Дүниежүзіндегі әр халықты алып қарасақ, әрқайсысының өзіндік табиғаты мен болмысына сай ойындары болған. Қазақ халқында да ұлттық ойын түрлері көп. Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы, ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин, ғалым Шоқан Уәлихановтар ұлттық ойындардың тәрбиелік мәнінің жоғары екенін айтып кеткен.
Сондай ойындардың бірі – асық ату. Бұл – мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Ерте кезде қазақ балалары мен жастары бас қосқанда асық ойыны ойнатылатын. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелеген.
Қазіргі кезде асық ойыны мектеп бағдарламасына енгізілген, сонымен қатар Ұлттық мектеп лигасы ойындарының қатарынан орын алған. Асық ойыны балалардың бойында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастырып, ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулиды.
Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінде дене шынықтыру сабақтары жақсы жолға қойылған. Оқушыларымыз әр түрлі деңгейдегі спорт жарыстарында аудандық, облыстық кезеңдерде жүлделі орындар алып жүр. Мектеп оқушылары Нұрқанат Құлмаханов, Нұрбек Мұратбаев, Бағлан Баймұратов 5-6-сыныптар арасында өткізілген Ұлттық мектеп лигасында «Асық ату», «Бес табан» ойыны бойынша ауданда топ жарған еді. Олар облыстық кезеңде І орын алып, республикалық жарысқа жолдама алды. Жуырда Семей қаласында өткен Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде тағы да жеңіс тұғырынан көрініп, І орынды еншіледі. Әрине, бұл – олардың тынымсыз дайындығы мен жаттығуының арқасында қол жеткізген жетістік. Сонымен қатар жаттықтырушылары, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Марат Медетбаев пен Ерболат Аманның еңбектерін атап өткен жөн. Мектебіміздің жас спортшылары әлі талай биіктен көрінеді деп сенеміз.
Асылбек ӘмІрбаев,
Шамалған бекетіндегі жаңа қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қарасай ауданы