Шұрық тесік пен шұңқырдан қашу шаршатқан, тақтайдай тегіс асфальт жолдар аңсатқан Райымбек пен Кеген аудандарының арасындағы күре жолдың жырына ақыры нүкте қойылатын болды. Мамыр айында Нарынқолдың кіре берісінен басталған республикалық маңызы бар жолдағы орташа жөндеу жұмысының күннен-күнге қарқын алуы осыны аңғартады.
Ауылы аралас, қойы қоралас ағайынды аудан тұрғындарының арманына айналған күре жолдың мүшкіл хәлі жоғары орындардың да назарында болғанымен, неше жылдан бері созбаққа салынып, оңтайлы шешімін таппай келгені белгілі. Міне, көптің көңілін күпті етіп, алынбас қамалдай көрінген бұл мәселе де шешімін тауып, таулы өңірдің ел-жұрты жол азабынан құтылатын болды. Мақсатты іске мемлекет тарапынан миллиардтаған қаражат бөлініп, оны барынша игерудің жоба-жоспары жасалынды. Ендігі мәселе – бөлінген соманы төкпей-шашпай игілікті істің қажетіне жарату. Бұған жол жөндеушілер ғана емес, болашақта сол жолдың игілігін көретін аудан тұрғындары да мүдделі. Атқарылған әрбір іске баса назар аударуы, кеткен кемшілік болса, шұғыл түрде ескертіп, талапшылдық танытуы құптарлық. Соның нәтижесінде жұмыстың өн бойында сілкініс көп, іркіліс жоқ. Жол үстіндегі толассыз қимыл, биылға белгіленген мөлшердің жартысына жуығының күреліп, түзелуі, жабындымен көмкеріліп, тақтайдай тегіс қалыпқа енуі ары-бері өткен жолаушының көзайымына айналып, сенімдерін сергіте түскен жайы бар. Күре жолдың орташа жөндеу жұмысын жауапкершілігіне алған «АБЗ-карьер ДРСУ» аталатын мекеменің жұмысшылары мен мамандарының өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруға барынша құлшыныс танытуы – бітер істің басына, жақсы келер қасына, дегендей әсер қалыптастырып отырғаны анық.
– Орташа жөндеу жұмысын үш кезеңге белгілеп отырмыз. Биыл Текес пен Нарынқолдың арасындағы 15 шақырымдық жолды толығымен аяқтап, күзге салым пайдалануға бермекпіз. Келесі жылы Текес пен Қайнардың арасындағы, арғы жылы Қайнар мен Сарыжаздың арасындағы күре жолдарға орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Одан әрі Кеген ауданында жалғасатын болады. Жұмыс америкалық тәсілмен жүргізілуде. Уақыт пен таулы өңірдің қолайлы ауа райын тиімді пайдалану – жөндеу жұмысына оңды нәтиже беретіні анық, – дейді учаске бастығы Ермек Абуханов.
Оның айтуынша, жөндеу жұмысына осы өңірдің құм-тасы мен топырағы пайдаланылуда. Ал асфальт 300-400 шақырым қашықтықтағы зауыттан тасымалданып жатыр. Тағы бір айрықша айтатын нәрсе, күре жолдың кейбір бөліктері жазылмайтын жара сияқты үнемі ойлы-шұңқырлы болып жататын еді. Жол жөндеушілер мұның да амалын тапқан. Жаңағы асты сор болып жататын жерлерді бір-бір жарым метрге дейінгі тереңдікте қазып, қой тастар мен құмды араластыра толтыруы, үстін шағылмен бастырып, ауыр техникамен таптап, жымдай жасауы жолдың сапасына өзіндік игі ықпалын тигізетіні анық. Қазір биылға белгіленген жоспарлы жолдың 15 шақырымының беткі қабаты толығымен күреліп, түзетілді. 7 шақырымына асфальт төселді. Ені 8-8,5 метр болатын жолға төселініп жатқан асфальттің қалыңдығы да оңай емес. Екі қабаттап төселінген жабындының алғашқысы –5, кейінгісі – 6, барлығы 11 сантиметрді құрайды. Осыған қарағанда күре жолдың алдағы ғұмыры ондаған жылдарға жалғасады деген сенім бар. Асфальттің жиегін топырақпен көмкеру жұмысы да бір мезгілде қатар атқарылуда. Қазір жол жөндеу жұмыстарымен 22 адам тұрақты айналысып жатыр. Сол сияқты жол құрылысына арналған түрлі маркадағы 20-ға жуық ауыр-жеңіл техникалар да жеткілікті. Бәрі де толық қуатында. Якуб Тұрлығұлов, Марис Ашенов, Темірлан Тұрғанұлы, Дәурен Сандыбаев, Данияр Бейсенбайұлы, Сырымбет Шегебаев сынды іскер жандар белгіленген уақыттың әр күнін сәтімен бастап, еселі еңбекке ұластыруда. Бір сөзбен айтқанда, күре жолдың орташа жөндеу жұмысында сілкініс көп те, іркіліс жоқ. Олай болса, іске сәт!
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы