Баспасөз туры аясында журналистер Балқаш өңірінде болды. Мұнда инфрақұрылымды жақсарту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, онда су құбырларын қайта жаңғырту және салу, сондай-ақ тұрғын үйлерді газдандыру ісі жүзеге асуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауыл кәсіпкерлері шаруа қожалықтарын дамытуға жеңілдікпен несие алып, кәсіптерін өркендетуде.
Желтораңғы және Ақкөл ауылдарының кейбір тұрғындары су тапшылығын көріп отыр. Қазір бұл елдімекендерге жаңа су құбырларын тарту, заманауи сорғы стансаларын орнату жұмысы қызу жүріп жатыр. Желтораңғы ауылының әкімі Ербол Шөбеев осы жылдың сәуір айында «Асыл-Тау» ЖШС-мен су құбырын қайта жаңғырту және салу бойынша құрылыс жұмысын жүргізуге келісім-шарт жасалғанын атап өтті.
«Жұмыс биыл мамыр айының ортасында басталып, қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 2300 метр су құбыры тартылып, 32 ұңғыма орнатылып, жабдықтау жұмысы жүргізілуде», – деді ол.
Желтораңғы ауылының тұрғыны Асқар Шонбаев құдық суы жарамсыз болып қалғанға дейін су құбырының аса қажет болмағанын алға тартты.
– Ауылдағы 20-ға жуық үй су құбырына қосылмаған. Суды құдықтан алатынбыз, соңғы жылдары су тұзды болып кетті. «Мәселені тез арада шешуге кіріскен жергілікті билікке рахмет», – дейді Асқар Шонбаев.
Ақкөл ауылында «Асыл-Тау» ЖШС-мен келісім бойынша 2024 жылдың 29 сәуірінде су құбырын қайта жаңғырту және салу жұмысы басталды. 4 мың метр су құбыры тартылып, 49 құдық орнатылды.
Су құбыры 92 тұрғын үйге тартылған. Желтораңғы және Ақкөл ауылдарында жаңа құдықтарды тазалау және бұрғылау, сорғылар мен су мұнараларын қою, құбырларды тарту және бейнебақылау камералары орнатылған трансформаторлық стансаларды орнату ісі жүзеге аспақ.
Бақанас, Ақдала, Бақбақты, Бірлік, Миялы және Бояулы ауылдарына газ құбыры тартылып, 582 үйдің көгілдір отын игілігін көруіне мүмкіндік туып отыр. Биыл тағы 1730 үй және бірнеше әлеуметтік нысанды газға қосу жоспарлануда.
Бақанас ауылының тұрғыны, зейнеткер Дәнеқыз Қалдыбекова көгілдір отын келгелі бері тіршілігінің қаншалықты жеңілдегенін айтты.
– Газға қосылудың тиімді шарттары көңілімнен шықты. Газ қостыру ақысын алты айға бөліп төлейсің және текше метріне 39 теңгелік тариф та қымбат емес. Көгілдір отын келгелі өмірім әлдеқайда жеңілдеді, енді шелекпен көмір тасып, таңертең пеш жағудың қажеті жоқ, – деп қуанышымен бөлісті ол.
Бүгінгі таңда Ақжар ауылы мен Бақанас жаңа шағын ауданын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары сараптамадан өтті. Құрылыс құны 1,25 млрд теңгеге бағаланып отыр. Береке, Бура, Үшжарма, Ақкөл, Көкжиде, Аралтөбе, Желтораңғы және Топар ауылдарына құжаттама дайындалуда. Ақдала ауылында газ құбыры дайын, бірақ сот ісі жүріп жатуына байланысты әзірге газ тарту мүмкін болмай отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың әлеуетін арттыруға септігін тигізуде. Өткен жылы Балқаш өңірінде 133 кәсіпкер бұл бағдарламаның игілігін көріп, төмен пайызбен миллиард теңгеге жуық қаражат алған.
«Ауыл аманаты» жобасының қаржылай қолдауын көргендердің бірі – шалғай өңірдегі Аралтөбе ауылының тұрғыны 32 жастағы Артем Терентьев. Ол ара шаруашылығымен айналысуда. Оның айтуынша, бұл әркімнің батылы жете бермейтін іс.
– Алғашында мен 10 ұямен кәсібімді бастадым. Бұл ретте омарташылардан кеңес сұрадым. Кәсібімді ары қарай жүргізу үшін жеңілдетілген несиеге өтініш бердім. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша алынған 6,5 миллион теңгеге аралармен бірге 100 ұя, 1000 бал жақтауын сатып алып, мамыр айында бұл іске бар күш-жігеріммен кірістім. Биыл омартадан 5 тоннаға жуық табиғи таза бал өндірілді. Бұл несиенің артықшылығы – бір жыл бойы алған қарызыңды қайтармайсың және пайыздық мөлшерлемесі төмен. Егер бәрі ойдағыдай болса, биыл шығынымды ақтаймын деген үміттенемін», – дейді Артем Терентьев.
Бағдарламаның игілігін көргендердің тағы бірі – Бақанас ауылының тұрғыны Нұрланбек Сыбанбетов. Ол 12 сауын сиыр сатып алып, май, айран жасап, ауылдастарын экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 6 миллион теңгеге несие алдық. Соның арқасында шаруашылығымды кеңейтіп жатырмын. Қазір сары май, айран, құрт жасап, сатамыз. Сонымен қатар мал санын көбейтіп жатырмыз. Шаруашылығымызды толықтай дамытамыз деген ойдамын. Бұл жобаға ризамын», – деді кәсіпкер.
Аудан әкімі Азат Құтпанбетовтің айтуынша, биыл «Қонаев» ӘКК-не 58 азамат өтініш беріп, оң қорытындысын алды. Бүгінде 88 азамат шамамен 670 миллион теңгенің құжатын дайындауда. Балқаш өңіріндегі «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытқандардың 80 пайыздан астамы мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр.
Алма Есенбай,
Балқаш ауданы