Қарасай ауданы әкімдігінің жиынжайында көптен күткен қуанышты оқиға болып өтті. Бұл күні әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін 20 отбасы өз шаңырақтарына ие болған еді. Жаңа пәтерлердің кілтін қуаныш иелеріне аудан әкімі Жасұлан Естенов табыс етті.
Жаңа да жайлы пәтерге ие болған отбасыларын құттықтаған Жасұлан Тоққожаұлы оларға денсаулық пен сәттілік тілеп, қоныстарының қуаныш ордасына айналуына тілектестігін жеткізген.
Пәтер алушылардың атынан сөз алған зейнеткер Жазықбала Асқанбаева аудан басшыларына ақжарма алғысын ақтарды.
– Бүгін жаңа пәтердің иесі атанып отырған барша жұртшылықты қуаныштарымен құттықтаймын! – деді ол өз сөзінде. – Менің отбасым бұл қуанышты 12 жыл тосты. Енді міне, көптен күткен сол арманымыз орындалып отыр. Біз сияқты азаматтарды қолдап, көмек қолын ұсынған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқавқа, әрине, облыс және аудан басшыларына айтар алғысымыз шексіз. Еліміз алдағы уақытта да осылайша өркендей берсін!
Жаңадан салынып, пайдалануға берілген үй Қаскелең қаласының Қарлығаш ықшам ауданында орналасқан. Ал, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған пәтерлер мемлекеттік бағдарлама аясында республикалық және жергілікті бюджет қаржысына сатып алынып отыр. Бұл пәтерлер жекеменшікке алу құқығынсыз, жалға беру бағдарламасы бойынша алынған. Бұл жолы жаңа баспаналар бірінші және екінші дәрежелі мүгедектерге, толық емес отбасылары мен зейнеткерлерге белілгенін айта кету керек.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы