-тің басшысы Илон Маск та: «Бұл христиандыққа қатысты құрметсіздік болды. Христиандықтың тісі қағылды», – деп мәлімдеді.
Жеке тұлғалармен қоса ойын салтанатын бұқаралық ақпарат құралдары да сын найзасына ілді. Бәрінен қатты айтқан британдық «Guardian» сияқты. Басылымдағы бір мақалада: «Асқақ амбицияларды қиқы-жиқы түрде жүзеге асыру бәрін тас-талқан етті. Париж өзінің биік талғамымен даңқы шыққан, бірақ мынау бір қоқыс үйіндісіне жинақтай салған алабажақ киім үлгісіне ұқсап қалды», – делінген.
Иә, «Әр кәллада бір қиял» дегендей, ойынның ашылу салтанаты туралы тұтастай алғанда жақсы ұйымдастырылған десе де, кейбір тұстарынан ғана кемшілік көргендер де баршылық. Қысқасы, бірқатар басылым «Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» немесе «Тауларды аласартпай, жазықты асқақтату» деген көзқарасты ұстанып отырғандарын аңғартты. Мұндай ұстанымды көбінесе бұқаралық ақпарат құралдары білдірді. Францияның «Le Figaro» басылымы: «Шоу тамаша өтті, алайда оның кейбір бөліктері тым арандатушылық сипатта болған сияқты, атап айтқанда, Иисус пен оның апостолдарының «Құпия кездесуін» сән үлгілерін көрсету кезінде қайта жаңғырта көрініс қоюы», – деп жазды. Американың «New York Times» газетінің журналистері: «Салтанатты шара көздеген нысанасына дөп тимеді. Өзендегі шеру шараны әлдебір үлкен, әралуан әрі спорттықтан гөрі көңіл көтеру шарасына айналдырып жіберді. Бірақ ол сонымен бірге салтанатты қайдағы бір күнделікті күйкі дүниеге – жай ғана теледидарға арналған кезекті бір айғайлатқан көрініске айналдырып жіберді», – деп жазды. Италияның «La Gazzetta dello Sport» газеті: «Шара теңдессіз, тіпті, төтенше сипатымен ерекшеленді. Керемет шоу немесе ұзақ да қажытатын жұмыс. Бұл енді сіздің көзқарасыңыз бен қабылдауыңызға байланысты», деп жақауратса, Guardian газетінің журналисі Мартина Белама басылым бетінде: «Мен бұл қойылымның теледидар үшін сәтті шыққанына сенімді емеспін, алайда оның Париждің орталығын шын мәнінде жарқырата көрсеткеніне күмәнім жоқ», – деген пікірін жариялады.
Қорыта айтқанда, Париждегі салтанат өзгеше болды. Бірақ ұйымдастырушылар есептен жаңылған сияқты. Расында да шоу керемет болуға тиіс еді, нөсерлеткен жауын бәрін бүлдірді. Бұл салтанаттың стадионда емес, қаланың орталығында өткені көпті тамсантты. Әдеттегі атлеттер шеруінің орнына қайық регатасы ұйымдастырылып, шоудың өзі Париждің бүкіл орталығына жайылған ауқымды спектакльге айналды. Жалпы, ұйымдастырушылар Францияның мәдениетін көрсетер бүкіл шараларды 12 тақырыптық блокқа бөлген екен. Былайынша қарасақ, көрермендер де, спортшылар да нөсерлеткен жаңбыр болмағанда, Париждегі шоу айта қаларлықтай жақсы дәрежеде өткенін алға тартты. Кім білсін?! Қалай болғанда да, француздар ішті де пыстырған жоқ, айта жүрерліктей салтанатты да ұйымдастырды.
Десек те, көптің көкейінде бір күмән қалды. Бұл – Олимпиада ойындарының салтанаты болды ма, әлде біржыныстылардың астарлы насихаты да көрініс тапты ма? Жоқ әлде бұл терістіктегі көршіміздің бүкіләлемдік додаға қатыспай қалуы себебінен арандатушылар таратқан жалған ақпар ма?
Сіз не дейсіз?
Бейбіт Мекеев