«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген нақыл сөздің мағынасы тым тереңде жатыр. Қай ғасыр, қай қоғамда болмасын, адамның білімсіз күні жоқ. Білім, ғылым арқылы ғана қоғам өркендеп, дамиды. Қазіргі ХХІ ғасырда ғылым мен технологияның қарыштағанына көз жеткізіп отырмыз. Бір кезде бізге ертегідей болған дүниелерді көзбен көріп, өмірде пайдаланудамыз.
Білім кеңістігіне құлаш ұратын орта мектеп екені белгілі. Осынау алтын ұя білім шаңырағынан қаншама түлек қанаттанып, үлкен өмірге қадам басады. Мен де тура 65 жыл бұрын Кеген ауданы Ақтасты ауылындағы бастауыш мектептің 1-сыныбы табалдырығын аттаған екенмін.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға! – деп ұлы ақын Мұқағали жырлағандай, артыңа бұрылып қарасаң, өткен өмір жолдары көз алдыңа тізбектеліп, келе қалары сөзсіз.
Өзі оқыған білім шаңырағының тарихын білу әрбір шәкіртке парыз десек болады. Мен де қасиетті мектебімнің тарихына тоқталып өтпекшімін.
1995 жылы шыққан «Кеген ауданының өлке тарихы» деген кітапта (құрастырғандар: А.Бұқабаев, Ұ.Малдыбалаева) аудан тарихы әр сала бойынша нақты деректермен қамтылған. Кітаптың 68-бетіндегі «Білім ордалары» деген бөлімінде: «Бұл өңірдегі ең алғашқы білім ордасы – Жалаңаш орта мектебі. Оның өзіндік тарихы бар. Алғашқыда екіжылдық қазақ-орыс мектебі деп аталып, Жалаңаш станциясының атаманы Александров тұрған үйге орналасты. Жалаңаш аймағынан алпыстан астам бала жиналды. Оқу тұңғыш рет 1919 жылдың күзінде басталып, Бектұрсын Жүнісов пен Нұрбек Серікбаев ұстаздық етті», – деп тайға таңба басқандай жазылған.
Мектеп ашылғанымен халық бір жерге шоғырлана қойған жоқ. Бұл таулы өңір болғандықтан күнкөріс қамымен көшіп-қонып жүрген ата-бабаларымыз әр шалғайға қоныстанды. Соның дәлелі ретінде тарихи құжаттарға тіл бітірсек, кеше ғана орталық мұрағаттан табылған деректер Аламан баба ұрпақтарының өткенін жіпке тізгендей көрсетіп отыр. 1912 жылы С-Петербургтен шыққан П.П.Румянцевтың «Жетісу өңіріндегі тұрғындардың шаруашылығы мен жер пайдалануы» деген еңбегінде Аламанның әр атасынан бір ақсақал бастаған 145 топтың жан басы, қанша малы шабындық және жайылым жері мен қоныстары болғаны көрсетілген. Үлкен Арасаннан Көміршіге дейінгі тау етегіндегі әр атаның қоныстары аты-жөнімен, 3121 жан бар екені анық жазылған. Осы аталған аталардың қолында 15000 мың қой, 3000 жылқы, 2000 ешкі, 2300 сиыр, 30 түйе болған. Осынау тарихи деректерге қосымша мектеп ашылғанға дейін де аталарымыз балаларды ауыл молдасынан оқытып, шамалы болса да білім алғанын білеміз. Кейбір азаматтар алған білімін ары қарай дамытып, сауатты тұлға ретінде қалыптасып, еліне қызмет еткені белгілі. Кеңес өкіметі орнай салысымен молда және бай адамдар елдің жауы саналып, жазықсыз жандарға өрескел жала жабылып, ату мен айдауға кеткені де ақиқат. Осылайша біздің терең тарихымыздың тамырына балта шабылды. Ол жандардың ешқандай зияны болмаса да, солақай кеңестік саясаттың құрбаныны айналды.
Мектептің өткен тарихына көз жіберетін болсақ, 1988 жылы Кеген ауданының құрылғанына 60 жыл толу қарсаңында аудандық «Коммунизм нұры» газетінің №10-15 санында «Ауданның құрметті азаматы», көп жыл шаруашылықтарда басшы болған қадірменді қария Қанәділ Әбдікерімовтің «Қилы-қиылы кезеңдер» деген естелік жазбалары жарияланды. Ол алғаш құрылған Кеген ауданында өзінің істеген қызметінен бастап көрген-білгенін, түйген ойларын жазған. Сол жылдары қызмет істеген азаматтардың аты-жөнін келтіріп, нақты тарихи деректерді алға тартқан. Ол кісі қазіргі Ақтасты – Қурайлы өңірінің тумасы. Осы өңірде кезінде көп жыл болыс болған тарихи тұлға Дәркембай Еспенбетұлының туған немересі. Аталары би, болыс болғандықтан 1937 жылдары Сібір жеріне айдалған. Осындай жазықсыз жалаға ұшыраған жандар біздің өңірде көп болды. Оларды еске алып отыру – парыз.
Қанәділ Әбдікерімов мектеп тарихына қатысты былай деп жазған: «Біздің ауылда мектеп шын мәнінде 1924 жылдан бастап ашылды, соған орай мен он жасымнан оқыдым. Қурайлы мектебін алғаш ашып, бізді оқытқан ұстаздар – Әбдісүлеймен Хасенов, Жүнісбай Дәлібаев еді. Мен бұл мектептің үшінші класын 1927 жылдың көктемінде бітірдім. Соның өзінде мені жұрт білімді қызметкер бала санайтын еді. Жақсы оқып, әр нәрсені білгеніме, әсіресе әкем разы еді».
Бұл кісінің естелігіне қосымша «Әкеден қалған жарқын із» атты Ә.Әбдіразақұлы мен Н.Төлепбергенұлының кітабының 6- бетінде: «Мен бала кезімде әкемнің айтқан әңгімесін құлақ түре жиі тыңдаушы едім. Әкем 1924 жылы Қурайлыдағы алғаш ашылған бастауыш мектептің ұстазы Әбдісүлеймен Хасеновтен сауат ашып, білім алғанын айтып отырушы еді», – деген жолдар бар. Бұл естеліктің иесі Нарынқол өңірінде ұзақ жыл бойы ағарту, партия, кеңес қызметінде болып, кейін аудандағы іргелі шаруашылықтар – Калинин және Абай атындағы кеңшарларды басқарған, кеңестік кезеңінің жоғарғы марапаты «Ленин» орденінің иегері болған қадірменді қария Әбдіразақ Смағұлов еді.
Менің әкем Қашылан ұстаның айтуынша, 1922-1924 жылдары Қурайлыдағы ел мойынсерікке бірігіп, оны басқарған Досбай Бақаев деген азамат осы жерге елді жиып, соқпатам үйлер салдыра бастаған. Балаларды оқыту мақсатында мектепке лайықтап, там үй тұрғызған. Екі ауызды қоржын тамның бір бөлмесінде жаңа келген мұғалім Әдбісүлеймен Хасенов, екінші бөлмесінде біздің отбасымыз тұрды. Аталған мұғалім Айт – Таңатар руынан, менің әкеме жезде болып келеді. Әдбісүлеймен Хасенов – Кеген ауданында алғашқы білім берген ұстаздардың бірі. Ұзақ жылғы еңбегі үшін «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған. Кегендегі тарихи-өлкетану мұражайында ол кісі жайлы деректер сақтаулы. Сондай-ақ бұл мектепте кезінде Кеген аудандық білім саласында қызмет істеген, ел білетін ардагер-ұстаздар Тәжібай Манабаев, Тақабай Шортанов еңбек еткен.
Жоғарыда келтірілген үш дерек те білім ошағының осыдан жүз жыл бұрын 1924 жылы Қурайлы ауылында ашылғанын растайды. Ол 1958 жылға дейін бастауыш мектеп болған. Сол жылдары Қурайлыдағы ауыл толығымен Ақтасты өңіріне көшіріліп, жаңа тұрғын үйлер бой көтереді. Жаңа ауылда төрт бөлмелі мектеп үйі салынады. Ол «Қызылту бастауыш мектебі» деп аталады. Бұл 1959 жыл еді. Алғашқы мектеп меңгерушісі Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ұстазы Мырқасымбай Сағынышов болды. Мектепте бізді 1-сыныпта Рабат Қалжатбаев оқытты. Сонымен қатар Болатбек Мұқашев, Күләй Саудырматаева деген ұстаздар еңбек етті.
1963 жылы Леміс Әбдікерімов мектеп меңгерушісі болды. 1967 жылы бала санының көбеюіне байланысты ыңғайластырылған екі үй салынып, мектеп сегізжылдыққа айналды. Директоры болып Оразбек Мұқашев тағайындалды. Одан кейінгі жылдары Бәзіл Әлімқожаев, Төленбай Мұстапаев, Исаәділ Әбдіғұлов, Әбдісейіт Жансеркеев, Жұмажан Мамырбаев, Жеңіс Әлімов, Нұр Малбеков, Талғат Қамбарбеков, Мұратбек Дәуітбаев, Нұргүл Абықанова директорлық қызмет атқарды.
Мен 1987-1997 жылдары аралығында осы мектепті басқардым. 1992 жылы халықтың тілегін жоғары жаққа жеткізудің арқасында орта мектепке айналды. Кейінгі жылдары екі қабатты жаңа ғимарат салынып, мектепте оқушылардың білім алуына жан-жақты жағдай жасалды.
Бүгінде ғасыр жасап отырған қасиетті шаңырақтан көптеген елге танымал азаматтар шықты. Атап айтар болсақ, ғылым жолын қуған Мұрат Қойшыбаев – ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Бақытгүл Қиясова – тарих ғылымдарының кандидаты атанды. Көп жыл шаруашылық басқарған Амантай Нұрғожаев, Өкен Тілеубаев, Құрманжан Нұрпейісов, Төлқожа Мұқановтардың ауылдың өркендеуіне сіңірген еңбегі зор. Әскери және ішкі істер саласында полковник дәрежесінде қызмет еткен – Ердос Әбдірахманов, Е.Сартолов, М.Мұқанов, қазір түрлі салада қызмет етіп жүрген А.Әбдірахманов, Б.Қиясов, А.Ұзақбеков, Ұ.Малбеков сынды азаматтарды мақтаныш етеміз.
«Мектептің жүрегі – ұстаз» демекші, К.Алиасқаров, Г.Рысбаева, Қ.Айпова, Ы.Әбдірахманов, О.Тұяқбаев, М.Сартолов, Р.Әбдірахманов, Т.Бәйділов, Ж.Тұрғынова, Ә.Шәршеева, Ә.Әбдірахынова, Г.Елшібекова, Г.Сабырбекова, Ә.Байсемізова, М.Тәшиева сынды ұлағатты ұстаздардың есімін әрдайым ілтипатпен атаймыз.
Киелі білім шаңырағы жаңа ғасырмен қанаттаса отырып, әлі талай тамаша шәкірттерді тәрбиелеп шығары сөзсіз. Қасиет қонған алтынұя мектептің бір ғасырлық биікке шығуы мұнда әр жылдары білім алған шәкірттері мен ұстаздар қауымы, ауыл тұрғындары үшін биік мәртебе.
Нұр Малбеков,
ҚР Білім озаты, ардагер-ұстаз