130-дан аса ұлт пен ұлыс өкіліне пана болған Қазақ жері бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы ретінде бүкіл әлемге белгілі. Қазіргі дүниежүзіндегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы, халықаралық саясатта қауіпсіздік мәселелерінің жиі бой көтеруі еліміздегі осынау татулыққа, ішкі саясатқа кері әсерін тигізбеуі керек. Ол үшін қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы мен этносаралық қатынасты нығайту маңызды. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданында «Қоғамдық келісім – этносаралық татулық негізі» атты облыстық кездесу өтті.
Бұл кездесудің елімізде халық ең тығыз орналасқан, 300 мыңнан астам тұрғыны бар үлкен ауданда өтуі де жайдан-жай емес. Патша үкіметіндегі түрлі реформалар, сталиндік қуғын-сүргін мен отарлау саясаты негізінде шұрайлы Жетісу жері – Алматы облысына қоныстанған өзге ұлт өкілдері мен этникалық топтар аз болмады. Аштық пен қуғын-сүргін қасіретін көрсе де, кеңпейіл халқымыз қолындағы нанын бөліп беріп, ешкімді өзектен теппей, өзімен қатар қойды. Тағдыр тәлкегіне түскендерден бар көмегін аямай, олардың жүрегіне ертеңгі күнге деген үміт отын ұялатты. Осылайша қиындықпен бірге күресіп, бір қолдың саласы, бір үйдің баласындай өскен халық бүгінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісіп, ауылы аралас, қойы қоралас бейбіт күн кешуде.
Мұндай көрініс Еңбекшіқазақ ауданына да таңсық емес. Бүгінде мұнда 54 ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тіршілік етуде. Осы бір қаймағы бұзылмаған бірлікті бірқалыпты ұстап тұру, ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтағы қарым-қатынасқа сызат түсірмеу, әрине, екіжақты еңбекті талап етеді. Осы мақсатта Еңбекшіқазақ ауданында 9 этномәдени орталық жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек әр ауылдағы ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі, жастар орталықтары, қоғамдық ұйымдар бұл мәселеде маңызды мәнге ие. Этносаралық татулықты нығайтып, бірлік пен ынтымақтың жарасым табуы үшін аталған кеңестер мен орталықтар халықпен тығыз жұмыс істеп, үнемі түрлі сипаттағы кездесу-жиындар, мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіп тұрады.
«Қоғамдық келісім – этносаралық татулық негізі» атты кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының, Қоғамдық келісім және даму орталығының, аудандық ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер басқармасының, прокуратура мен мекеме басшылары, Есік қаласы мен ауылдық округ әкімдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, ақсақалдар және аналар кеңесінің өкілдері қатысты.
Кездесуді Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділов ашып, алғашқы сөзді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитовке берді. Ерік Әзілжанұлы облыстағы, оның ішінде Еңбекшіқазақ ауданындағы қоғамдық-саяси ахуал, халықтың ұлттық құрамы, этностар арасындағы өзара қарым-қатынас, жалпы, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауда этносаралық бірлікті нығайтудың, толеранттылық қағидаларының қаншалық маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар қазақ халқының тарихында үлкен мәнге ие болған билер сотының бүгінгі бір нұсқасы, екі жақты өзара татуластыру механизмі – медиацияның пәрмені жайында да сөз қозғады. Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты бағыттарының бірі – медиацияны дамыту екенін баршамыз білеміз. Осы орайда бұл келісім тетігі туындаған кез келген мәселені ортаға салып, ақылмен шешім қабылдауға, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін ерекше құрал екенін айтты. Сондай-ақ аудандық этномәдени бірлестіктер мен орталықтардың жыл бойы атқарған жұмысын жіпке тізген басқарма басшысы олардың ел мен жердің дамуына, мемлекеттік саясатты жүргізуге қосып отырған үлесі үшін алғысын білдіріп, жұмыстарына баға берді: «Қорыта келгенде, ауданда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының жұмысы өз деңгейінде жүргізілуде. Жоғарыда айтып өткендей, аудан аумағындағы этносаралық қатынастарды тұрақты ұстау және шиеленістерді болдырмау бойынша жұмыстар әрі қарай да атқарыла бермек. Алдағы уақытта да аудан тұрғындары мен жастарымызға бағыт-бағдар беретін қоғамдық пікір көшбасшыларымен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үнемі күн тәртібінен түспейді», – деді.
Келесі сөз кезегін алған «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығының» төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Абдулхалил Долкунтай: «Еліміздегі этностар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Қазақстанның көркейіп дамуы жолында біріге еңбек етуіміз керек. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген жақсы мақал бар. Ынтымағымыз жарасып, елімізде береке-бірліктің, тыныш өмірдің болуы біздің әрқайсымызға тікелей байланысты. «Сондықтан Үкімет маған не береді?» деп күтіп отырмай, «Мен Қазақстанға не бере аламын?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Қазақстанда қандай ұлт болмасын, мәдениетін, әдебиетін, тілін, дінін, салт-дәстүрін дамытуға бар жағдай жасалған. Мысалы, ұйғыр тілінде жарияланатын газетіміз бар, театрымыз, мектебіміз бар. Балаларымыз ана тілінде білім алып жатыр. Яғни Үкімет баршамызға бар жағдайды жасап берді. Ата Заңымызда бәріміздің құқымыз тең. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Мұның қадірін білуіміз керек», – деді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Еңбекшіқазақ ауданында барлығы 9 этномәдени орталық жұмыс істейді. Оның төртеуі – облыстық, ал бесеуі – аудандық. Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарда-ақ ауданымызда бірнеше этномәдени орталық өз жұмысын бастаған-ды. Олардың ішінде ұйғыр этномәдени орталығы да бар. Еңбекшіқазақ ауданында халық саны жағынан ұйғырлар қазақ ұлтынан кейін екінші орында тұр. Жергілікті жердегі ұйғырлардың басын қосып, бүгінде «Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ ауданындағы өкілі болып Есік қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тренері Ялкунжан Садыков деген азамат отыр. Сонымен қатар аталған қоғамдық бірлестіктің Алматы облысындағы филиалы да ауданымызда орналасқан. Оны Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Аркенжан Джумаев басқарады.
Облыстық этномәдени орталықтың екіншісі – Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы. Мұның төрағасы – кәсіпкер Аслан Аласханов. Сондай-ақ Карахон Солихон басқаратын Алматы облыстық «Сафар» тәжік этномәдени орталығы мен Абубекир Чикаев төрағалық ететін Алматы облысының «Ахыска» түрік этномәдени орталығы да Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан.
1992 жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан аудандық «Славян этномәдени орталығы» кезінде Түрген ауылындағы Ломоносов атындағы орта мектептің мұғалімі Галина Сидельникованың бастамасымен ашылған. Орталықта орыс, украиндар біріккен. Төрағасы – Ирина Таркова. Бұдан бөлек, ауданда Савелий Карасавиди басқаратын «Эноси гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Надо Надыров төрағалық ететін аудандық «Барбанг» күрд этномәдени орталығы мен Бинали Мамоев жетекшілік жасайтын аудандық Түрік этномәдени орталығы аудандағы бірлік пен ынтымақтың жарасып, қоғамдық бірлестіктің, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құруына күш салып, еңбек етуде. Кездесу барысында этномәдени орталықтардың төрағалары баяндама жасап, атқарып отырған жұмыстарына аз-кем тоқталды. Сонымен қатар облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева сөз алып, елдегі тұрақтылықты сақтаудағы қоғамдық ұйымдардың өзіндік орнын тілге тиек етті. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданы прокурорының міндетін атқарушы Асхат Тукенов баяндама жасады. Биыл бір ұлт өкілінің екінші ұлт өкіліне қарсы жасаған қылмыстық іс саны ауданда 41-ге жеткенін айтқан прокурор қылмыстық немесе тұрмыстың сипаттағы кез келген оқиға арандатушы адамдардың кесірінен ұлтаралық жанжалға ұласып кетуі, әрі оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің бірнеше бабына тоқталып, этномәдени орталық өкілдерін осы тұрғыда ақпараттық-насихаттық жұмыстарды кеңірек жүргізуге, ал жиналған жұртты ауызбіршілікке шақырды.
Иә, «Отаны бірдің – тілегі бір. Тілегі бірдің – жүрегі бір» демекші, бір шаңырақ астында тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүруге не жетсін?! «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтін ата-бабамыз береке-бірлікті қашанда бәрінен жоғары қойған.
Құралай Мұратқзы